Ол гимнді жүрекпен айту керек деп ескертті
Елімізде алғаш рет өткен «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов әнұранды дұрыс айтпайтын адамдарды сынға алды.
Гимн айтылып жатқанда жанымызды салып айтуымыз керек. Мен гимн айтылып жатқан кезде бәріңізге қарап тұрдым. Гимнде қолын салып тұрғандар да жүрегімен айтып тұрғандар да болды. Ал әнұранды қалай айтады екен деп қарап тұрғандар да болды. Жүректі салу керек қой. Егер гимнге жанымызды салмайтын болсақ, оқу жүйесін басқарып отырған азаматтар, қандай тәрбие береміз? Жүрегіңізді салмайтын болсаңыз, сіздің бір қарасыңыздан-ақ, айтқан сөзіңізден-ақ үлкен студенттер тұрмақ, балалардың өзі жай әңгіме айтып тұрғаныңызды сезеді. Бір адамды алдай алмайсыз, – деді Ералы Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары ғылым және жоғары білім форумына қатысушыларға осындай қарапайым дүниелерге мән беру керектігін айтты.
Болашақта соның бәрін сіздерден сұраймын. Талай жерде жүресіздер, талай жерде елге ой айтасыздар. Ең алдымен өзіміз осындай дүниеге мән беруіміз, – деді ол.
Биыл елімізде алғаш рет өткен ғылыми және жоғары білім форумында семинарлар, панельді және форсайт-сессиялар ұйымдастырылып, адами капиталды дамыту мәселелері талқыланды. Басқосуға еліміздегі жоғары оқу орны өкілдеі, ғалымдар мен білім алушылар қатысты.