«Шал, кет!» деген ұран арқылы танылған ақсақалмен сұқбат
Болатхан Жүнісов – зейнеттегі полиция майоры
Әлеуметтік желіде азаматтық көзқарасын жариялап, «Шал, кет!» ұраны арқылы белгілі Болатхан Жүнісов қазір Абай облысындағы Мақаншы ауылында тұрады. Зейнеткер бірнеше рет сотқа тартылса да, ұстаным-пікірін өзгертпеген. Керісінше, елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын үлкен буын өкілдері болуы қажет екенін айтады. Болатхан Жүнісов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында не себепті екі рет бас бостандығы шектелгенін, қазір немен айналысатын айтып, Қазақстанның келешегі туралы пікір білдірді.
– Саяси көзқарасыңыз, билікті сынағаныңыз үшін сотқа тартылған зейнеттегі полиция майоры екеніңізді білеміз. Жалпы билікке наразылығыңызды ашық көрсету қашан және қалай басталды?
– Мен 25 жыл құқық қорғау саласында жұмыс істеп, полиция майоры шенімен зейнетке шықтым. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылында еңбек еттім. 2010 жылы отбасы жағдайыма байланысты Жетісу облысы Талдықорған қаласына көшіп келдім.
2018 жылы қызым телефон сыйлады. Содан бері әлеуметтік желіні жіті қадағалайтын болдым. Ойымды, саяси көзқарасымды әлеуметтік желіде жаза бастадым. 30 жыл бойы бір адам басқарған жемқор жүйені сынадым.
Маған күштік құрылым өкілдерінен, прокуратурадан бірнеше рет ескерту берілді. Оларға Қазақстанның кез келген азаматы өз пікірін айтуға құқығы бар екенін айттым. Барлығы өз әріптесім ғой. Олар маған «Аға, бізге нұсқау беріп отыр, қойсаңызшы» деді. Бірақ мен қоймадым.
2018 жылы Тәуелсіздік күнінде Алматыдағы қызымның үйінде болдым. Таңертең алаңға баруға шыққанмын, күштік құрылым қызметкерлері мені есіктің алдында ұстап әкетті. Бірден Талдықорғанға әкелді. Сол кезде 50 АЕК айыппұл салды. Сонда да қоймай жаза бердім.
2019 жылы үстімнен Қылмыстық кодекстің 405-бабы («Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу») бойынша іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Артынша бір жылға бас бостандығымды шектеп, үй қамаққа жіберді. Сонда да тоқтамай жаза бердім.
Бір күні үйіме 4-5 көлік тоқтап, бір топ адам сау етіп кіріп келді. Үйімді тінтіп, өзімді тұтқындады. Талдықорғанның тергеу изоляторына апарып, үш айға қамады. Сот болып, сот залында мені босатты. Осылайша бас бостандығымды шектеу мерзімі 1 жыл 4 айға ұзартылды. Яғни, екінші рет сотталдым.
2021 жылы туған жерім Мақаншыға келіп, қазір осы жерде тұрып жатырмын.
– 2019 жылы Талдықорған арбатында көпшілікті митингіге шақырғаныңыз рас па? 10 мың доллар беру туралы әңгіме қайдан шықты?
– Иә, ол жерде ешқандай құпия жоқ. Конституцияда «мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» делінген. Азаматтар пікір айтуға, бейбіт жиын өткізіп, митингіге қатысуға құқылы. Біздің билік өзін Конституциядан жоғары қойып алған. Сондықтан бізде заң жоқ. Жазғаным рас, шақырғаным рас. 10 мың доллар береміз деген сөз Мұхтар Әблязовтың үндеуінде бар. Оны сотта да айттым. Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы әлеуметтік желіде жұмыс істеді. Оны астананың Есіл аудандық соты экстремистік ұйым деп жариялады.
Шындап келгенде, сотқа екі тарап та қатысуы керек. Егер шешім шығарса, оған аппеляциялық шағым, кассациялық шағым берілуге тиіс. Соттың тәртібі сондай. Ал бізде сот биліктің нұсқауын ғана орындайды. Мысалы, сол сотқа ешкім қатысқан жоқ, ешкім аппеляцияға берген жоқ. Бұл биліктің істеп отырған қитұрқы әрекеті. Ол – заңсыз, әділетсіз шешім.
– Сол оқиғалардан кейін әлеуметтік желіде көрінбей кеттіңіз. Қазір де желіден парақшаңызды таба алмадым. Одан кейін ұстаным, пікіріңіз өзгерді ме?
– Көзқарасым да, саяси ұстанымым да өзгерген жоқ. Телефонымның жады толып кете береді, сондықтан Facebook желісін өшірдім. Бірақ YouYube-та видеолар жариялап отырамын.
Қаңтарда халық неге шықты? Себебі біз Солтүстік Корея болып бара жатырмыз. Біздің мемлекет – түрме-мемлекет. Жаңа Қазақстанды құрғысы келсе, түрмеде жатқан саяси тұтқынның барлығын босатуы керек. Жанболат Мамай және оның жақтастарын, Ермек Нарымбайды – бәрін түрмеден босату керек. Саяси ұстанымы мен өздерінің ой-пікірін ашық айтқаны үшін азаматтардың бәрін қамап тастай берсе, жаңа Қазақстаннан пайда жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» деген сөз.
– Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің ықпалына қатысты ойыңыз қандай? Содан кейін ықпалы әлсіреп жатыр дегенге сенесіз бе?
– Қаңтар оқиғасынан кейін істеп жатқанының бәрі – халықты алдау. Неге Назарбаевтың өзін тұтқындамайды? Неге Астананың атын қайтармайды? «Нұр отан» партиясын мүлде таратып жіберу керек еді. Атын өзгертіп қоя салды. «Нұр Отанды» Amanat деп өзгерте салғаннан мәселе шешілген жоқ. Оның бәрі көзбояушылық. Ол партияны тұқым-тұяғымен таратып жіберу керек.
– «Шал, кет!» деген сөз билікке наразылық акцияларының лозунгіне айналды. Бұған сіздің тікелей қатысыңыз бар екені айтылады.
– «Шал, кет» деп әлеуметтік желіде көп жаздым. Жаза да беремін. Біз айтпағанда кім айтады? Зейнеткер ақсақал болдық. Жастар көбі ән айтып, той тойлап жүр. Бір күн қарын тойғанына мәз.
Ертең біздің елді кім басқарады, жерасты, жерүсті байлығымызға кім ие болады? Оған бәріміз жауаптымыз. Сондықтан елдегі мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
– «Шал, кет!» деп айтып, жазып жүргеніңізде сізге қатысты қысым күшейгені рас па?
– 2019 жылы сотта «Шал, кет!» деп кімге қарата айтып жүргенімді сұрады. Назарбаевқа қарата айтқанымды жасырмадым.
2019 жылы 6 шілдеде митинг жоспарланды. Бір күн бұрын Талдықорған базарына немереме қажет заттар алуға бардым. Зат алып жүріп базардағы сатушыларға «ертең митингіге келіңдер. YouTube-та арнайы канал бар, соны көріңдер. Халық шығады, сендер де келіңдер. Шыққан адамға 10 мың доллардан береді екен» дедім. Ол кезде мені ҰҚК қызметкері аңдып жүрген екен. Талдықорғанда өткен сотта базар сатушыларын куәгер ретінде қатыстырды.
– Қазақстан қашан өзгереді?
– Ол күн де алыс емес. Ресейдің қазіргі жағдайын көріп отырмыз. Ресей жеңіледі. Путин биліктен кеткеннен кейін оған қатысты халықаралық сот шешім шығаруы мүмкін. Тарихта мұндай тәжірибе бар. Аяусыз қылмыс жасаған адамның қылмыс мерзімі өтіп кетті деуге келмейді. Ерте ме, кеш пе жазасын алады. Сол сияқты Путин, Назарбаев, Мирзиёев, Лукашенконың қылмысының мерзімі өтпейді. Оларды соттайтын уақыт келеді. Путин кетеді, сосын Кеңестер одағы сияқты Ресей Федерациясы да ыдырайды. Бурятия, Татарстан, Башқұртстан болып бөлініп кетеді.
Әлеуметтік желіде әділ сот, демократиялы ел үшін күресіп жатқан Ардақ Әшім, Маржан Қаратаева, Ғани Стамбек, Сәлім Өтен, Ержан Өтембаев, Айдос Садықов сияқты азаматтар бар. Осындай тұлғалы азаматтар барда болашақта бәрі өзгеретініне сенемін.
– Қаңтар оқиғасы туралы не ойлайсыз?
– Қаңтар оқиғасында халық бейбіт шеруге шықты. Жылдар бойы жиналып, қордаланып қалған мәселесін, заңсыздықты айтып, өз құқығын талап етіп шықты. Ал оны жаппай тәртіпсіздікке, бассыздыққа ұластырған арандатушы – билік, ұлттық қауіпсіздік қызметі.
Сұқбаттасқан: Шынаргүл Оңашбай