×

Оразалин депутаттыққа қоғам белсенділерін тартқалы отыр

Қоғам белсенділігінің жоғарылауы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етіп, әлеуметтік шиеленістерді төмендетуге мүмкіндік берді

 Еркеғали Болатұлы 09.08.2022 | 15:21
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин халықпен кездесудің жаңа форматы несімен тиімді болғанын айтты деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Биылдан бастап президенттің арнайы жарлығымен министрлер мен әкімдер халықпен кездесудің жаңа форматына көшті. Оған сәйкес, басшылар шалғай жатқан ауылға дейін барып, елдің мұң-мұқтажымен танысуға міндетті. Соның нәтижесінде өзекті деген мәселелер шешіледі деген жоспар бар.

Үкіметтің бүгінгі отырысында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жаңа форматтағы кездесулердің тағы бірнеше тиімді тұстарын атап берді. Оның айтуынша, халық сахнасыз және трибунасыз өтіп жатқан жиналыстарды жақсы қабылдап жатыр. Ал өңірлерде белсенді азаматтар көбейген.

Осы жылдың басынан бері қоғам белсенділігі біраз жоғарылады. Бұл өз кезегінде жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етіп, әлеуметтік шиеленістерді төмендетуге мүмкіндік берді. Екіншіден, өңірлердің, аймақтардың, тіпті, әрбір тұрғын үй алқаптарының маңызды проблемаларын анықтауға жағдай жасады. Үшіншіден, тұрғындар арасында бұрын-соңды байқалмаған пікір көшбасшыларының, белсенді азаматтардың іріктелуіне мүмкіндік берді, - деді Оразалин Үкімет отырысында.

Оның ойынша, қоғамдық кеңеске, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, тіпті, депутаттыққа түрлі қоғам белсендісін тартуға болады. Себебі олар тұрғындардың қолдауына ие.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама