Ру, діни ағым, жер бойынша бөлінгіш ұлтымызды, тіпті барлық диаспораны ұйыстыратын осы тілді қолдануға, дамытуға жоғары шенділер құлықсыз
Еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектебіндегі дау әлі тоқтар емес. Өткен айда Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Өркен» бағдарламасы аясында оқуға тапсырған балалардың ата-анасы қазақ және орыс тобына бөлінген гранттар әділ бөлінбегенін айтып шағымданған еді. Осыған ұқсас жағдай елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде де қайталанып отыр.
Аталған жағдайға байланысты журналист, телепродюсер Алма Сайлауқызы Facebook желісіндегі парақшасында министрлерге үндеу жариялады.
Оның айтуынша, биыл жүздеген алғыр оқушы «Одан да орыс мектебінде оқығаным жөн бе еді?!» деген сөздерді айтып, кіжінді. Оған мәжбүрлеген — НЗМ-дегі қазақ-орыс бөліміндегі арақатынас айырмашылығын ескермей, әділетсіз грант бөлген Назарбаев Зияткерлік мектептері.
Еліміздегі орта білім беру мектептерінің 70%-дан астамы ҚАЗАҚ тілінде екенін біле тұра, тура сондай 70:30 етіп грант бөлуге ерік-жігері жетпеді ме, әлде ақыл-санасы жетпеді ме екен? Қазақтың дарынды ұл-қыздарының алдында мемлекеттік тілдің мәртебесін бұдан артық тұқыртудың жолы бар ма? – деп жазды Алма Сайлауқызы.
Сонымен бірге ол Украинадағы қазақ тілшісі Аида Қаметжановамен тікелей эфирде сұхбат жүргізіп, оның Өскемендегі орыс сыныбын ашуды талап еткен қазақ аналарды көріп, жүрегі қан жылағанын айтты.
Журналист астана төрінде де балаларына орыс сыныбын ашпаса, «Путинге айтатынын» ескертіп, қорқытқан қазақ әскериінің әйелдерінің тірлігі туралы оқып күйінгенін, сондай-ақ құрбысымен балаларының ортасы, олардың сыныптастарының ауылдан келсе де, ұл-қыздарымен ана тілінде сөйлесуге «намыстанатын» ата-анасы туралы, жеке мектептердегі хабарландыру мен іс-шараларды мемлекеттік тілде өткізуге ынтасыз басшылықтары туралы ой бөліскенін жеткізді.
«Жақында кішкентайымыз Рәбияны бақшаға беріп жатқанда, келісімшарттың қазақша нұсқасын сұрап алдым. Берді. Толған қате. Соны менеджер қызға айтып, қателерін көрсетіп, түзетуді айтып жатсам, қасымдағы бір ата-ана: «Казахский все равно не используется. Мы же все под Россией» деп ыржиып тұр. Міне, біздің 2-3 жасар баласы бар жас ата-аналардың пікірі! Міне, Тәуелсіздікте туған буынның уланған санасы!» – деп күйінді ол.
Бұған қоса ол ру бойынша, діни ағым бойынша, жер бойынша бөлінгіш ұлтымызды, тіпті барлық диаспораны ұйыстыратын осы тілді қолдануға, дамытуға жоғары шенділер құлықсыз екендігіне назар аударды. «Олардың маужыраған ниетінің оянуын тағы 30 жыл күтуіміз керек пе?» ,– деді ол.
Белгілі продюсер аталған мәселенің шешу жолы ретінде мектепте жаңа пән енгізуді ұсынды.
«Бірнеше ғасыр бұрын басталған колонизация қаны былай тұрсын, сүйегіне дейін өтіп кеткен құлдық санадан арылтатын «Тектану» деген пәнді енгізу керек сияқты. Одан басқа жол көріп тұрған жоқпын. Мысалы, 100 жыл бұрын пролетар қоғам құрудың дәлелі ретінде Риддерде ашылған зауытта жүздеген қазақ азаматтарына орысша білмегендіктен ғана нан берілмегенін және медициналық көмек көрсетілмегенін, содан аш-жалаңаш, аурудан өліп кеткенін Мұстафа Шоқайдың Париждегі жеке архивінен өз көзіммен көргенмін. Яғни өлім мен өмірдің мәселесі болған ҚАЗАҚ ТІЛІ тақырыбы бүгінгі күнге дейін репрессияланған ұрпақтарының генінде ойнап, маза бермей, үркітіп, өзіне сенімсіз етіп, ақылға қонбайтын, төл менталитетіне жат, досқа күлкі, дұшпанға таба болатын әрекетке итермелеп отыр, – деп жазды Алма Сайлауқызы.
Сонымен қатар ол тектанушы Алия Сағымбаева «паразит файлдарды» санадан қалай өшіріп, өзін-өзі сыйлайтын, сыйлата алатын, еркін, азат адамды қалыптастырудың нақты, нәтижелі механизмін білетінін айтып, ҰЛТТАНУ пәнін де қажет деп есептейді.
«Ендеше, қазақ қоғамының іріңді дертін емдейік, құрметті министрлер! Өз мәдениетіміз бен санамыздан жиіркенуді, менсінбеуді доғарайық, өскелең ұрпақты өз тілінен жеріндіруді тоқтатайық, жетер!», – деп түйіндеді журналист.