Ал Сауль Альварес жеңістен кейін сауық кешін өткізетінін мәлімдеді
Геннадий Головкин Mayan Tiger Sports Journalist Ютуб-арнасына берген сұхбатында Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жектер туралы айтып берді.
Екеумізге екі жекпе-жек те оңай болған жоқ. Екеуміз де өзімізді толық көрсете алмадық. Сондықтан көпшілік үшін бұл кездесулер аса қызықты болған жоқ. Біз жекпе-жектерге жақсы дайындалып шықтық.
Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Сол себептен нокаут болған жоқ. Енді шаршы алаңда 100 пайыз барымды саламын. Бұл айқаста нокаут та болу мүмкін, – деді боксшы.
Головкин бұған дейін де нокаут туралы айтқан болатын. Жақында ол қарсыласын нокаутқа түсіру үшін жақсы дайындалып жатқанын хабарлады. Ол жаттығудың бел ортасына келгенін, енді дайындықты әрі қарай тиісті деңгейде жалғастыратынын айтты.
Головкиннің қарсыласы «Канело» да қарап отырған жоқ. Мексикалық боксшы жекпе-жекті жеңген соң, міндетті түрде сауық кешін өткізетінін мәлімдеді.
Ал трилогия 17 қыркүйек күні Лас-Вегаста болады. Бұған дейін олар 2017 және 2018 жылдары қолғап түйістірген еді. Бірінші жекпе-жекте боксшылар тепе-тең түссе, екінші айқаста терешілердің шешімімен Альварес жеңген болатын.