Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұбы 2016 жылдан бері мұз айдынында бірлесіп өнер көрсетеді
21 жастағы маңғыстаулық мәнерлеп сырғанаушы Гаухар Наурызова мұз айдынындағы жұбы Бойсангур Датиевпен бірге Қазақстан президенті мен халыққа үндеу жолдады.
Мәнерлеп сырғанаушы Гаухар Наурызова ұлттық құрамадан негізсіз шығарылғанын айтып, министрлік тарапынан да, федерация тарапынан да қолдау жоқтығын жеткізді.
«Жаттығудан кейін қайта қалпымызға келмей жатып халықаралық аренада өнер көрсету үшін барамыз. Ал, федерациядағылар бізді ұлттық құрамадан заңсыз шығарады. Қазақстандағы жалғыз жұп екеніміз бәріне мәлім. 2022 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатына тек біз және жекелей сында Михаил Шайдоров мүмкіндік алғанын бәрі біледі. Елімізде мұздағы би дамымаған, тіпті жоқ деуге де болады. Біз Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың осы түрін дамытқымыз келеді. Жұбымызды және осы пәнді дамыту үшін федерация мен спорт министрлігі тарапынан қолдау қажет. Бірақ қазіргі федерация көмектесуге тырыспайды. Бойсангур Датиев екеумізге (жұп) федерациядан бірде-бір рет қолдау, қаржыландыру алмадық», - дейді спортшы.
Гаухардың айтуынша, Әлем чемпионатынан кейін Бойсангур Датиев Қазақстан азаматтығын алуға келген. Алайда 6 жыл бойы азаматтық ала алмай келеді екен.
«Федерация бұл мәселеде көмектесуге мүдделі емес. Сондай-ақ Қазақстанның бас бапкері Әлем чемпионатынан кейін бізді штаттық құрамаға қабылдауға тырысты. Өткен маусымның барлық нәтижесі бойынша біз өтіп тұрмыз. Мұнда да әрекет жоқ. Шілде айында федерацияның атқарушы директоры комитетке мені ұлттық құрамадан шығару үшін хат жолдады деген жаңалық келді. ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы барлық заң бойынша бұл шешім заңсыз», – деп шағымданды спортшы.
Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев жұбы 2016 жылдан бері мұз айдынында бірлесіп өнер көрсетеді.