Halyq Uni логотип
×

«Бірлесе көтерген жүк жеңіл»: Саясат Нұрбек министрліктердің бөлінуіне байланысты пікір білдірді

Министр бұрынғы ведомствоның жұмысына баға берді

 Динара Амантай 02.08.2022 | 10:58
«Бірлесе көтерген жүк жеңіл»: Саясат Нұрбек министрліктердің бөлінуіне байланысты пікір білдірді
фото © Алиакбар Қадырбаев

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым жəне жоғарғы бiлiм министрлігін жасақтау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы ҒЖБ министрі Саясат Нұрбек Facebook желісіндегі парақшасында жазба жариялады.

Министр Асхат Аймағамбетов басқарған бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің ұжымы жоғары білім беру жүйесін реформалау, ғалымдарды даярлау, ғылымды дамыту бағытында үлкен жұмыс атқарғанын айтып, бағасын берді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар академиялық еркіндік алып, дербес басқару тетігіне ие болғанын атап өтті.

Біздің қазіргі міндетіміз - Білім және ғылым министрлігі бастап кеткен реформаларды одан әрі жалғастыру, бұл салада тың өзгерістер енгізу. Бұл істерді еліміздегі ғылым мен жоғары білімді модернизациялаудың бастауында тұрған мамандар жалғастыратыны бізді қуантады, – деп жазды министр.

Сонымен бірге министр екі бірдей ведомствоның қызметкерлері бірлесе жұмыс істеп, тұлғаның қалыптасуы үшін әр кезеңде сапалы білім беруді қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, өз шәкірттерінің жеткен жетістігіне мектеп мұғалімі де, жоғары оқу орнының оқытушысы да марқайып, мақтан тұтатыны заңды.

Бұған қоса Саясат Нұрбек болашақта Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым жəне жоғарғы бiлiм министрлігінің қалыптасуына атсалысып, бар күш-жігері мен қажыр-қайратын, уақытын сарп еткендер атқарылған жұмыстарды мақтанышпен еске алатынына сенім білдірді.

«Осы орайда Мемлекет басшысына, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарына бізге сенім артып, жаңа министрліктерді құруға қолдау білдіргені үшін алғысымды айтқым келеді. Сіздердің кеңестеріңіз, ұсыныстарыңыз бен көмектеріңіздің арқасында бұл жұмысты ойдағыдай атқаратынымыз айқын. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, тізе қоса еңбек еткенде ғана Президенттің тапсырмасын абыроймен орындап, ұлтымыздың әл-ауқатын арттыратынымызға бек сенімдімін», – деп түйіндеді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама