«Мен Тұрар апайды сатып кеткен жоқпын». Баян Ахатай қоғамдық бірлестікке қатысты дауды түсіндірді
Бұл жағдайдан кейін де Тұрар апайға құрметім кеміген жоқ, ол кісі қоғамды ізгілендіруде үлкен еңбек атқарып жүр дейді
Кеше белгілі қоғам белсендісі, ұлт жанашыры ретінде танылған Тұрар Саттарқызы Шәкеннің Facebook-тегі парақшасына жарияланған посты желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Жазбада ҚХА республикалық Аналар кеңесінің, сондай-ақ AMANAT партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Баян Ахатайдың атына «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігі басшылығын Тұрар ханымның келісімінсіз, сырқатын пайдалану арқылы иеленді деген айыптау бар. Әлеуметтік желіде Баян Ахатай тарапынан жауап болмаған соң, желі қолданушылардың көкейіндегі сұрақтардың жауабын оның өзінен сұрап көрдік...
– Баян ханым, өзіңізге мәлім болар, кеше Тұрар Саттарқызы әлеуметтік желіге Сізге қатысты айыптау постын жариялады. Ал неге оған Сіздің тарапыңыздан еш жауап болмады?
– Мен өзара шешуге болатын мәселелерді әлеуметтік желіде талқылауды жөн деп ойламаймын. Посттың астына жазған пікірлерді оқыдым. Пікір жазушылардың көбін мен танымаймын. Әлеуметтік желідегі достығымда болған 1-2 таныс адам бар екен. Егер Сіздер сұқбатқа шақырмағанда, мүлде тіс жармас едім. Айтарым жоқ болғандықтан емес, әлеуметтік желіде салғыласып отыруды жөн көрмегендіктен. Мені танитындар кім екенімді біледі, танымайтындардың біржақты пікірі мені ойландырмайды. Өйткені мен өзімнің кім екенімді білемін.
– Көпшілік бұрын Сіздердің бірге жұмыс істеп жүргендеріңізді әлеуметтік желіден көріп, оқып отыратын. Ал сол «Қарашаңырақ» ҚБ мен оның жұмысына қазір өзіңіз қысқаша тоқталып өтіңізші.
– AMANAT партиясының қоғамда болып жатқан жайларға, өзінің мүшелерінің соңынан ерген жақсылы-жаманды сөздерге зерделеу жүргізуі қуантатынын айта кетуім керек. Бұл партия жұмысының сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенемін. Мен Тұрар Саттарқызын 2019 жылдан бері танимын. Бастапқыда тек Facebook-те достықта болып, кейін посттарын оқи келе мақсат-мүддеміздің ортақтығына көзім жетіп, ол кісіге өзім хабарластым. Кейін кездесіп, ҚБ құру туралы келістік. ҚБ құрылған соң мен 10 құрылтайшының бірі, Тұрар Саттарқызы бірауыздан басшысы болып, хаттамамен бекітілді. Қоғамдық жұмыс дегенді жүргізу оңай емес, қаржысы жоқ, қалтаңды қағып жүріп, жалаң энтузиазммен адамдарды өз мақсатыңа сендіріп, жұмылдыра жұмыс істеу керек. Айта кетсек, ҚБ құрылған соң бір-екі айда бастапқыда белсенді болған мүшелері бәсеңдеп, аяғында мүлде төбе көрсетуді қойған кездер болды. Сонда мен Тұрар Саттарқызының қасынан табыла білдім деп ойлаймын. Өзі постында көрсеткен «Жас отау» жобасының жылға жуық жүруінің басы-қасында болдым, «Сырлы Сарыарқа» жобасының қонағы болып, сұхбат бердім, «Ертегілер елінде» жобасы бойынша менің балабақшамда шаралар өтті. Мен Тұрар Саттарқызының идеясына сенген және әлі де сенетін қолдаушысымын.
