×

Таулы Қарабақтағы даулы мәселе тағы басталды

Әзербайжан «Кек» операциясын жариялады

 Дастан Жұмабекұлы 04.08.2022 | 17:21
фото: ашық дереккөз

Сәрсенбі күні Таулы Қарабақтың дауы тағы басталды.

Әзербайжанның бүкіл дүниежүзі мойындаған Таулы Қарабақ жерінде үш сарбаз қаза тапты. Оның біреуі Әзербайжан жауынгері болса, екеуі ұлты армян сепаратистер.

Осыған байланысты  Әзербайжан өңірдегі бірнеше стратегиялық төбені бақылауға алғанын хабарлады.

Армения мен Әзербайжан армяндар көп қоныстанған, алайда халықаралық қауымдастық Әзербайжанның аумағы деп мойындаған Таулы Қарабақ аймағы үшін екі рет соғысты. Бірінші соғыс Кеңес одағы ыдырау алдында басталған болатын. Ол 1990-жылдары болды. Екіншісі, Әзербайжан Отан соғысы деп атап кеткен қарулы қақтығыс 2020 жылы 44 күнге созылды. Бұл соғыста Әзербайжан Таулы Қарабақтағы біраз жерін жаудан азат етті.

Енді міне, тағы бір соғыстың оты тұтанайын деп тұр.

Сәрсенбі күні Әзербайжан бір сарбазынан айырылды. Ал, Армения Қарабақтағы өзін-өзі республика деп жариялаған сепаратистік құрылымның екі адамының қаза тауып, оннан астамы жараланғанын мәлімдеді.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қарабақтағы сепаратистер Ресей бітімгершілік күштерінің бақылауындағы Лачин ауданында Әзербайжан позицияларын нысанаға алып, армия қатарына енді шақырылған бір азаматты өлтірген.

Кейін Әзербайжан әскері бұған жауап ретінде «Кек» атты арнайы операция жүргізіп, Қарабақтағы бірнеше стратегиялық төбені бақылауға алғанын жариялады.

Қазір Әзербайжан осы мүмкіндікті пайдаланып, 2020 жылғы Ресей және Армениямен жасалған келісімді алға тартып, Лачин ауданын қайтаруды талап етіп отыр. Бұл қала арқылы Қарабаққа Армениядан жалғыз ғана жол өтеді. Ресей болса, Әзербайжанды ымыраны бұзды деп айыптап, жағдайды тұрақтандыруға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама