Бучада халықты қырған Ресей әскерилері қаза тапты

Дастан Жұмабекұлы

Олар «Кобзонның концертіне» жолдама алды

фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Украинаның Киев облысындағы Буча қаласының бейбіт халқын қырған Ресей жауынгерлерінің бір бөлігінің қаза тапқаны хабарланды.

Украин қарулы күштері Ресей Федерациясының № 64 жеке мотоатқыштар бригадасының көзін жойды. Олар көктемде Буча қаласында қан-қасап қырғын жасаған еді. Енді өздері келген Хабаровскте тек естелік суреттері ғана қалды.

Көктемде, дәлірек айтқанда сәуір айының соңында Украинаның қарулы күштері Киев облысындағы Буча қаласын Ресей әскерлерінен азат еткеннен кейін олардың жергілікті тұрғындарды қалай қырып-жойғанын көрген болатын. Ресей әскерилері наурызда бір ай бойы адамның жас-кәрісіне, жынысына қарамай бейбіт халықты қырып тастаған еді.

Осыдан кейін шағын қаладағы қырғын жер жүзінің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Сәуірде украин әскері қалаға кіргенде 300-ге жуық адам өлтірілген деген дерек шықса, қазір жаудың қолынан қаза тапқандар бұдан да көп делінуде. 8 маусымдағы соңғы мәліметке қарағанда, Бучаның өзінде 461 адам өлтірілсе, оның маңында 1137 адам жер жастанған. Бірақ, бұл да әлі нақты мәлімет емес. Өйткені, қаза тауып, жерге көмілгендер саны күн өткен сайын көбейіп жатыр.

«Бауырластар бейітіне» айналып кеткен қалада жау ойына келгенін істеген. Осында бейбіт халықты қырып-жойған әскерлер оларды көше бойларында, үйлердің ауласында, шаңырақтарында, балалар бақшасы мен мектептерде атып тастап кете берген. Көпшілігін арқалары мен желкелерінен атқан.

Буча қаласының мэрі Анатолий Федоруктың айтуынша, өлтірілгендердің біразының қол-аяқтары байланған, шұңқырларға тасталған. Осының бәрі халықтың жан тапсырар алдында әбден азапталғанын көрсетеді.

Көшеде атылғандар арасында 14 жастағы балалар да бар. Олар 14 пен 60 жас аралығындағы ер азаматтарды атып отырған.

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк та осының бәрін Ресей әскерлерінің істеп кеткенін айтып, Еуропа елдеріне үндеу жолдады.

Ол Бучадағы қырғын Ирпень мен Гостомел қалаларында да болғанын, қазір дүние жүзі Украина жерінде Ресей әскерлерін тоқтата алмай, адам айтқысыз сұмдықтарды үн-түнсіз көріп жатқанын атап өтті.

Киев облысындағы Буча қаласында бейбіт тұрғындарды қырып кеткен Ресей армиясының әскери бөлімшесі екені белгілі болды деп хабарлады «Третья сила» Telegram-арнасы.

InformNapalm сайтында әскери бөлімше туралы барлық архив мәліметтері мен түсіндірмелер жарияланды. Онда сол күндері Бучада Ресей Қорғаныс министрлігі Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты № 35-жалпы әскери армиясының № 64-жеке мотоатқыштар бригадасы тұрған деген дерек келтірілген.

Бригада командирі – подполковник Омурбеков Азатбек Асанбекович. Мекен-жайы: Хабаров өлкесі, Хабаров ауданы, Мотострелковый проезді, №3 үй. Телефон: (4212) 397103. Бригаданың дислокациялық орны: Хабаров өлкесі, Хабаров ауданы, Князе-Волконское селосында (позывное – Млечник) орналасқан 51460 әскери бөлім, – деген ақпарат таратқан.

Бучадағы қырғын туралы украиналық журналист Роман Цимбалюк те өзінің Youtube арнасында мәлімет берді. Ол жалпы саны 400-ден астам адамның азапталып өлтірілгенін ескертті.

Соның ішінде қалада 16-дан 60-қа дейінгі ер кісілерден ешкім тірі қалмаған, – деді ол.

Сонымен бірге ол бригаданың жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы мүшелеріне дейін белгілі болып отырғанын айтты.

Бучадағы оқиғаға қатысты тағы бір мәліметтің ұшы шықты. News.obozrevatel.com сайты бригада командирінің қырғыз, ал жеке құрам жауынгерлерінің басым бөлігі орыстар мен буряттар екенін атап көрсетті.

Осыдан кейін Украинаның қарулы күштері Бучада халықты қырған топты жойып жіберді деп хабарлады.

Харьков қаласында тұратын волонтер Роман Дониктің айтуынша, украин әскері Ресей армиясының № 64-мотоатқыштар бригадасын талқандап тастады. Бұл бригада Киевтің түбіндегі Буча қаласында адам айтқысыз айуандық жасап, бейбіт тұрғындарға білгендерін істеп, қырып жіберген болатын. Олар кеткеннен кейін қаладан 430 адамның мәйіті шықты.

Ресейліктердің № 64-бригадасы украинның № 93-бригадасының күшімен жойылды. Олар холодярлықтарға шабуыл жасауға келгенде бәрі жер жастанды, – деді ол.

Жақында Путин қатыгездіктерімен аты шыққан осы бригадаға «гвардия» атағын берген болатын.

Ал кеше емес, оның арғы күні осылардың тағы бір бөлігінің «Кобзонның концертіне» жолдама алғаны белгілі болды.