«Аналардың ащы зарын ешқандай министр жеткізе алмайды». Депутаттар бүліктен кейінгі былықты жеткізді
Мәжілісмендер қамаудағы жастардың ісін әділ қарап, жазықсыздарды босатуды сұрады
Бүгін Мәжіліс отырысында депутаттар тәртіп сақшыларының шектен тыс күш қолдану деректеріне қатысты сауал жолдап, қамауға алынғандардың ісін әділ қарау және жазықсыздарды босату мәселесін көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қаңтар оқиғасына қатысты 2750 қылмыстық іс қозғалып, 800 адам қамауға алынған. Осы жағдайға байланысты адамдар заңсыз қамауда ұстау, қамаудағыларға қатысты қатігездік, тіпті азаптауларға шағымдануда. Тергеудің заңсыз әдістерін қолдану, билік пен өкілеттілікті асыра пайдалану бойынша 148 арыз түсіп, 105 шағым бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның 91-і тергеудің заңсыз әрекеттеріне қатысты.
Депутат осы сөзіне шетелдік ұйымдардың мәлімдеме жасап жатқанын, сонымен бірге маңғыстаулықтардың Президент атына бейнемәлімдеме жолдағанын мысал ретінде келтірді.
Біздің әріптестеріміз жақында Алматыға барып келді. Онда олар осы қамаудағы азаматтармен және олардың жақындарымен кездесіп, олардың талап-арыздарын, шағымдарын жұмысқа алды. Барлық мәлімдеме жасаушы азаматтардың айтуынша, осы алғашқы күндері құқық қорғау органдары өздерінің өкілеттілігін асыра пайдаланды деп айтып отыр, – дейді Жаңбыршин.
Тура осы мәселені «Ақжол» партиясы фракциясының депутаты Берік Дүйсенбинов те көтерді. Оның айтуынша, 4-5 ақпанда Мәжілістің бір топ депутаты қылмыстық-атқару кодексінің 32-бабы негізінде қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен, олардың туыстарымен кездескен.
«Бізге қамауға алынғандардың туыстарынан олардың істерін әділ қарауды және жазықсыздарды босатуды сұраған 70-тен астам арыз түсті. Одан басқа әлеуметтік желіде жариялаған жеке телефоныма да күніне ондаған арыз шағым түсуде. Өсіріп жеткізіп, енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбатуға сөз таппадық», – дейді депутат.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындәлиевтің айтуынша, қаңтардағы оқиғалардың бірінші күнінен бастап Бас прокуратура дәл сол ұсталған адамдардың конституциялық құқықтарын сақтауға бірнеше шара қолданған. Жергілікті прокурорларға ұсталған адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру және түскен арыз-шағымдарды сапалы қарау туралы тапсырма берілген.
Бас прокуратура өкілінің айтуына қарағанда, әуелгі күндері прокурорлар 96 адамды уақытша ұстау изоляторынан босатқан. Одан бөлек, ұсталған адамдардың отбасылық, жас, денсаулық жағдайын ескеріп, қамаудағы адамдарды басқа бұлтартпау шараларына ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Осы жұмыстың нәтижесінде 92 адам тергеу изоляторынан шығарылған.
Ұсталғандардың құқықтарын сақтау үшін біз адам құқығы уәкілі мен ұлттық превентивті механизм өкілдерімен бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір бізге тергеу кезіндегі заңсыз тәсілдер бойынша 250 шағым-арыз түсті. Олар бойынша 133 қылмыстық іс қозғадық. Олар қазір тергеу барысында. Бұл істер прокурорлардың қатаң бақылауында. Әр іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалған, – деді Шындәлиев.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.