«Әскерге дайындықсыз келеді»: Жауынгерлердің аналары әскери комиссариаттарды тексеруді сұрайды
Ата-аналар балаларды әскерге құжатсыз алып кететініне шағымданады
Қазақстан әскеріндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнін көбейту керек. Жауынгелер аналарының комитетінің басшысы Лилия Хайруллина Halyq Uni тілшісіне берген пікірінде осылай деді.
«Балалар әскердегі қызметке дайындықсыз келеді. Біріншіден, бұл дайындық отбасы мен қоғамнан бастау алады. Ер баланы әскерге тек отбасы ғана емес, қоғам, мектеп, колледж, институт та дайындау керек. Алайда бізде әскерге дайындық өте нашар, әскери кафедралар жоқтың қасы. Болса да өте аз. Қазақстанда алғашқы әскери дайындық пәнінің сағаттары өте аз», – деді ол.
Жауынгерлер аналарының комитетінің басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің сағатын көбейту туралы ұсыныс жасағанын. Атап айтқанда, оның әскери дайындықты қазіргідей 10-11 сыныптан емес, одан ерте 6-7 сыныптан бастау туралы ұсыныс білдірген. Алайда ұсыныс қолдау таппаған.
«Себебі көп бала 9 сыныптан кейін кетеді, бірі колледжге оқуға түссе, енді бірі жұмыс істей бастайды. 10-11 сыныпқа баратын балалар аз. Оқу-ағарту министрі «осы жеткілікті» деді. Қазіргі министрдің (Асхат Аймағамбетов – ред) менде хаты бар. Онда қазіргі әскери дайындық сабағы жеткілікті екені жазылған. Балалардың әскерге психологиялық, моральдық түрғыдан дайындықсыз баратыны рас. Бірінші кезекте отбасында дұрыс көзқарас қалыптаспаған, ата-аналар балаларына «сен әскерге бармайсың» деп үйретеді. Мен әрбір ер азамат әскерде борышын өтеу керек деп есептеймін. Менің міндетім – сол әскерді ашық, қауіпсіз ету», – дейді Хайруллина.
Бұған қоса, ол әскердегі сарбаздар ата-аналарынан не үшін ақша сұрайтынын айтты.
«Көп жағдайда сарбаздардың ақша сұрауының себебі тамақтануға байланысты. Олар әскердің тамағын жемейді. Азаматтық ортадан келген, хот-дог, кола мен түрлі тәттілерге үйренген. Ал мұнда белгіленген режим мен мәзір бар. Үйренбеген жас ағза ол тамаққа тоймайды, ұйқылары қанбайды. Ата-аналар бізге балам ақша сұрап жатыр деп жазады. Қазбалап тексере келгенде ол баланың тәтті тамақ жегісі келгені анықталады», – деді спикер.
Сонымен бірге ол психологтардың жұмысын күшейту қажеттілігіне назар аударды. Сарбаздардың көңіл күйін бақылап, қажет болған жағдайда полиграфпен тексеру қажет деп есептейді.
«Көп нәрсе әскери комиссариаттардағы психологтардың жұмысына байланысты. Себебі әскери комиссариаттар іріктеу жүргізіп, әскери бөлімдерге болашақ сарбаздардың өмірбаянын түзеді. Сондықтан мен әскери комиссариаттарға, соның ішінде қабылдау комиссиясының дәрігерлері мен психологтарына бақылауды күшейту керек деп есептеймін. Балалардың денсаулығына қатысты анықтама немесе медициналық картасын әкеліп үлгерместен әскерге алып кетуіне байланысты ата-аналардан шағымдар жиі түседі. Яғни, әскери комиссариаттар балаларды дайындықсыз былай тұрсын, жіті тексерместен әскерге жібере береді. Мәселен, Алматы қаласында әскери комссиариат өте нашар жұмыс істейді. Осы қаладағы әскери комиссариаттардың жұмысына шағым көп», – деді Лилия Хайруллина.
Бүгінде Республикалық жауынгелер аналарының комитеті Қазақстанның сегіз өңірінде - Ақтөбе, Өскемен, Алматы, Тараз, Шымкент, Семей, Павлодар мен Қарағанды қаласында жұмыс істейді.