1885 жылы тұрғызылған стела күні бүгінге дейін жақсы сақталған
Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында Ресей басқыншылығына арналған ескерткіш тұр.
Жақында стеланы баспагер, журналист Бақытжан Бұқарбай әдейі іздеп барып, видеосын түсіріп қайтты.
Мұндай үлгідегі стелаларды Ресей империясы жергілікті халықтың қанын төгіп, басып алған жерлерде орнататын болған. Стеланың төбесінде империяның бүркіті тұр. Ескерткіштің төбесінде тұрған бүркіт бір қонған жерден ұшпаймын, бір орныққан мекеннен кетпеймін дегенді меңзейді. Қашан орнатылғанын білмеймін, бірақ айналасы біраз күтілмегені көрініп тұр: шөп басып, плиткалары қирай бастаған. Соған қарамастан жақында бір тақта орнатыпты. Сонда орыстың өзіне керек болмай қалған дүниені қазақтың қастерлеп сақтап жүргенін қалай түсінуге болады? Аудан басшылығы мен президент әкімшілігі қайда қарап жүр?
Қазаққа жат ескерткішті сүріп тастау дұрыс шешім болар еді, – деп жазды ол Facebook-те.
Бұл ескерткіш туралы әңгіме көп. Соның бірін журналист Нұрбек Бекбау те айтты.
Осы Ұзынағаш шайқасынан соң, Кенесары ханның екі ұлы Ахмет пен Тайшық Ресей жағына өтеді. Бұл екеуі Қоқан хандығының әлсіз екенін, 22 мың қоқан-қазақ армиясын орыстың 2 мың жасағы талқандап тастағанын ескереді. Ал Кенесары ханның үшінші ұлы Сыдық төре жер бетінде ең соңғы түрік-мұсылман мемлекеті қалса, сол мемлекет егемендігі үшін де соғысам, деп кетіп қалады.
Ұзынағаш шайқасына негізінен қазақтың жігіттері қатысты. Бұл стела бетімізге түскен таңба. Алып тастау керек, – деді ол.
Енді осы стеланың тарихы туралы айтсақ, ол 1885 жылы тұрғызылған. 1860 жылы қазақтар мен казак гарнизонының бірігіп, Қоқан хандығының шабуылына қарсы шығып, жеңгеніне байланысты салынған деген дерек бар. Сонда қазақтар орыс-казактардың, яғни Ресей империясының жағында да Қоқан хандығының жағында да соғысқан. Кейбір деректерге қарағанда, Қоқан ханының жағында соғысқан қазақ жігіттері көп болған.
Стела содан бері ол жақсы сақталып келеді. Стела алғаш тұрғызылғанда оның төбесінде екі басты бүркіт, ал айналасында зеңбіректер болған екен. 1917 жылы бүркіт алынып тасталыпты, ал зеңбіректер Амангелді Имановтың көтерілісі кезінде пайдаланған көрінеді. Сонымен бірге естелік жазуы бар тақта да ұрланыпты. Ол шойыннан жасалған еді. Осы тақтада қаза тапқан адамдардың аттары жазылған деген дерек бар.
2007 жылы Қазақстандағы орыс, казак және славяндар ұйымы үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаровтың бастамасымен тақтайшалар мен құс мүсіні қалпына келтірілген екен.