Қаптаған төраға болғанда сот тәуелсіз болмайды
Шешім қабылдай алмайтын адамнан тұлға шықпайды
«Қазақстан заңгерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай «Желмая» жобасына берген сұхбатында еліміздің сот жүйесіндегі проблемаларды атап көрсетті.
Бастығы бар сот тәуелсіз сот бола алмайды. Ол міндетті түрде тәуелді болады. Әр соттың тек бір бастығы бар, ол – заң. Одан басқа ешкім болмау керек, тәуелсіз болуы керек. Ал бізде төраға дегендер бар. Мысалы, аудандық соттардың төрағасы, облыстық соттардың төрағасы, алқалардың төрағасы, Жоғарғы Соттың төрағасы, оның алқаларының төрағасы. Қаптаған бастық. Оны қалай жасырсаң да, халық біледі, – деді ол.
Осы ретте, Серік Ақылбай Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі болып жұмыс істеген кездегі тәжірибесін айтты. Ол өзінің өміріне жауап бере алмайтын адам өзге адамның тағдырын шеше алмайтынын, оған жоғарғы жақтағы бастығы еш мүмкіндік бермейтінін атап өтті.
Ол кімнің тағдырын шеше алады, өзінің тағдырын шеше алмайтын болса? Сот деген тұлға болу керек. Ол біреуге бағынатын шенеунік емес, ол жоғарғы деңгейдегі, мемлекеттің атынан шешім қабылдайтын тұлға! Ондай болу үшін адамның ішкі дүниесі де мықты болу керек. Сот ешкімге бағынбайтын, өте таза адам болу керек! Сот жүйесінде ондай соттар бар, бірақ оларға жұмыс істеу өте қиын. Себебі бастықтың айтқанын істемесе, соның соңына түсе бастайды. Сондықтан сот жүйесінде үлкен өзгерістер керек, – деді ол.
Серік Ақылбай соттардағы төраға қызметін алып тастауды ұсынды. Ол мұны Кеңес одағынан келе жатқан, артта қалған, соттарға айтқанын істететін, тоқтатуды қажет ететін құрылым деп атады.