Кейін пандемия басталды, жұмыс баяулады. Оның үстіне Тұрар Саттарқызы сырқаттанып қалды. Осы тұста айналамда өзім қамқорлық танытып жүрген бір-екі жасөспірімнің дәріхана есірткісі дегенге тәуелді болып қалғанын біліп, жеке тұлға ретінде өз балаларыммен құпия сатып алулар жасап, ІІМ өкілдерін, телеарна журналисттерін тартып, қатаң рецептуралы препараттарды заңсыз сататын дәріханаларды әшекерелеп, әлеуметтік желіге сала бастадым. Менімен байланысып, бірге жұмыс істеуге шақырған Нұр-Сұлтан қалалық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері бірлескен тиімді жұмыс үшін заңды тұлға ретінде тіркелуімді, яғни қоғамдық бірлестік ашуымды ұсынды. Мен жұмысы тоқтап тұрған ҚБ құрылтайшысы бола тұра, тағы бір ҚБ ашуды құп көрмей, Тұрар Саттарқызына бірлестік жұмысын жандандыру және есірткімен күресті заңды тұлға ретінде жалғастыру үшін бірлестік басшылығын өзі сауығып кеткенше уақытша маған өткізуін сұрадым. Ол кісі келісті. Барлығы өзінің келісімімен болды.
Айта кету керек, бірлестік республикалық статусын сақтап қалуы үшін кемі 9 өңірден филиалдар ашуы тиіс екен. Тіркелгеніне жылдан аса уақыт өтсе де мен басшылығын қабылдаған кезде бірде-бір филиал болған жоқ. Басшылығын алғаннан бастап филиалдар ашу жұмысына кірістік. Одан бөлек, Жарғысын жаңалау, банк алдындағы берешектерін жабу, құзырлы органдарға берілуі тиіс есептер сынды жұмыстары Тұрар Саттарқызының сырқаттануына байланысты қордаланып қалыпты. Заңгердің қызмет ақысы, өзге де шығындарды жабуға кеткен қаржыны бірлестік мүшелері есебінен жасадық. Тұрар Саттарқызы да ол кезде өз үлесін қосып отырды. Одан бөлек, басшылық маған өткен соң бірлестік мүшелері мен филиал басшылары «ресми ашылуын киелі Түркістан жерінде өткіземіз» деп шештік. Бұл сапарға да Тұрар Саттарқызы бірлестік негізін қалаушысы ретінде бізбен бірге барды. Одан кейін де менің балабақшамда, кітапханада бір-екі шара өткізуге қатысты. Кейін сырқаты дендеп, қоғамдық жұмыстардан уақытша қол үзді. Десе де мен үнемі ол кісімен байланысып, материалдық және моральдық қолдау көрсетуге ұйытқы болып жүруге тырыстым. Сол кезде менің айналамдағы азаматтарға – бірлестік құрылтайшыларына, тіл жанашырларына, өзге де адамдарға алғыс білдіремін. Өзім Тұрар Саттарқызына қолдау үшін қаржы жинаған кезде бірде-біреуі бетімді қайтарған жоқ. Барлығы қолдау білдірді. Сол көптің тілеуімен ол кісі де қазір айығып, аяғына тұрып, қатарға қосылды деп ойлаймын, шүкір.
– Барлығы жақсы басталған екен. Сонда кейін араға кірбің түсудің себебі неде деп ойлайсыз?
– Тұрар Саттарқызы аталған постында марқұм Мырзакелді Кемел ағаға сілтеме жасаған екен. Қайтыс боларынан бірер апта бұрын Тұрар апай екеуміз ол кісінің көңілін сұрап барған болатынбыз. Сонда аға: «Қыздар, алауыз болмаңдар!» - деп тапсырған. Кейін ойланып отырсам, көреген кісі бізді өзімізден артық танып, біздің қоғамда болып тұратын қайшылықтарға төтеп бере алуымыз керектігін ескерткен екен.
Шынымды айтсам, себеп мынау деп нақты айта алмаймын. Бір кездері менен басқа ешкіммен хабарласпай қалған кездері де болған. Сыртқы адамдармен мен арқылы байланысатын. Өзі барлық ватсап чаттардан шығып, «Баян арқылы байланысыңыздар» дегені де есімде. Пандемия кезінде таңсәріден қала сыртындағы саумалға тасып, үнемі бірге жүрдік. Мырзакелді Кемел ағайдың бақилық болғанын да сол кезде естіп, қоса егілгеніміз де есімде. Мен жұмыс барысында сырқаттанып жүрген Тұрар апайды көп мазаламауға тырысатынмын. Соны өзінен алшақтау деп қабылдаған сыңайлы.
– Айыптау тек Сіздің атыңызға емес, ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ыдырысқызына да бағытталыпты. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– Мен Назипа Ыдырысқызының Тұрар апай туралы теріс пікір танытқанын естіген емеспін. Керісінше, үнемі «Тұрардай жұмыс істеп жүрген біреуің жоқ» деп бізге үлгі етіп отырады. Тұрар апай сырқаттанғанда қомақты қаржысын аударып, жанына жалау болуға тырысты, менен халін сұрап-біліп отыратын. Тек Тұрар апай емес, жария етпей-ақ көптеген көпбалалы аналарға қолдау білдірген кездерінің куәсімін. Әрине, ол кісі барлығын сауап, Алланың ризашылығы үшін, есепсіз жасады. Бірақ желі қолданушыларында біржақты ақпарат болмауы тиіс деп ойлаймын. Ол кісінің жасап жүрген үлкен жұмыстарын тек мен емес, бүкіл ел біледі, таниды. Ол кісіні елге жанын сала жұмыс істеп жүрген қайраткер дер едім. Сол себепті, бұл айыптау орынсыз деп ойлаймын.
– Сондай-ақ Тұрар Саттарқызы Сізді өзінің парақшасын бұғаттап тастап, қашқақтап жүр деген екен...
– Тұрар апай сырқаттанған кезде әлеуметтік желіден мүлде кеткен кезі болды. Жалпы ақпараттарды, қоғамдағы келеңсіздіктерді күйзеле қабылдайтын. Кейін қайта қосылғанда да көңілі тез түсіп жүрді. Денсаулығы жақсара бастағаннан, үйде отыра бергенше көңілі ауланып, көпшілікке шығуы тиіс деген оймен бірлестік құрылтайшылары бірінші Нұр-Сұлтан қаласы филиалы басшылығын алуды ұсынды. Республикалық бірлестікті басқару бастапқыда ауыр болар деп ойладық. Бірақ біздің ұсынысымыз Тұрар апай тарапынан басқаша қабылданғанын ұқтық. Кейін мен үйіне жеткізіп салғанда жолда жеке сөйлестік. Сонда ол кісі бірге жұмыс істеуге келісті. Екі-үш күннен соң телефон арқылы қайта бас тартты. Онда республикалық бірлестікті басқарыңыз деп едік, «Мені мүлде кеңестен шығарыңдар, ҚБ атауын өзгертіңдер» деп реніш білдірді. Біз ақырын күтейік деп шештік. Заңгерге барып, басшылықты рәсімдемеу туралы өтінішін ресми түрде жазып кетіпті. Бірлестік жұмысы да осындай реніштер себебімен баяулай бастады. Мен бірлестік жұмысын әлеуметтік желіге салған сайын ол кісіге ауыр тие ме деп, белгілі бір уақытқа бұғаттадым. Бірақ байланысым үзілген жоқ. Кейін «Мен басшылықты алмаймын, саған бір қыз хабарласады, соған өткіз» деді. Хабарласқан қыз «мен бірлестікті сатып аламын, сол себепті бар құжатын тексеруім керек» дегенде, түсінбей қалдым. Менің сөзіме сеніп, маған еріп өңірлерден филиал ашқан азаматтарды «сатуды» жөн көрмедім. «Бірлестік сатылмайды» деп, артық әңгімеден Тұрар апайды да, өзімді де қорғайын деп белгілі бір уақытқа телефонын да бұғаттадым. Түсініспеушілік кезінде араға уақыт салып, болған жағдайды сараптау керек деп түсінемін. Менде басқа бөтен ой болған жоқ.
– Өзіңізден тағы бір анықтап алайық дегеніміз, Сіз Тұрар Саттарқызының атына әртүрлі сөздер айтып, жанына жара салған да көрінесіз. Солай ма?
– Жоқ, мен Тұрар апайға қатты сөйлеген емеспін. Ол кісі постында әлдекімдердің мен айтты деп жеткізген хабарламалары туралы айтады. Өзім әдетте көзіме қарап тұрып айтпаса, «анау айтты, мынау айтты» дегенге мән бермеймін. Солай сөз таситын адамдардың өзінен бойымды аулақ ұстаймын. Өкінішке қарай, бізде елдестірмектен гөрі, жауластырмақ көбірек. Бірақ мұндай келеңсіздіктермен арпалысып, уақыт жоғалтқым келмейді. Мүмкін менің өзімнен «сен солай депсің» деп сұраса, жауабымды берер ме едім... Арада ондай әңгіменің барынан да бейхабармын.
