Біз мұның заңсыздық екенін бірінші күннен мәлімдеген болатынбыз, – деді ол
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Қырымның Украинаға қайтарып берілуін талап етті.
Бұл туралы Anadolu хабарлады.
Түрік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркия президенті Киевте өткен «Қырым платформасы» форумының екінші саммитінде сөйлеген сөзінде халықаралық құқықтар қағидаттарына сәйкес, Қырымның қайтарылып берілуі тиіс екенін мәлімдеген.
Біздің еліміздің Қырым жөніндегі позициясы тек заңның әріптеріне ғана негізделмейді, сонымен бірге ол Анкараның адамгершілік позициясының принципті айқын көрінісі. Қырымның Украина құрамына қайтарылуы сондай-ақ халықаралық құқықтың талабы да болып саналады. Украинаның территориялық тұтастығын, егемендігі мен саяси бірлігін сақтау тек бұл өңір үшін ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін де барынша маңызды, – деді Ердоған.
Ол өз сөзінде Түркияның Қырым аннексиясын мойындамағанын еске салып өтті.
Біз мұның заңсыздық екенін бірінші күннен мәлімдеген болатынбыз, – деді ол.
Түркия президенті бұдан басқа, Анкараның қырым татарларына қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін ашып айтты. Оның айтуынша, қырым татарлары өздерінің тарихында талай трагедияны бастан кешкен, сондықтан енді қазір өз ата-бабаларының жерінде бейбіт өмір сүруге толық хақылары бар.
Мен Қырым платформасы бірінші саммитінен кейін қамауға алынған қырым татарлары халқы меджлисі басшысының бірінші орынбасары Нариман Джелал мен оның жақтастарын бостандыққа шығаруға тағы да шақырамын, – деді Ердоған.
Киевте өткен саммитке 60 елдің өкілдері қатысты.