Жезқазғанның әкімі қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметкерге ескерту жасады

Дастан Жұмабекұлы

Пожалуйста, не устраиваете здесь балаган, – деп жауап береді

фото: ашық дереккөз

Желіде Жезқазған қаласының жаңа әкімі Қайрат Шайжанов Қарағанды облысының табиғи монополияларды реттеу комитетінің бас маманына этиканы сақтамағаны үшін ескерту жасады.

Бұл туралы Kznews.kz хабарлады.

Әлеуметтік желіде тараған видеода орыс тілінде сөйлеп  отырған комитет маманы,  қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартады.

Журналистің: «Мен сізге қазақша сұрақ қойып тұрмын, неге жауап бермейсіз?», деген сұрағына Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің бас маманы Сұлтан Садырбаев: 

Пожалуйста, не устраиваете здесь балаган, – деп жауап береді.

Осыдан кейін көпшілікпен бірге залда отырған қала әкімі орнынан тұрып, микрофонды алып, маманға этика сақтауын сұрап, мемлекеттік тілде жауап беру керектігін ескертеді.

Сіз этиканы сақтауыңыз керек еді. Егер сізге мемелекеттік тілде сұрақ қойылса, сіз заң бойынша мемлекеттік тілде жауап беріңіз керек еді. Ал егер мемлекеттік тілде сөйлей алмасаңыз сұрақ қойған адамнан кешірім сұрап, жауап беруіңізге болатын еді, –  деді ол.

Қала әкімінің бұл сөздері залда отырған жұрттың көңілінен шықты.