Halyq Uni логотип
×

«Спорт министрлігі жемқорлық ұстаханасына айналды»: Таэквон-до федерациясы Тоқаевтан көмек сұрады

Айдос Аманжолов спорт комитеті 1,5 миллиард теңгені негізсіз бөлгенін айтты

 Дәурен Ерболат 11.08.2022 | 15:48
«Спорт министрлігі жемқорлық ұстаханасына айналды»: Таэквон-до федерациясы Тоқаевтан көмек сұрады
Halyq Uni/Dauren Yerbolat

Таэквон-до ITF ұлттық спорт федерациясының президенті Айдос Аманжолов Спорт және мәдениет министрлігіндегі кейбір шенеунікті жемқорлық жасады деп айыптады, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі. 

Айдос Аманжоловтың айтуынша, Қазақстанда жалған құжат бойынша жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен төрешілер бар. Олардың кейбірі марапатқа ие болып, жоғары жалақы алады.

Елімізде таэквондоның 3 түрі бар. Таэквондо WTF олимпиадалық спорт түрі саналады. 2020 жылы біз Қазақстанда «таэквон-до ITF» спорт түрін тіркедік. Жаттықтырушыларымызды спорт мектебіне жұмысқа орналастыруға тырыстық. Алайда спорт мектептерінде біздің атымызды пайдаланып, басқа жаттықтырушылардың жұмыс істеп жатқанын білдік. Олардың құжатында спорт атауы басқаша көрсетілген: таеквондо ITF, таэквондо ITF, - деді Айдос Аманжолов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Федерация президенті соның салдарынан мемлекетке қомақты шығын келгенін айтады.

«Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жоқ спорт түріне 1,5 миллиард теңге бөлген. Шенеуніктер бұл жағдайға көз жұма қараған... Менің ойымша, 2015 жылы жалған құжаттар дайындалып, сол бойынша қаржы бөліне бастаған», - деді ол.

Сондай-ақ федерация президенті министрлікте кейінгі кезде жемқорлық дерегі жиілеп кеткенін атап өтті.

«Бұрын мәдениет және спорт министрлігінде жауапты хатшысы қызметін Қуатжан Уәлиев атқарды. Ол пара алып жатқан жерінде ұсталды. Былтыр Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының екі орынбасары жемқорлық бойынша сотталды. Олар Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы спорт мектебінен аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Қазір Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу жүріп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі жемқорлықтың ұстаханасына айналып отыр», - деді Айдос Аманжолов.

Ол әділдік іздеп, сотқа жүгінген. Алайда сотта жеңілген.

Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті Айдос Аманжолов басқаратын федерацияның сертификатын қайтарып алған, ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті аккредиттеу туралы куәліктің күшін жойған.

Оның пікірінше, бұл – спорттағы рейдерлік. Ол таэквон-до ITF федерациясын кейбір шенеуніктің қолдауы арқылы ықпалды адамдар тартып алғысы келетінін айтады.

Алайда дәстүрлі таэквон-до федерациясының өкілі Нұрлан Әбенов Айдос Аманжоловтың сөзін жоққа шығарды.

Қазақстанда бұл спорт түрінен 5 федерация бар. Біз оларды біріктіргіміз келеді, үшжақты меморандумға қол қойдық. Біз бұл мәселені шешкіміз келеді. Алайда Таэквон-до ITF ұлттық спорт федерациясының президенті Айдос Аманжолов жұмысымызға кедергі келтіріп жүр. Ол тек өз мүддесін ойлайды. Біз мұны тоқтатқымыз келеді, - деді Нұрлан Әбенов.

Федерация президенті бұл айыптауларға келіспеді. Ол бұл мәселені тек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуымен шешуге болатынын айтып, президенттен көмек сұрады.

«Қазір Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде жемқорлық дерегі жиілеген. Олар тек жемқорлықпен айналысып кеткен. Мемлекеттік реестрде тіркелмеген спорт түріне бюджеттен 1,5 миллиард теңге жұмсалған. Бұл біреудің қалтасына кетті. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан Бас прокурор Берік Асыловқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновке тапсырма беруіңізді сұраймын. Олар осы іске қатысы бар шенеуніктерді анықтап, жауапқа тартсын», - деді федерация басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама