«Орысша сұраққа қазақша жауап»: желіде қазақ балуандары талқыға түсті
Татамиде мемлекеттік тіл үшін де күресіп жүр
Осы күндері астанада алғаш рет дзюдодан ересектер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында жүлде алған балуандарымыздың жарыс аяқталған соң, журналистердің орысша қойған сұрақтарына қазақша жауап беріп жатқаны желіде қызу талқыланып жатыр.
Facebook-те «Хабар» арнасының тілшісі Аслан Қаженов: «Қазақ тілінде ғана жауап береді... Дзюдошылар осылай мемлекеттік тіл үшін күресіп жүр. Тыныш қана. Әлемдік аламандарда топ жарады. Сұхбаттарын қазақша береді. Амал жоқ, басқалары аударып алуға мәжбүр», десе, тағы бір әріптесіміз «Азаттық» радиосының журналисі Руслан Меделбек: «Дзюдодан Азия чемпионаты өтіп жатыр ғой. Бір ұққаным, Сметовтің бір өзі бұл спорттың беделін көтеріп тастағандай. Елде бір жарыс болса жұрт жарнамасыз жинала қалады. Бұл – бір. Екіншісі, дзюдода қазақ тілі үстем. Татами шетіндегі бапкерлердің «ұста, өзің бірінші, аяққа кір, аяқтан ал, қимылда, тұр-тұр, жинал, күрес, айналдыр да мыжып жатып ал, жылдамдық қос» дегені, спортшылардың орысша сұрақтың өзіне тек қазақша жауап беріп жатқаны. Аслан Қаженов айтпақшы, дзюдошылар қазақ тілі үшін де тып-тыныш күресіп жүр екен», деген посттар жарияланған.
Желіде орысша сұраққа қазақша жауап берген әйелдер арасында 48 кг салмақта күресіп, күміс медаль алған Абиба Әбужақынова пен ерлердің белдесуінде 60 кг салмақта қола жүлдегер атанған Мағжан Шамшадин.
Осы жарыста 66 кг дейінгі салмақты күш сынасқан Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдені иеленген болатын.
Бүгін жарыстың екінші күні татамиге Қазақстан атынан 73 кило салмақтағы Данияр Шамшиев шығып, қырғыз Шыңғысхан Сағынәлиевтен басым түсті. Осылайша, ол кем дегенде, күміс медаль иеленетін болады. Одан басқа тағы екі балуанымыз Ерлан Серікжанов (73 кг) пен Мөлдір Нарынова (63 кг) татамиге шығады.