×

Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған Тоғжанов Үкіметте несімен есте қалды?

Ералы Тоғжанов 2020 жылдың ақпанынан бастап ҚР премьер-министрінің орынбасары лауазымын атқарды

 Халық үні 31.08.2022 | 16:12
Ералы Тоғжанов, фото: tengrinews.kz

Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды.

Ералы Тоғжанов 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (құқықтану), Қазақстан Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтын (заңгер) тәмамдаған.

Әр жылдары университетте құқық пен тарихтан сабақ берген. Халықаралық құқық факультетінің деканы, Қазақ гуманитарлық заң университеті Құқық және мемлекеттік қызмет институтының директоры болды.

2001-2006 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осыдан кейін Қазақстан әділет министрлігі дін істер комитетін екі жыл басқарды.

2008 жылдың қаңтарында Қазақстан президенті өкімімен Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.

2017 жылдан 2019 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі болды.

2019 жылдың қыркүйек айынан 2020 жылдың ақпанына дейін Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы қызметін атқарды.

2020 жылдың 11 ақпанынан бастап ҚР премьер-министрінің орынбасары лауазымын атқарды.

ПАНДЕМИЯ – ТОҒЖАНОВ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ

Тоғжанов вице-премьер қызметіне кіріскен кезде әлемде коронавирус індеті өрши бастаған кез еді. 2020 жылдың қаңтар айында Қазақстанда емдеу хаттамасы белгісіз коронавирус індетін тежеу мақсатында Ведомствоаралық комиссия (ВАК) құрылды. Осылайша, әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы маңызды комиссияның төрағалығы вице-премьер Ералы Тоғжановқа жүктелді.

Қазақстан үкіметі елімізде коронавирус таралуының алдын алу үшін бірқатар шара қабылдады. 29 қаңтардан бастап Қытай мен Қазақстан арасында жолаушылар автобусының тасымалы, 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында жүретін жолаушылар пойыздары уақытша тоқтатылмақ. Бұдан бөлек, Қытай азаматтарына виза беруге шектеу қойылды. Қытайдан келген қазақстандықтар қатаң бақылауға алынды.

2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) коронавирусты пандемия деп жариялады. Ал 16 наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілді. Қазақстанның бүкіл аумағында шектеу шаралары күшейтіліп, сол сәттен бастап елдің медицинасы мен әлеуметтік саласы сынға түсті.

Оқушылар қашықтан оқуға көшті, халық шын мәнінде үйінен шықпады. Жұмыссыз қалған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде жалақы төленді. Той-жиынның бәріне шектеу қойылып, адамдар бір-бірімен араласудан қалды. Шет ел асу арманға айналды, сыртта жүрген қазақстандықтарды елге алдыру сәтімен жүзеге асты. Қысқасы, халық та, Үкімет те коронавирус індетінен кейінгі «өмірге» бірте-бірте бейімделе бастады.

2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда коронавирусқа қатысты шектеулер кезең-кезеңімен алына бастады. Шектеулердің алынуы біріншіден, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығымен байланысты. Қазақстан эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға көп елден ілгері болып қол жеткізді. Оған Ералы Тоғжанов төрағалық ететін Ведомствоаралық комиссияның қосқан үлесі көп.

Бастапқыда коронавирусты емдеу хаттамасы ай сайын өзгеріп тұрды. Қауіпті індет тек Қазақстанның ғана емес, әлемдегі барлық елдің медицинасы «сыр берді». Сол кезеңдерді Ералы Тоғжанов 2022 жылдың сәуірінде берген сұқбатында еске алды. 

Ведомствоаралық комиссия 2 мыңнан аса жедел және ұтымды шешім қабылдады. Бұл шешімдердің барлығы халық денсаулығын қорғаудың нақты мәселелерін тиімді шешуге бағытталды. Пандемия кезінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, аурудың алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырды. Біз індетке қарсы күрес пен елдегі іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырыстық, - деді ол.

Бүгінде Қазақстан халқының жартысынан астамы коронавирусқа қарсы вакцина алды. 10 миллионнан астам азамат толық вакциналаудан өтті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бастапқыда вакцинамен қамтамасыз етуде үлкен проблемалар болғанымен, кейін бұл мәселе шешімін тапты.

