Смановтың хор қыздары туралы шулы уағызы: Мүфтият мәлімдеме жасады
Абдулаxад Сманов - ҚМДБ жанындағы «Талаба» студенттер қауымдастығының Сауд Арабия корольдігі бойынша өкілі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желіде тараған Абдулаxад Əбдісаттарұлы Смановтың «Жәннаттағы хор қыздары» туралы уағызына байланысты (ҚМДБ) мәлімдеме жасады.
Мүфтияттың хабарлауынша, Абдулаxад Əбдісаттарұлы бұл уағызды студент кезінде - 2017 жылдың 22 маусымында айтқан. Ол 2018 жылы шілде айында қателігін мойындап, негізі жоқ «хадисті» айтып, қоғамда түсінбеушілік тудырғаны үшін жамағаттан, жалпы тыңдаушылардан кешірім сұрады.
«Бүгінде Абдулаxад Сманов ҚМДБ жанындағы «Талаба» студенттер қауымдастығының Сауд Арабия корольдігі бойынша өкілі. Оны тағайындаудағы мақсат – шетелде діни білім алып жатқан студенттерді деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, жастар арасында ҚМДБ мен мемлекет ұстанымдары туралы тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Діни басқарма өкілі осы бағытта жұмыс істеуде. Абдулахад Смановтың діни сенімі ҚМДБ ұстанымына қайшы келмейтінін мәлімдейміз», - делінген мүфтият мәлімдемесінде.
Сондай-ақ ҚМДБ ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ислам дінінің дәстүрлі ханафи мәзһабын насихаттайтынын жеткізді.
Ислам дінімен біте қайнасқан дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, көпдінді, көпұлтты елімізде қалыптасқан құндылықтарды дәріптеу – Діни басқарманың басты жұмыс бағыттарының бірі болып қала береді, - деп түсіндірді.