Ресейге салынатын санкция салдары Қазақстандағы девальвацияға әкеледі – сарапшы
Асхат Наметшаның пікірінше, инфляцияға валюта курсы базалық ставкаға қарағанда көбірек әсер етеді
Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы қақтығыс Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді және оның себебі девалвацияға әкелуі мүмкін. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне Central Asian Institute for Development Studies (CAIDS) компаниясының бас директоры Асхат Наметша айтты.
Сарапшының пайымынша, Қазақстандағы инфляцияның артуына негізінен базалық мөлшерлеме мен валюта курсы ықпал етеді. Әсіресе, тауарлардың импорты валюта курсына мейлінше әсер етеді, өйткені оларды сатып алу үшін шетел валютасы қажет.
Көп жағдайда бағаның өсуіне рубль арнасы арқылы айырбас курсы әсер етеді. Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екенін ескерсек, тұтынушылық инфляцияның сыртқы сауда арналары арқылы импорт (импорттың 35%-40%) Қазақстан экономикасына инфляциялық қысым жасайды. Соның салдарынан бізде инфляцияға валюта курсы базалық ставкаға қарағанда көбірек әсер етеді, - деді Наметша.
Сонымен бірге, ол батыс елдерінің Ресейге салынатын санкциялары автоматты түрде Қазақстанға да тарауы мүмкін деген пікірде.
«Менің ойымша соңғы кездегі әлемдегі геосаяси жағдай, әсіресе Украинаға байланысты Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы қақтығыс Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді және оның салдары девалвацияға алып келеді. Біріншіден, логистикалық тізбектің бұзылуына байланысты шетелден келетін тауарларға дефицит болуы мүмкін, нәтижесінде ол бағаның өсуіне алып келеді. Екіншіден, Батыс елдерінің Ресейге салынатын санкциялары автоматты түрде Қазақстанға да таратылуы мүмкін», – деп қосты сарапшы.