×

Тоқаев Торғайға бара ма?

Мемлекет басшысының ұлт ұстазының мерейтойына қатыса ма деген сұраққа жауап әлі жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 25.08.2022 | 15:49
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

3 қыркүйек күні Қостанай облысында ЮНЕСКО деңгейінде Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар басталады.

Осыған байланысты қазір әлеуметтік желіде «Тоқаев Торғайға бара ма?» деген әңгіме қозғалып жатыр. Бұл әңгімені белгілі журналист Анар Төлеухан бастап, одан әрі оны жазушы Амангелді Кеңшілікұлы жалғастырды. Торғайдан шыққан қаламгерлер материалдарында Тоқаевтың ұлт ұстазының мерейтойына қатысуының өзі ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтілетін іс-шараның деңгейін көтеріп, Торғай елінің сенімін арттыратынын айтты.

Онда Анар Төлеухан Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО көлемінде болатын мерейтойына шамалы күндердің қалғанын, алайда Ақорда жақтан мемлекет басшысының мерейтойға қатысатыны туралы ешқандай әңгіменің, тіпті сыбыстың жоқтығын айтса, Амангелді Кеңшілікұлы президенттің Ахаңның тойына міндетті түрде баруы тиіс екенін жеткізген.

«Ахмет атамыздың ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді деген тойына шамалы ғана күндер қалды.

«Ел құлағы елу» дейді, алайда Байтұрсынұлы тойына Торғайға Тоқаев барады екен деген еш сыбыс жоқ.

Бұрынғы президент Алаш жайлы, Алаш арыстары жайлы өзі де айтпады, өзгені де тұсады, ал дәл Кемел Тоқаевтай жазушының баласының Байтұрсынұлының өз халқына, тұтас түркі жұртына жасаған еңбегін, сол жолда жанын бергенін білмеуі, ондай жанқиярлықты бағаламауы мүмкін бе? Жазушының баласының, кәнігі дипломаттың, ел тізгінін ұстаған жанның бұл кідірісі не кідіріс?

Еңбегі еш, тұзы сор болғаны ма Ахметтей арыстың?

Сонымен Торғайға Тоқаев бара ма? Ахметті керек ете ме? Алыпты берген қасиетті Сартүбекке барып, ашылар кесенесіне бір уыс топырақ сала ма?», - деп жазды Анар Төлеухан.

Жазушы Амангелді Кеңшілікұлы болса осы іс-шараға байланысты ойларын былай жеткізген. Соны оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

«Әлеуметтік желіде «Тоқаев Торғайға бара ма?» деген әңгіме қозғалып жатыр екен. Өз басым Президенттің Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойына орай ұлт ұстазының ауылына баратынына сенімдімін. Менің ойымша оның көптеген себебі бар.

Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлының тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Егер де есімі Халықаралық дәрежеде ардақталған тұлғаның кіндік қаны тамған жеріне президент бармаса бұл билікке - үлкен сын. Ал, Ахмет тек қана арқалы ақын, әдебиеттану мен тіл ғылымының негізін салған ұлы ғалым ғана емес, ұлт ұстазы атанған кемеңгер. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтар болсақ, «Ахаңа арналған той – ой ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты ісінің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі». Мұндай ірі іске қатыспау Тоқаевқа - үлкен минус.

Екіншіден, енді-енді саяси сахнада абыройы артып келе жатқан беделіне нұқсан келтіріп алмауы үшін Тоқаев міндетті түрде Торғайға баруы тиіс. Президент әккі саясаткер, ол халыққа тосын сый жасау үшін ұлт ұстазының ауылына баратын жоспарын әзірге құпияда ұстап отырған болуы ықтимал. Тоқаев қазір саясат тақтасында атпен шабуылдап, күтпеген жүріс жасап жүр. Ат шахматтағы мат қоюға ыңғайлы - ең қауіпті фигура. Мысалы, күні кеше Ресейде өткен алқалы жиында Путиннің тап қасында отырып ол «Біз Донецк, Луганск сияқты квазимемлекеттерді мойындамаймыз» деп айдай әлемге жар салды. Бұл шын мәнісінде де – үлкен ерлік болды. Мұндай сөздерінен кейін, қаңтар оқиғасынан кейін билікті қатты сынап жүрген саясаттанушы Досым Сәтпаевқа шейін Тоқаевтың ісіне оң баға бере бастады. Бұны айтып отырған себебім, егер Тоқаев Алаштың алтын бесігіне айналған Торғайға бармаса, арты үлкен әңгімеге айналады. «Тоқаев Президент болғанда ең алдымен Торғай халқымен жүздескен Назарбаев құрлы болмады» деген сыңайдағы түрлі-түрлі алып-қашпа сөздер туады. Әсіресе, қазақ тілді қоғам мен ұлттық элита алдында абырой жинағысы келетін Тоқаев мұны бізден артық біледі.

Үшіншіден, президент сайлауы да күннен-күнге жақындап келеді. Бұл саяси додаға Тоқаев міндетті түрде қатысады. Уақыт та тым аз қалды. Қаңтар оқиғасынан кейін қазақтардың билікке деген сенімі сетінеп кеткені мәлім. Халықтың жүрегіне түскен жарасы әлі жазылған жоқ. Ол аздай, жоқшылық пен қымбатшылық әсіресе теміржолдан шеткері жатқан Торғай секілді елді-мекендердегі жұрттың қабырғасын қайыстырып барады. Мемлекет басшысы Тоқаев тап осындай сын сағатта халықты жеріне қарап бөлмейтін, барлық қазақтың мұңын ойлап, жоғын түгендейтін бүкіл қазақ елінің президенті екенін іс жүзінде дәлелдеп, облыс ашылмай қалғаннан кейін көңіл-күйлері мүлде түсіп кеткен торғайлықтардың билікке деген үмітін сөндіріп алмау үшін де Ахаңның еліне ат басын бұрып, ұлт ұстазы мен қазақтың ауызбіршілігі жайында жақсы-жақсы сөздер айтып, өзіне үлкен бедел жинап қайтуға тырысады. Суреткер жазушы Әбіш Кекілбайдың туған жеріне барып рухына тағзым еткен Тоқаевтың ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының ауылына бармай қалуы менің ойымша мүмкін емес», - деді ол.

Біз арнайы қос қаламгердің ұлт ұстазының мерейтойының лайықты өтуіне жан-жүректерінен шыққан жаны ашыған жазбаларын жарияладық. Енді Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде Торғайға табаны тие ме деген сауалға жауапты алдағы күндері алатын боламыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама