Оралдық кәсіпкерді өлтірген азамат қай жамағаттан шыққан?
Дінтанушы халықты көпке топырақ шашудан аулақ болу керектігін айтты
Оралдық қауға сақалды қылмыскерді мешіт имамдары танымайтын болып шықты. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқарамасының өкілі Хасан Аманқұлов «Сұрауы бар» YouTube арнасындағы подкаст алаңына қатысып, соңғы тексеру қорытындысын айтты. Діни басқарма қылмыс тіркелген күні бірден әлеуметтік желіде тараған ұзын сақалды азаматтың фотосуреті бойынша тексеру жүргізіпті.
«Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің әр облыста жауапты қызметкерлері бар. Имамдар. Бірден солармен хабарласып, сақалы болғаннан кейін мешітке келіп жүрушілерді намазхан ретінде танимыз ғой, танитыңдарың бар ма, бұл кім деп сұрадық. Оралда бұл азаматты таныған, білетін имамдар мен мешітке келушілер болмаған. Егер ол сақал қойып, бес уақыт намаз оқыса, мешітке келіп тұруы керек қой. Менің бір түйгенім, мешітке барып, имамның қасында уағыз тыңдаған, одан дәріс алған адам мұндай қылмыс жасамайтын еді», – дейді Діни басқарма өкілі.
Жалпы қазір қоғам арасында: «Не шықса да дінде жүргендерден шығады» деген пікір қалыптасқан. Дінтанушы Кеңшілік Тышханұлы жамағатты көпке топырақ шашудан аулақ болуға шақырып отыр.
«Кәсіпкерді өлтіріп, суреттері жарияланған кезден бастап әлеуметтік желіге түрлі пікірлер шықты. Радикалды топ өкілі ретінде айтылуы, сақалды, маңдайындағы белгісіне байланысты болса керек. Бұл да эмоционалдық тұрғыдан қылмысқа дайын деген тұрғысынан талқыланып жатыр. Бізде бастыстағы азаматтар қызуқанды. Әрине қылмыскерді ақтап алуға болмайды. Біздегі қателік - діндар немесе намаз оқиды десе, сақалы ұзын болса, оны уәлие періште деп ойлайды. Олай емес. Кез келген адам пенде. Әлемде 2 млрд мұсылман бар, соның бәрі қылмыс жасамайды деп айта алмаймыз», – дейді дінтанушы.
Сонымен бірге ол діннің өзі Құдайдың атынан жасалатын спектакльге айналып кеткенін, тіпті үлкен саясатты айтпағанда Бас мүфтидің өзі сайланады деп айтылғанымен, шындығында тағайындала салатынын айтты.
«Бізде 5 мүфти сайланған кезде оларға ешқандай балама үміткер болған жоқ. Бұл сайлау деп есептелмейді. Егер оны сайлау деп есептесеңіз, кандидаттарды жариялаңыз, бір муфтиді сайладым десем, оның екінші қарсыласы болуы керек. Біз ертең бәріміз Құдайдың алдында жауап береміз. Сайлау деген нәрсе ақыл-есі дұрыс адам түсінеді. Ол жерде бірнеше кандидат болады. Соның ішінен мына адам маған қызмет етеді-ау деп сайлап аласың. Ол сайланғаны үшін халыққа қарыздар болады. Жалғыз өзі келіп, басқа вариант жоқ, сайласаң да сайлайсың десе, ол кейін қызмет ете ме? Менің мүфтилерге қарсы ешқандай ренішім жоқ. Бірақ жалпы діннің өзінде осындай әділетсіздік болса, саясаттан оны күпей-ақ қояйық», – дейді Кеңшілік Тышханұлы.
Ол осындай ашық сайлаудың жоқтығынан жауапты тұлғалар халық алдындағы жауапкершіліктің жүгін сезбейді деген пікір білдірді.