×

АЭС салуды тиімді жол деп бағалап отырмыз - Сәтқалиев

«Самұрық-Қазына» басшысы Қазақстанға жаңа қуат көздерін іске қосу қажет деп есептейді

 Айнұр Шошаева 08.02.2022 | 12:25
фото: ашық дереккөзден

Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты қор ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Ұлттық энергетиканы жаңғыртудың жаңа жобасы негізгі жобалардың бірі болуы керек. Бұл желілерге жаңа қуат көздерін қосу үшін қажет. Оның ішінде жаңартылатын қуат көздері де бар. Атап айтсақ, қазірдің өзінде электр энергиясын өндіру және тұтыну балансының болжамына қарап, елдің оңтүстігінде ірі қуат көзін іске қосу керектігі байқалып отыр», – деді Сәтқалиев. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында атом станциясын салу мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қозғады. Президент жақында еліміздің оңтүстік өңірінде болған блэкаултты еске салды.

Біз энергиямен жабдықтау жүйесінің жұмысында тұрақты іркілістерге тап болдық. Ең жарқын мысал - жақында елдің оңтүстігінде электр қуатының өшуі. Біз шектес мемлекеттердің энергия жүйелері жұмысының сапасына ішінара тәуелдіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешу керектігіне тоқталды.

«Мен жауапты тұлғалардың АЭС құрылысы туралы сұрақтарға жауап беруден неліктен дипломатиялық жолмен кетіп жатқанын түсінбеймін. Таза атом энергиясы болмаса, біз инвестицияны айтпағанда, бүкіл экономикамызды жоғалтып, өңірлік көшбасшылығымызды жоғалтамыз. Бізге таза атом электр энергиясы қажет. Экономикалық жағдайды түсінбейтін популисттерге еруге болмайды», - деп қосты ол.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын реформалау мәселесіне 10 күннен кейін қайта оралатынын айтты. Президент қор жұмысын реформалауда қандай мәселелерге басты назар аудару керектігін қайталап еске салды.

«Біріншіден, бұл, әрине, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді», - деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама