Қаза тапқан адамдардың қаны жібермейді
«БӘСЕ» Telegram-арнасында Алматыда тұратын бір топ азаматтың Өзбекстанның Қазақстандағы өкілдеріне келіп, Қарақалпақстанда 2 шілде күні болған қанды қырғынға наразылық білдірген видеосы жарияланды.
Бейнежазбада аты белгісіз адам Өзбекстанның азаматтарына дауысын көтеріп, көрші елдің билігінен қарақалпақтардың қазасына байланысты тиісті органдардың жауап беруін талап етеді.
Кім атты, кім өлтірді солар жауабын беретін болсын! Қаза тапқан адамдардың ақысын төлесін! Соларға қару қолданған адамдарды көрсетсін! Қарақалпақ халқына жауап берсін! Газдың, жарықтың ақшасы неге Ташкентке кетеді? Неге Нөкісте қалмайды? Нөкісте банк жоқ па? Неге есепшоттардың бәрі Ташкентке кетеді? Неге осылардың бәрі Қарақалпақстанға құйылмайды? Қарақалпақстанның мұнайы, газы, энергетикасы, керек десең теміржолдан түскен ақшасы неге Ташкентке кетеді? Неге Қарақалпақстанның бюджетін Ташкент билейді?, – деп ашына сөйлейді.
Одан әрі ол 2 шілде күні болған қанды қырғынға Қарақалпақстан билігінде отырған адамдардың да кінәсі бар екенін, солар да халыққа жауап беру керектігін айтады.
Өлген балалардың қаны солардың мойнында. Егер сендер соларды жақтайтын болсаңдар қаза тапқан адамдардың қаны да сендердің мойындарында болады. Сендер де мерт болған адамдармен бірге ахиретте сапта бірге тұратын боласыңдар. Соны ұмытпаңдар. Осы аманатымызды жеткізіңдер. Қашанға дейін өзбек билігі қарақалпақты жаншып, таптап отырады?!, – деді ол.
Видео қысқаша етіп түсірілгендіктен әрі қарай не болғаны белгісіз.