– Қысқасы, Сіз ол кісіні сатып кеттім деп ойламайсыз ғой?
– Жоқ, мен Тұрар апайды сатып кеткен жоқпын. Уәдеме сай бірлестік жұмысын жүргіздім. Филиалдар аштым, республикалық деңгейде бірнеше шара өткізуге мұрындық болдым, өңірлерде тәрбиелік шаралар өтті, аманат деп алған бірлестік жұмысы жүрді. Рейдерлік дегенді оқыдым. Қарызы көп, жұмысы тоқтап қалған бірлестікке қайдағы рейдерлік?! Кейде бұдан жаңа бірлестік ашқан оңай әрі абыройлы ма еді деп ойлаймын. Қазір араға от салып жүрген адамдар сол бірлестік құрылғанда, Тұрар апай қатты ауырғанда қасынан неге табылмады екен деп сұрағым келеді. Бірақ сұрамаймын. Жауабын білемін.
– Сіздің үстіңізден ол полицияға арыз жазып, іс қылмыстық құрам болмауы себепті қысқартылыпты. Оған да Сіз немесе қандай да бір басқа адамдар ықпал етті деген айыптау бар...
– Екі айдай бұрын маған тергеуші хабарласты. Барып, арызды көріп, таныстым. Тұрар апайға байланыса алмадым. Бірақ одан кейін маған ешкім хабарласқан жоқ. Істің қысқарғанын да Тұрар апайдың постынан білдім. Іштей тәуекел етіп, басқа салғанын көрермін деп шешіп жүрегенмін.
– Ол кісінің шараларына кедергі жасап, қоғамдық комиссия мүшелігінен шығуына себепкер болғаныңыз да жалған айып па?
– Оқыдым. Қандай шара туралы жазғанын ұқпадым. Қандай мүшелік екенін де білмеймін. Мен өз шаруаларыммен айналысып жүрмін, біреуге зиян тигізуге энергия құртқанша, өзіме пайда әкелетін нәрсеге энергия жұмсауды жөн көремін. Ол кісінің жұмысы жүрсе, қуанбасам, ренжімеймін.
– Ал Сізді ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі болмаса да сол ұйымның атынан шығып жүр деген айыпқа не дейсіз?
– Мен ҚХА республикалық Аналар кеңесінің мүшелігіне 2021 жылы қабылдандым. Бұл – ресми мәлімдеме. Оны тексеру қиын емес деп ойлаймын.
– Постта жазылған пікірлер арасында Сіз бұрын басшылық еткен балабақшаға қатысты да айыптау жүр ғой?
– Иә, оны да оқыдым. Жеке балабақша ашу идеясын маған ағайын болып келетін абысыным біраз уақыт ұсынып жүрген. Сыйластығымыз жақсы болатын. Ағайын арасына ақша араласуынан мен алдында жүрексініп, кейін жеке кәсіпке тәжірибе болар деп келістім. Пікір білдіруші Жанболат Зиятұлы – сол абысынымның інісі. Ағайын арасындағы мен түсінбейтін нәрселерге араласқым жоқ. Абысынымның інісімен емес, менімен жұмыс істеу туралы шешімінің себебін сұрағаным жоқ. Ғимаратын табудан бастап, мақсаттық нысанын ауыстыру, барлық реконструкциялық жұмыстары, ұйымдастыру, т.б. балабақшаға тән жұмыстарын қайынағамызбен бірлесіп жасадық. Абысыным да оның басы-қасында болды. Расында, алғашқы кәсіп болған соң көптеген қиындықтар болды. Қайынағамыз, оның осындағы ұлы, менің отбасым, барлығымыз бірге жүріп, барлық қиындықтарды еңсердік. Біз басшылық еткен тұста балабақша бөбектері көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі болды. Сапалы қызметімен танымал балабақшалардың біріне айналды. Бұл маңызды деп ойлаймын. Қаржы мәселесіне келсек, еңбегімнен асырып ақы алғаным жоқ. Есебімізді ЖШС-ні өткізгенде қосып бергенбіз. Толық есеп берілді. Қажет болса, бұл есепті де қайта жүргізуге болады деп ойлаймын. Одан бері жылдан астам уақыт өтті. Жақында салем беріп кіріп-шықтық, ешқандай арамызда артық әңгіме жоқ. Жеке тұлға ретінде тек абысыныммен еңбек қатынасына түскенмін, ал мына постқа пікір білдірушімен арамызда ешқандай келісімшарт болған жоқ.
– Сізге наразы пікірлер арасында белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада да бар екен. Бұл жерде «Бақытты отбасы» орталығымен Сізді не байланыстырады?
– Оны да қарап шықтым. Мені Ырза апаймен Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ыдырысқызы таныстырды. Назипа апайдың көпбалалы аналардан құралған клининг компаниясын құру туралы әлеуметтік идеясы бұрыннан бар болатын. Кездесуде сол ойын айтты. Ырза апай сондай курс ұйымдастыруға болатынын айтып, қолдау білдірді. Ол жердегі менің үлесім – тек сол идеяны жүзеге асыру болатын. Ырза апай өзінің жалақы төлегендігі туралы жазыпты. Бас-аяғы, ұмытпасам, 70-80 мың төленді. Керек болған жағдайда оны анықтауға болады деп ойлаймын. Мен ол қаржыны көпбалалы аналарға көмек ретінде бердім, сол жұмыстың канцеляриялық шығындарын өтеуге кетті. Үш ай жүргізген курс нәтижесінде көпбалалы ана атына тіркелген клининг компаниясы құрылды. Қазір нарықта жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын істеп жүр. Ол көпбалалы аналармен байланысым үзілмеген, қолдан келгенше қолдау білдіріп отырамыз. Бүгін ғана Ырза апайдың көмекшісі Майра ханымға үш баланы ақылы мектепте оқытуға ниет білдірген қолдаушы туралы ақпаратты жіберіп, аналар хабарласып жатыр.
– Қазіргі жауаптарыңыздан аңғарғанымыз, өзіңізге қатысты осынша айыптау болса да көбі негізсіз сияқты. Енді өз тарапыңыздан бұдан әрі әрекет қандай болмақ?
– Жақында белгілі адвокат Абзал Құспан мен белсенді Болат Әбілов арасындағы соттасу мен әлеуметтік желідегі өзара айыптауларына қынжылып пост жазып едім. Өзім сол сынға түстім, Алла «Ал, сені көрейік!» дегендей. Менің өзіме берген «Қазақпен араз болмаймын, қазақтың үстінен арыз жазбаймын» деген сертім бар. Сол сертімнен таймаймын. Жалпы, бұл жағдайға салқынқанды қараймын. Мұндай жағдайлар біздің қоғамда болып тұрады. Әлеуметтік желіде шағымданып, айып тағып отырғаннан гөрі, бетпе-бет сөйлесіп, түсініскенді құп көремін. Бөлісе алмайтын ешнәрсе жоқ. «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігін құру идеясы – Тұрар апайдыкі, оған қайтарып беру туралы ұсыныс болған. Бұл бірлестік есепшотынан қандай да бір күмәнді қаржы операциялары жүрмеген. Тұрар апай аламын, басқарамын десе, бірлестік дайын – филиалдары бар, жұмысы қойылған, есебі түгел. Сонымен қатар, ол бірлестік – аясында жұмыс істеймін деген кез келген адамға ашық. Бірақ бір ескертетіні – тегін тер төгу керек. Бұл – қоғамдық жұмыс.
Бұл жағдайдан кейін де Тұрар апайға құрметім кеміген жоқ. Ол кісі қоғамды ізгілендіруде үлкен еңбек атқарып жүр. Ешқандай қаржылай қолдау жоқ, айналасындағы адамдарды ұстап тұру оңай емес. Соған қарамастан тер төгіп келеді. Әрине, осындай түсініспеушілік орын алып, қаншама уақыт пен жүйкені құртқаны өкінішті. Бірақ қиындық атаулы қайырлы. Бұл – адамдарды тани түсуге берілген мүмкіндік. Оның үстіне, өзара араздасып жүріп, қазаққа қызмет қылған алаштықтардың қасында біз кімбіз?
Тұрар апайға зор денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр тілей отырып, еңбек жанып, ел алдындағы қадіріңіз артысын деймін!
– Бізге сұқбат беруге келісіп, болған жайтты бүкпесіз айтып бергеніңізге рақмет!