Екінші «қаңтардың» ауылы алыс емес – сарапшы (ВИДЕО)
Сондай-ақ ол еліміздегі сәтсіздіктердің барлығын тек бір отбасына жаба берудің қателік екенін ескертті
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғасы елдегі протестік көңіл-күйді өршітіп жібергенін айтты.
Қаңтарға дейін қандай протестік топтар болды, дәл сол топтар түрлі ереуілдер ұйымдастырып жатыр. Бұл – негізінен батыс өңірі, мұнайшылар, көпбалалы аналар және саяси репрессия құрбандары мен олардың туыстары. Осының бәрін ескеретін болсақ, бізде протестік көңіл-күй азайған жоқ, керісінше өрши түсті деуге болады, - дейді ол.
Айтуынша, билік қателіктерін түсініп, мойындаған болып, «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп мәлімдегенмен, қаңтар оқиғасына алғышарт болған себептерді әлі күнге дейін жоймаған.
Экономикалық проблеманы қосыңыз, күннен-күнге қымбаттап бара жатқан бағалар, бюджет мүмкіндігінің шектелуі, жалпы әлемдегі тұрақсыздық. Осы факторлардың барлығын есепке алатын болсақ, екінші «қаңтардың» ауылы алыс емес сияқты болып көрінеді, - деп болжап отыр әлеуметтанушы.
Осы орайда ол «Қаңтар оқиғасына кім жауапты?» деген сұраққа да бірден жауап берді. Оның пікірінше, жыл басындағы толқуларға бірінші кезекте Президент әкімшілігі мен Үкімет жауапты.
Қарабайыр саяси жүйе күрделенген қоғамға сәйкес болмады. Қоғам күрделенген сайын басқару жүйесі де күрделенуі керек еді. Билік авторитарлықтан демократияға қарай жүрген кезде қаңтар оқиғасы болмайтын еді, - дейді Серік Бейсембаев.
Сондай-ақ ол еліміздегі сәтсіздіктердің барлығын тек бір отбасына жаба берудің қателік екенін ескертті.
Егер біз қаңтар оқиғасын Назарбаев отбасының қарсылығы ретінде ғана қабылдап, солай түсініп қалатын болсақ, өкінішке қарай қоғам ретінде алға қарай жылжи алмаймыз. Кландар деген болған, бола да береді. Бірақ сол кландарды тәртіпке бағындыратын – азаматтық қоғам, - деген пікірде сарапшы.
Сұхбаттың басқа да мәселелерді кеңінен қамтыған толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.