Қазіргінің мұғалімі қандай болу керек? Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан төрт кеңес

Ербол Тұрымбет

Оқытушы жұмсақ дағдыларды да меңгеруі тиіс

Сурет: ашық дереккөзден

Қазір ақпараттық технологияны оқушы түгілі, тілі шықпаған балаларға дейін меңгеріп жатыр. Әр бала заманауи технологиялар мен әлемдегі, қоғамдағы оқиғалардан түгел хабардар. Сансыз деректер мен сағат сайын келіп жатқан жаңалықтардан хабардар оқушыларға білім беретін бүгінгінің мұғалімі қандай болу керек деген сұрақ туындайды. Осыған қатысты педагог, мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ҚОҒАМДЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРҒА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖАУАП БОЛУ ҚАЖЕТ

Қазіргінің мұғалімі заманауи технологияларды, методикаларды, сонымен қатар бүгінгі таңдағы өзекті деген қоғамдық проблемаларға педагогикалық тұрғыдан жауабы, шешімі бар азамат болуы қажет.

Депутаттың айтуынша, мұғалімнен ең алдымен талап етілетіні, өз пәнінің жоғары құзіреттіліктерін меңгеруі, яғни, пәндік құзіреттіліктер мен пәндік дағдыларды жоғары деңгейде меңгеруі. Мысалы, қазақ тілі пәні мұғалімінің 6-сыныпқа сабақ берген кезде сабақты жоспарлау, мақсатын қою, балалардың білімін тексеру, сонымен қатар сол пәннің мазмұнына қатысты талаптары бөлек. Ал 11-сыныпта балаларды емтихан кезеңіне, ҰБТ-ға даярлау, мектепті тәмамдайтын балалардың қазақ тілінен құзыреттіліктері, тіл нормалары, тілдің мазмұнына қатысты талаптары әрине, күрделірек.

Сондықтан пәндік мазмұн дегенде мұғалім жалпы білім беру стандартын толық меңгерген, 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін өз пәнінің құзіреттіліктерінің аясында сабақтың жоспары мен мақсатын қоя білетін, сол мақсатқа қол жеткізудің өлшемшарттарын жетік білетін адам болуы керек. Өйткені, дарынды балалар бар, оларға қоса сол пәнді ұнатпайтын немесе қабілеті аздау балалар бар, соның барлығына осы пәнге қызығушылығын тудыратындай пәндік құзіреттіктері жоғары болуы керек. Бұл бірінші мәселе, – дейді депутат.

ЭМОЦИОНАЛДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ УНИВЕРСИТЕТТЕР ЕНДІ ОҚЫТА БАСТАДЫ

«Екінші үлкен мәселе – эмоционалды интеллект. Оны университеттер енді ғана айта бастады. Бірақ, ЖОО-лар пән мұғалімдеріне интеграциялап, осы дүниені беріп жатқанын әлі де көрмедік. Өйткені, сол универлердің түлектері еңбек нарығында, яғни мектептерде білім беріп жатыр. Солардан байқағанымыз, балалардың эмоционалды проблемаларын шешуде осындай эмоционалды интеллект, импатия, өзінің когнитивті дағдыларын көрсетуде әлі де тәжірибе аздау. Сондықтан мұғалімнің екінші үлкен дағдысы, әрине, эмоционалды интеллект», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар, эмоционалды импатияны, когнитивті дағдыларды меңгеруі маңызды. Өйткені, әр баланың өз қиындығымен жүрген күрделі кезеңінде өз бетінше жол табуына педагог ретінде өз пәнінің аясында атсалысу. Ол үшін әрине, мұғалімнің өз эмоционалды интеллекті, дағдылары жоғары болуы қажет. Оны қарапайым тілмен «жұмсақ дағдылар» деп те жүрміз.

