×

«Назарбаев оны алдап кетті». Белгілі саясаттанушы Балташ Тұрсымбаевтың саяси жолы туралы айтты

Балташ Тұрсымбаевтың 1999 жылы президент сайлауына түсетін ойы болған

 Ая Өміртай 16.08.2022 | 13:28
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекет және қоғам қайраткері, оппозиционер Балташ Тұрсымбаев 76 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бүгін алматылықтар Балташ Тұрсынбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның жаназасына билік өкілдерінен қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбай қатысты.  

1990 жылдары республикадағы жоғары лауазымды қызметтер атқарған оны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметтен шеттеткені айтылады.

Белгілі публицист Сейдахмет Құттықадам Halyq Uni тілшісіне замандасы Балташ Тұрсымбаевтың саяси мансап жолындағы күреске толы өмірі турасында әңгімелеп берді.  

Оның айтуынша, Тұрсымбаевтың Қазақстан билігіне қатысты өткір сын айтып, сол тұстағы басшы Назарбаевпен ашық келіспеген. Оның батыл көзқарасы мен ұстанымы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұнамаған.

«Балташ менің досым, отыз жыл бойы дос болдық. Өте керемет азамат, оның өмірбаяны өте бай. Өзі Омбы облысында туған, институтты бітірген соң өмір бойы Қазақстанда жұмыс істеген. Қарапайым бөлім зоотехнигінен бастап, премьер-министрдің орынбасары қызметіне дейін жеткен. Барлығы өз еңбегімен. Кейін Назарбаевтың үкіметіне барған соң, бастапқы кезеңде Назарбаев оны жақсы пайдаланды», – деп еске алады Сейдахмет Құттықадам.

«БҮКІЛ КАБИНЕТ БІР ЖОЛМЕН, БАЛТАШ БІР ЖОЛМЕН ЖҮРЕДІ»

1999 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс өткен Қазақстан президенті сайлауы Тұрсымбаевты шетке қақты. Оның өзімен бәсекелесуі мүмкін екенін ойлаған Назарбаев елден жырақ елшілік қызметке жіберген.

Сейдахмет Құттықадамның айтуынша, Назарбаев өзінің алдын орап кете ме деп Тұрсымбаевтан қауіптенген.

1999 жылғы сайлау кезінде Балташ сайлауға түсем бе деген оймен жүрген еді. Сол кезде Нұрсұлтан қорқып, «біз доспыз ғой, сен түспей-ақ қой. Мен саған жұмыс берейін» деп вице-премьер қызметін берген. Бірақ ол жерде алдап кетті. Алдайтынын Балташ өзі білді де. Сонда да барды. Сөйтіп бір жарты жылға жетпей істеді. Сайлау біткен соң «бүкіл кабинет бір жолмен, Балташ бір жолмен жүреді» деген сылтау айтты. Содан соң Балташ оппозицияға кетті, – дейді публицист.

Оның айтуынша, Балташ Тұрсымбаев саяси мансап жолында көзқарасын батыл білдіріп, Назарбаевты ашық сынаған. Әсіресе ұжымдық шаруашылықтарды таратудың аграрлық дағдарысқа әкелетінін айтып, қарсы шыққан.

«Назарбаевпен ашық келіспеді. Біріншіден, әу бастан ауыл шаруашылығындағы өзгерістерге, атап айтқанда колхоз, совхоздарды таратуға қарсы болып, көп күресті. Осының барлығы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұнамай қалды. Әйтеуір көп сылтау тауып, алыстатты. Содан күн көру керек, бизнеспен айналысты. Ешкімнің алдында басын иген емес. Бір рет те. Барлығы өз еңбегімен жасаған нәрсе. Елім десе, халқым десе жанын беретін азамат еді», – дейді Сейдахмет Құттықадам.  

«РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫСТАРЫ МЫҚТЫ БОЛДЫ...»

Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихын жазып жүрген публицист замандасы әрі жақын серігі болған Балташ Тұрсымбаевтың әлеуетін билік әдейі керек етпегенін атады. Ол Тұрсымбаевтың Қостанайда әкім болып тұрған кезінде өңірдің аграрлық саладағы әлеуметтік-экономикалық жағдайын көп ілгерілеткенін жеткізді.

«Жалпы оның масштабы үлкен еді, кемінде премьер-министр болатын азамат. Сол Балташты премьер-министр етіп қойсыншы, жағдай мүлде басқаша болар еді. Нұрсұлтанға қарсы шыққан күнде Нұрсұлтанды жеңіп шығар да еді. Жұмыссыз қалды. Халық сүйіспеншілігіне ие болған азамат. 1992-1995 жылдары Қостанай облысында әкімі болып тұрғанда аймақты көтеріп жіберді ғой. Өрлеп кетті. Соны көре алмады. Барлығы керемет сыйлап, қуана қабылдады. Бір жағынан Ресеймен байланыстары мықты болды», – деді ол Halyq Uni-не берген сұхбатында.

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА» СЫН КӨЗБЕН ҚАРАДЫ

Осыдан соң мемлекеттік қызметтен кеткен Тұрсымбаев кәсіпкерлікпен айналысып, күн көрген. Биыл көктемде Балташ Тұрсымбаев саяси партия құратынын мәлімдеп, атауын өзі құрған қозғалыспен байланыстырып «Ел мен жер» деп атаған.

Саясаткер партия бағдарламасы ауылдарды дамыту, жемқорлықпен күресу, әкім сайлауын енгізу, сонымен бірге 1993 жылғы Конституцияны қайтарудан тұратынын мәлімдеген еді. Бұл орайда, Сейдахмет Құттықадам Тұрсымбаевтың «Жаңа Қазақстан» реформасына сыни көзқараста болғанын атады.

Соңғы рет онымен қайтыс болғанға дейін екі күн бұрын сөйлестік. Көп сөйлестік. Жоспарларын айтып, көңілді болды. Ол «Жаңа Қазақстанға» сын көзбен қарады. Оның айтуынша, осындай тоқыраудан соң тез қимылдау керек еді. «Жаңа Қазақстан, екінші республика деп жариялағанымен, кадрлар баяғыша» деп сынайтын. Менің көп достарым бар. Саяси көзқарасымыз басқаша. Айталық, жақын досым Қуаныш Сұлтанов, ол – биліктің адамы. Балташ Тұрсынбаев – оппозицияның адамы. Гүлжан Ерғалиева – мүлде өзінше жүрген адам. Әртүрлі. Адамгершілік жағынан бәріміз доспыз, саясат бөлек, азаматтық бөлек, – деп еске алған ол Тұрсымбаевтың достыққа берік, адамгершілікті жан болғанын атады.

«ЖАЛТАҚТЫҚ ТАНЫТПАҒАН»

Айтуынша, Тұрсымбаевпен достығы 1994 жылдардан басталады.

«Бірінші ол өзі мені іздеп тапты. Қостанай облысының әкімі еді. Ол кезде атақты журналиспін, бүкіл газет пен теледидарда шулатып тұрған кезім. Келді де, бірден дос болып араласып кеттік. Сырының барлығын маған айтатын. Себебі мен сырды сақтай аламын. Ескі президенттен бастап көптеген басшылар сырын айтатын. Екеуміз бір бірімізден ештеңе жасырмайтынбыз. Балташ сияқты азаматтар өте сирек. Ол жер мәселесіне көп алаңдады. Сатуға, жалға беруге қарсы болды. Әлеуметтік жағдайлар мен ауыл шаруашылық мәселелерін көп ойланатын», – дейді ол.

Сейдахмет Құттықадамның айтуынша, Тұрсымбаев ұстанымына беріктік таныта жүріп, шыншыл болды. Қудалауға түссе де, бірінші басшының алдында жалтақтық танытпаған. Ол Тұрсымбаевты Назарбаев өзінің билігін нығайтып алғанша пайдаланып, кейін ығыстырылған саясаткерлердің қызмет жолына ұқсастырады.

«Назарбаевтың тұсында неғұрлым іскер, неғұрлым ақылды болса, соғұрлым қудалауға түсті ғой. Ұры болсаң, өтірікші болсаң, басшылардың бір жерін жалап жүрсең жұмысың жанады. Ал еліңді сүйсең, жұмыс істесең – жамансың. Сондықтан Балташ Тұрсымбаев қандай басшы болса да алдында жылпылдамаған. Себебі мұндай азаматтар кем де кем. Әсіресе қазір. 90-шы жылдары аздап болды, қазір жоққа жақын. Дос ретінде өкінем, халық үшін өкінем. Ойламаған жерден кетті, сап-сау болған. Астанаға келгенде жолықпақшы болған едік», – деп еске алды ол.

Мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев 14 тамыз күні жүрек талмасынан қайтыс болды.

Ол 1946 жылы 24 қазан күні Ресейдің Омбы облысына қарасты Кіші Боранкөл ауылында туған.

1969 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтын бітірген соң, Солтүстік Қазақстан облысында зоотехник, бас зоотехник, Преснов аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

1991-1995 жылдары премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі, Қостанай облысының әкімі, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, сыртқы істер министрлігінің арнаулы тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған.

Балташ Тұрсымбаев мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін қоғамдық саяси өмірге белсене араласты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама