×

«Сізде мүмкіндік бар»: қоғам белсенділері Тоқаевты Назарбаевтың қателігін қайталамауға шақырды

«Араша» қоғамдық комитеті Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған белсенділерді «саяси тұтқын» деп таныған

 Халық үні 10.08.2022 | 17:29
Halyq Uni / Esdaulet Qyzyrbekuly

Алматыда белсенділер Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған саяси белсенділерді босатуды талап етті. Оның ішінде құқық қорғаушы Евгений Жовтис, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, тарихшы Марат Сембі бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис «Араша» қоғамдық комитеті өз жұмысын қайта бастайтынын айтып, комитет «саяси тұтқындар» және Қаңтар оқиғасы қатысушыларына қолдау білдіретінін мәлімдеді.

«Комитет екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, саяси тұтқындар мәселесі. Қаңтар оқиғасынан кейін әртүрлі аймақта ондаған іс қаралып жатыр. Олардың саны өсіп жатыр. Кейбір аймақта «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген желеумен адамдар сотталып кетті. Олардың басым көпшілігін біз «саяси тұтқын» деп қараймыз. Саяси тұтқындар қатарына біз «ұлтараздықты қоздыру», «тыйым салынған ұйым ісіне араласу», «көрінеу жалған ақпарат тарату», «билік өкіліне тіл тигізу», «тұңғыш президенттің, президенттің, парламент депутатының ар-ұжданына нұқсан келтіру», «терроризмді насихаттау», «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» баптары бойынша істі болғандарды жатқызамыз», - деді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, бұл баптарды пайдаланудың саяси астары бар.

Бұл шын мәнінде осы баптар бойынша қылмыс жасалмады деген сөз емес. Алайда бұл баптарды пайдаланудың саяси астары бар. Оны дәлелдеу қиын емес. Сол себепті «саяси тұтқындарды» анықтайтын комитет жұмыс істеп жатыр. Екінші бағыт – Қаңтар оқиғасы бойынша жұмыс істеп жатқан азаматтарға көмектесу. Азаптау істері бойынша көмек көрсету, тегін адвокат тауып беру секілді көмек көрсетіледі, - деді Жовтис.

Ол Кеңес одағы кезінде де заң бойынша елде саяси репрессия болмағанын айтты. Алайда ол бұл терминнің қолданылмауы репрессия болмағанын білдірмейді.

«Әділет министрлігі «бізде саяси тұтқындар жоқ» дейді. Олардың сөзінше, біріншіден, ұсталғандар – қатардағы қылмыскерлер. Екіншіден, заңда ондай термин жоқ. Дәл осы жерде менің есіме Кеңес Одағының заңнамасы түседі. Ол жерде де саяси репрессия термині болмаған. Бірақ терминнің жоқтығы репрессия болмады дегенді білдірмейді. Саяси репрессияға ұшыраған адамдардың барлығы «саяси тұтқын» деп аталады. Олар саяси себептермен бас бостандығынан айырылды, кейбірі қайтыс болды. Заңнамада саяси репрессия немесе саяси тұтқын болған-болмағанына қарамастан, 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанда саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. Егер ел демократиялық бағытқа бет алған болса саяси тұтқындар болмауға тиіс», - деді Евгений Жовтис.

Мұрат Әуезов Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырған Жанболат Мамайды босату керек екенін айтты.

«Жанболат Мамайдың отбасына оралуына, алаңға шығып, қазақтың сөзін, шындығын айтуға мүмкіндік беруге атсалысайық. Билік өзінің жіберген қателіктерін Жанболаттың мойнына арту арқылы әділетсіздік жасап отыр. Билік әлі күнге дейін Қаңтарда болған жағдайға әділ баға берген жоқ. Бұл жай ғана әділ баға бермеу емес, бұл шындықтан әдейі дұрыс көрсетпеу... Қазір қаңтардағы оқиғаны әділ бағалап, тергеп, зерттеу қажет. Әр дүниені өз атымен атау қажет», - дейді Әуезов.

Жиынға қатысқан белсенді Әсем Жәпішева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қателігін қайталамауға шақырды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізге дейін елімізді 30 жыл бойы саяси бәсекелестіктен қорыққан Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Ол сөз бостандығын, саяси бәсекелестерін басып-жаншып, демократияны тұншықтырды. Оның неге алып келгенін қаңтарда көрдіңіздер. Саяси бәсекелестік болмаған жерде елдің әл-ауқаты ешқашан өспейті. Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің Назарбаевтың қателегін қайталамауға мүмкіндігіңіз бар. Саяси бәсекелестіктен, жастардан қорықпаңыз...», - деді Жәпішева.

Жиын соңында «Араша» қоғамдық комитеті Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Жанболат Мамайды, азаматтық белсенділер Фарид Ишмұхамбетов, Абылайхан Бекеев, Ләззат Досмамбетова, Жанмұрат Әштаев, Қайрат Сұлтанбек, Айдар Байсағатов «саяси тұтқын» деп танығанын мәлімдеді.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама