«Қоғам бізді қабылдауға дайын емес»: Денсаулық министріне кеңесші болған жігіт жанайқайын жеткізді
Алмаз Өткіров 17 жасында жол апатына түсіп, арбаға таңылған
Шілденің аяғында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкентке сапары кезінде 23 жастағы жігітке кеңесшісі болуын ұсынды. Бірінші топтағы мүгедектігі бар Алмаз Өткіров бұл ұсынысты қабылдаған еді. Halyq Uni тілшісі Алмаз Өткіровпен әңгімелесіп, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер мен министр кеңесшісі ретіндегі жұмысы туралы сұрады.
– Алмаз, министр тарапынан кеңесшісі болу туралы ұсыныс қалай түсті? Алдын ала хабарыңыз болды ма?
– Әлеуметтік желіден министр Ажар Ғинияттың Шымкент қаласына келетінін білдім. Содан кейін мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін айту үшін кездесуге бардым. Менімен тағдырлас жандардың проблемасын көтердім. Сол жерде министр маған өзінің көмекшісі болуға ұсыныс тастады. Оған қуана-қуана келістім.
– Нақты қандай мәселе көтердіңіз?
– Мүгедектігі бар тұрғындар арасында арбаға танылған азаматтар бар. Көп отырғаннан жамбасында үлкен жара пайда болады. Оның 1-4 санаты тек операция арқылы емделеді. Операция бағасы – 1-5 миллион теңге. Алматыда ақылы түрде жасалады. Мемлекеттен айына берілетін 70 мың теңге жәрдемақы қалай тартса да, жетпейді. Соның кесірінен ерекшелігі бар қаншама адамның терісі шіріп, жара сүйегіне дейін өтеді. Кейде асқынып, науқас қайтыс болады. Сондықтан мемлекет операцияны тегін жасатуға қолдау көрсетуін сұрадым. Бұл – бірінші мәселе.
Екіншіден, ерекшелігі бар азаматтар тегін емдеу-сауықтыруға үш айда бір рет бара алады. Үш айда екі рет баруға жағдай жасауын сұрадым. Ұсыныс айттым. Себебі қозғалыссыз отырған адамның қан айналымы бұзылып, ауруына ауру қосады.
Үшіншісі, емханада массаж жасайтын кабинеттің жоқтығы. Шымкенттегі емханаларда массаж жасайтын кабинет тек сөз жүзінде ғана бар. Алайда ішінде массаж жасауға қажет бір де бір құрылғы жоқ.
– Сол кездесуден кейін министрдің өзімен жеке сөйлестіңіз бе? Бір аптада ұсыныс, ойыңызды айттыңыз ба? Әлде министрдің көмекшілерімен байланыстасыз ба?
– Кездесуден кейінгі дүйсенбіде жиналыс өтті. Министр арбаға таңылғандарда пайда болатын жараға қатысты тапсырма берді. Жиналыстан соң министр екеуміз видео байланыс арқылы жеке сөйлесіп, таныстық. Қазір министрдің өзімен жеке байланыстамын.
– Министрдің көмекшісі ретінде қандай жұмыс атқарасыз? Шымкенттің денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді айтып, шешілуіне қызмет етесіз бе?
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін министрге тікелей жеткізгім келеді. Қазір штаттан тыс кеңесші болып тағайындалдым, осы саладағы кемшіліктерді айта аламын. Маған ол үшін ақы төленбейді.
– Сізге хабарласып жатқан азаматтар бар ма? Қандай мәселені көтеріп жатыр?
– Қазір көп адам мүгедектігі бар азаматтарға берілуі керек баспана бойынша да хабарласып жатыр. Өкінішке қарай, бұл мәселе менің құзырымда емес.
Сондай-ақ ерекшелігі бар азаматтардың медициналық хаттамаларға да көңілі толмайды. 2016 жылы арбаға таңылдым, сол кезде мемлекеттен емдеу-сауықтыруға жолдама жылына бір рет берілетін. Бұл өте аз. Денсаулығына байланысты арбаға енді таңылған жанды жыл бойы тоқтаусыз емдесе, шауып кетпесе де, денсаулығы оңалар еді. Осы жағын ескеруін сұрайды. Маған келген хаттарды жинап, толықтырып жатырмын.
– Қалада ерекшелігі бар азаматтарға жағдай жасалған ба?
– 17 жасымда жол апатына түсіп, содан бері арбада отырмын. Өзіммен тағдырлас адамдардың жағдайын өте жақсы түсінемін. Жыл өткен сайын барлығы дамып жатыр. Биік-биік ғимараттар, ойын-сауық орталықтары ашылды. Алайда оның бәрі тек сау адамдарға арнап жасалған. Біз сияқты арбаға таңылғандар ешқайда кіре алмайды. Себебі пандустар тым биік қойылған не ол мүлде болмайды. Мүгедектігі бар адам өзі көтеріле алмайтыны белгілі, биік орнатылған пандусқа оны жанында жүрген адам да сүйреп кіргізе алмайды.
Жолда жүру де мүмкін емес. Жаяу жүргіншілер жолының өзі тек он екі мүшесі сау адамға арналған. Қоғам да бізді қабылдауға дайын емес. Көшеге шықсаң, шұқшиып қарайды. Сол көзқарастан қашып, үйінде қамалып, ауруын асқындырып отырғандар қаншама...