«Малды ер адам табуы керек». Кәсіпкер әйелдерді жұмыстан шығарып жіберген (ВИДЕО)
Адвокат Жанна Мұхамади жұмыстан босатылған әйелдерге оны сотқа беруге кеңес берді
Алматылық кәсіпкер Ақжол Талғатұлы әлеуметтік желіде компаниядағы барлық әйелдерді жұмыстан шығарып, топта тек 5 ер адамды қалдырғанын айтып берген видеосы жарияланды. Бұнымен қоса ол басқа жұмыс берушілерді де осындай ұстанымға шақырған деп хабарлады Stan.kz.
Cоңғы күндері менің оқырмандарымды таңғалдырған ең үлкен жаңалық – менің қыз балалардың барлығын жұмыстан шығарғаным. Бізде компанияда 22 адам болды. Қазір тек қана 5 адам қалды және оның бәрі ұлдар. Бұл қыздардың құқығын шектеу ме? Жоқ. Білесіздер, менің түсінігімде мал табумен ер адам айналысуы керек, – дейді кәсіпкер.
Алайда ол кейін бұл видеосын жеке парақшасынан өшіріп тастаған. Бірақ әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыланып жатыр. Адвокат Жанна Мұхамади жұмыстан босатылған әйелдерге оны сотқа беруге кеңес берді.
«Мен бұл қыздарды тауып, конституциялық құқықтарының бұзылуы бойынша осы кәсіпкерді сотқа бергім келеді. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкім ешкімді кемсітуіне болмайды!» деп жазды адвокат өзінің әлеуметтік Facebook-тегі парақшасына.
Сондай-ақ ол бұл жайтты қазіргі Ауғанстанмен салыстырды.
«Ең жаманы, ол барша кәсіпкерді әйелдердің бәрін жұмыстан шығару керек деген мағынадағы бір флешмобқа шақырып отыр. Бүгінде Ауғанстан әйелдерінің білім алу мен жұмыс істеу құқығы шектелген, оны қорғаймын дегендерін атып өлтіріп жатыр. Ал Қазақстанда әйелдер жұмыс істей алмауы үшін оларды жұмыстан шығарып жіберді» деп жазды Жанна Мұхамади.