Көптеген зерттеулер, оның ішінде халықаралық зерттеулер білім жүйесінің сапасы педагогтың білім сапасына тікелей байланысты екенін дәлелдейді. Сондықтан мұғалімнің білім сапасын көтеру өте өзекті. Ол үшін мемлекет тарапынан қаржы бөліп, түрлі тәжірибелер енгізіліп жатыр. Мұғалімдердің мектепке кірген кездегі, аттестация кезіндегі біліктілігін қарастыру да халықаралық әрі өте қажет тәжірибе.

МҰҒАЛІМ ТӘРБИЕ КОМПОНЕНТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА МІНДЕТТІ

Үшінші мәселе, мұғалімдердің методикалық білімдерді меңгеруі. Методика бұрын пәнге қатысты айтылатын. Бірақ соңғы кездері онлайн енгізіліп, оның да өз тәртібі қалыптасты. Бұдан өзге, патриоттықты тәрбиелеу, баланың моральдық келбетін қалыптастыру, бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру дегендерді тәрбиешіге жүктеп қойдық. Бірақ, мұғалім сабақ беру барысында өз пәнінің тақырыбы аясында да осы айтылған тәрбиелік компонентті жүзеге асыруы міндетті. Сондықтан, мұғалімнің тәрбиелік, ізеттілік, адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы рөлі ашылмай жатыр.

Қазіргі педагогикада соңғы 5-6 жылда тәрбие жұмысы архаика секілді қарастырылды. Пандемиядағы дистанциялық білімнен дәстүрлі білімге ауысқан кезде тәрбиенің өзектілігін, мұғалімнің баланы тәрбиелеудегі рөлінің қаншалықты маңызды, сұраныста екеніне көзіміз жетті. Бірақ қазіргі білім алып жатқан мұғалімдерде осы тәрбие компоненті қаншалықты жүзеге асырылады? Соған баса мән берілу керек. Азаматтық қоғам құру, құқықтық мемлекет құру – оның барлығы білім саласымен байланысты. Соның ішінде мұғалімнің тұлғасымен байланысты, – дейді депутат.

БАЛАНЫ СЫНИ ОЙЛАУҒА ҮЙРЕТЕ АЛУ КЕРЕК

Жанар Сүлейменованың айтуынша, қоғамдық-саяси мәселе деген кездеәлеуметтік желі болсын, интернеттің ақпараты болсын, моральдық жағына жауапкершілік алатын бір де бір ұйым жоқ. Сондықтан мұғалімнің негізгі міндеті баланы сын тұрғысынан ойлауға үйрету. Яғни, бала керек ақпаратын іздеп табуға үйрену қажет. Және сол ақпарат тасқыны, ақпарат ағынынан өзінің керегін іздеп тапқаннан кейін сол ақпараттың моральдық жағынан өзіне қаншалықты қажет, сол жағынан сын тұрғысынан ойлап үйрету де маңызды. Баланы мектепте шектеп қою оңай. Бірақ, үйде, қоғамда ондай жоқ. Сондықтан дұрысы, алған ақпаратымен жұмыс істей алуға үйрету.

Инклюзивті қоғам құрамыз дедік. Мемлекет басшысы соған бастамашы болды. Депутаттық корпус тиісті заңдарды қабылдады. Әйтсе де балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университет, ғылым саласына дейін мүгедектігі бар немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жақсы білім алуына, сол қоғамға араласып кетуіне мүмкіндік беретін бәрібір, мұғалім. Денсаулық жағдайы қалыпты балалармен жұмыс істеген мұғалімнің енді мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмсыс істеуі үшін методикасын өзгерту керек. Баланың қабілетін қарастыру керек болады. Тапсырмаларды қарастыру, сабақты дайындау, сабақтың материалын қарастыру – оның барлығы мүлде басқаша болады. Сондықтан да оны да арнайы оқыту керек. Өйткені, бұған да мұғалім үшін арнайы біліктілік қажет», дейді Жанар Сүлейменова.