ІССАПАРҒА ЭКОНОМ-КЛАСПЕН ҰШАТЫН ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР

Ералы Тоғжанов әрдайым журналистерге ашық болды. Пандемия жарияланған күннен бастап кейде күнара, кейде күн сайын баспасөз мәслихатын өткізіп тұрды. Тек коронавиурсқа қарсы емес, Үкімет мүшелеріне де қатысты сұрақтарға іркілместен жауап беріп келді. Мәселен, 2022 жылдың басында Үкімет мүшелерінің бір сапарына бюджеттен 10 миллион теңге жұмсалады деген ақпарат тарады. Бұл сұраққа Ералы Тоғжанов жауап беріп, желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

Менің қызметтік көлігім – Мерседес, бағасын білмеймін. Министрлер жеке ұшақпен ұшады дегенді естіген жоқпын. Жуырда мен Жамбыл облысына рейстік SCAT-пен ұштым. Ол жерде бәрімен бірге отырасың, бизнес жоқ, бүкіл орын бірдей. Мен әр министрді бақыламаймын. Министрлердің жеке ұшағы жоқ, сол себепті олар рейстік ұшақпен ұшады, - деп жауап берді Ералы Тоғжанов.

Одан бөлек, Ералы Тоғжанов әйелдердің зейнет жасы, тіл мәселесі, басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша сұрағын жауапсыз қалдырған емес.

БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚПАҒАН ТОҒЖАНОВ

Пандемия кезінде ВАК жұмысы қауырт болғаны белгілі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерінің демалысқа шықпайтынын бірнеше рет ескертті. Осыған байланысты журналистер тарапынан «Неліктен депутаттар соншалықты ұзақ уақыт бойынша каникулға шығады? Үкімет мүшелері неге олай демалмайды? Президент жұмыс көп екенін айтты емес пе?» деген заңды сұрақ туындады.

Бұл сұраққа вице-премьер Ералы Тоғжанов жауап беріп, алдымен өз жайлы сөз қозғады.

Менің өзім бес жыл бойы демалыста болмадым. Қалыпты жұмыс істеп жатырмыз. Парламент пен депутаттық қызметке қатысты сұрақтардың барлығын өздеріне қою керек. Әркім өз жұмысына жауап бергені дұрыс, - деп қысқаша жауап берді.

Одан бөлек, Ералы Тоғжанов бір сұқбатында коронавирус індеті өршіген кезеңде күндіз-түні жұмыста болғанын да айтқан.

«Ең күрделі уақытта біз түн ортасына дейін жұмыс істедік, кейде ұйықтамай таңертеңге дейін де жүрдік. Бір күні таңертең премьер-министр Асқар Мамин маған қоңырау шалды. Мен оған: «сағат әлі 5:30 ғой» дедім. Сонда ол: «сіз әлі жұмыста емессіз бе?» деді. Міне, осындай режімде өмір сүрдік.

Жұмыста түнедік. Мен ең ауыр кезеңде вирус жұқтырып алдым. Барлық санитарлық талаптарға сәйкес үйде, кемінде екі апта емделуім керек еді. Бірақ мен жұмысты тастай алмадым. Сондықтан өз кабинетіме қамалып, жұмысты жалғастырдым. Дәл осы қарқынмен шамамен үш ай жұмыс істеуге тура келді – 2020 жылдың маусымынан тамыз айына дейін. Қыркүйек айында материалдық база құрылып, дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету біршама жеңілдеді», - деп еске алды ол.

ҚАҢТАРДА ХАЛЫҚ ТАЛАБЫН ТЫҢДАҒАН ТОҒЖАНОВ

2022 жылдың басында елдің батысында жаппай нарызылық басталды. Оған автокөлікке құятын газдың 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болған. Жаңаөзен мен Ақтау қаласының тұрғындары бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Ақтаудағы Ынтымақ алаңына ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев барды. Онда олар наразы халықтың алдына шығып, мәлімдеме жасады. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын жеткізді. Маңғыстау облысында сұйытылған газдың құнын төмендету және литріне 50 теңгеден белгілеу «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылатына сендірді.

Жаңаөзен қаласында басталған митинг артынан Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасты. Алайда бейбіт түрде басталған митингілердің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе Алматы қаласы қатты зардап шекті. 5 қаңтарда қарулы адамдар қала орталығын қиратып, қала әкімдігінің ғимараты мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді. Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасынан 7 ай уақыт өткен соң ғана қаза тапқандардың тізімін жариялады. Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама