×

Митингке шыққан мемлекеттік қызметкер: Мені азаптау бөлмесі – фильтрге кіргізіп ұрып-соқты

Таразда тергеуге алынған Нұрадин Рақай өзіне күш қолданғанын айтып берді

 Ұлдана Жұбай 31.01.2022 | 12:27
коллаж: Halyq Uni

Ел ішін әлі күнге дейін «Қаңтар қырғынының» елесі кезіп жүр. Тараз қаласында өткен митингке шыққан мемлекеттік қызметкер Нұрадин Рақай аяусыз азапталғанын айтады. Қаладағы толқудан кейін тергеуге түскен. Жасамаған істі «Мен жасадым!» деп айтуға мәжбүрлеп, автомат асынған арнайы жасақ ұрып-соққан. Қатысы жоқ қылмыстарды мойнына алуды тепкілеу арқылы талап еткен. Halyq Uni тілшісі соққыға жығылған бейбіт шерушімен сұқбаттасты.

Сұқбаттан үзінді:

«Алып барған «жендеттер» теріс қаратып, қолымды артыма айқастырып, қабырғаға еңкейтіп қойды. Не үшін әкеліп, неге бұлай істегенін білмейсің. Ары-бері өткен кез-келген адам сені бүйрегіңнен бастап барлық жеріңнен ұрып кетеді. «Сен кеше ДВД-ның қасында пулемётпен жүрдің» дейді де ұра жөнеледі. Соққылардан талып қалдым. Есімді жисам, етбетімнен дәлізде жатырмын»

- Батыстағы бейбіт шерушілерді қолдауыңыз қалай басталды?  

- Жаңаөзен халқы бірінші рет емес, осыдан он шақты жыл бұрын да дәл осылай көтеріліп, арты қантөгіске ұласқанын жақсы білесіз. Бұл жолы алаңдағы азғантай топ билікке газдың қымбаттағанын айтып, бағаны түсіруін талап етті. Оған біздің атқарушы билік әдеттегідей жаттанды жауабын қатты. Ол жауабы жұртты жұбата алмады. Содан алаңнан адам саны азая қоймады. Бұл тоқтай қоймайтын халық екенін, табандап тұратынын біліп тұрдық. Сөйтіп тұрған кезде ешқандай қарекет болмады да, бұл Маңғыстауда бір аптаға созылып, жалпы сипат алды. Мен мұны өзімнің Facebook желісіндегі парақшамда рет-ретімен айтып отырдым.

- Яғни, сіз батыстағы ағайынмен үнемі байланыста болдыңыз ғой?

- Байланыста болғанда, тек әлеуметтік желіден көріп отырдым. Одан бөлек, өтірік емес, менің сол жақта ағайын-тумам бар. Содан Президентіміз түннің ішінде Twitter-ге жазды. Ал, наразылық шеруі жалпы республиканы жайлап кетті. Меніңше, сол кезде билік жағдайдың алдын алуды кешіктіріп алды. Жағдайдың бұлай сипат алып кететінін білмеді ме, әлде білсе де әдейі күткендей болды ма? Мүмкін қазір қамауда отырған бұрынғы ҰҚК бастығы Кәрім Мәсімовтің өзі әдейі күткен шығар. Әйтпесе бәрін біліп отыруы керек қой. Бұл жағдайды алдын ала білмейтін болса, оның несі ұлттық қауіпсіздік? Оны қарапайым мен сезіп отырдым, ел сезіп отырса, бәрін біліп отырған адам ушыққан мәселені шу шыққанша созбақтай бермей, дер кезінде жасау керек еді. Ал, ол жасаған жоқ. Мен сол кезде рет-ретімен жазып отырдым.

фото: Тараздағы тәртіпсіздік кезінде өртке оранған Nur Otan ғимараты

- Желіге жазғаныңызға бола жазықты болдыңыз ба?

- Бұл сұрақ құзырлы органдарға, жергілікті әкімдікке қойылу керек. Рас, мен алаңға шықтым. Алайда, мені біреу шақырып, болмаса мен біреуді шақырмадым. Орталыққа барсам, маған дейін көпбалалы аналардан құралған бір топ тұр екен.

- Сол батыстық ағайынды қолдауға барған ба? Басқа мәселемен жиналған ба?

- Оқиға түсте басталды. Қарасам, сол жерде наразылыққа шыққан адам санынан әкімдіктің, құзырлы органның адамдары көп. Шындап қарасаң, сол жердегілердің 70 пайызы жергілікті биліктің адамдары. Құрамында әкімдігі бар, ішкі саясаты бар, прокуроры бар, ҰҚК-сы бар, ПД-сы бар. Орталық алаңды қоршап тастаған. Жиылған жұрттың әрқайсы әртүрлі мәселе айтып, әр жерден жамырап тұр. Атқамінерлер жұртты басудың орнына, тек сырттан бақылап тұрды. Осы қаланың қожайыны «Уа, халқым!» деп ортаға шығып, басу айтса болады ғой. Ал әкім басына кепкасын киіп алып, қашқақтап, топтың ішіне кірмей, тек сырттан бақылап жүр. Адамдарды тарату емес, керісінше жинап жатыр ма деп түсіндім. Сол жерде ешкім ештеңе айтпаған соң, мен бұқараға басу айттым. Өйткені бұрын қала әкімінің кеңесшісі болып қызмет атқарғам. Сондықтан жұрттың жанайқайы маған жақсы таныс. Сөйтіп ортаға шығып: «Бұл жерге жиналып улап-шулағаннан мәселеміз шешілмейді. Қала өзіміздікі, оны бүлдіріп, өртегеннен ештеңе ұтпаймыз. Біздің ортақ мәселеміз – қымбатшылық, Жаңаөзеннің мәселесін айтамыз» дедім. Президенттің өзі де сол кезде «бүлікшілермен билік диалогқа келу керек» деп айтқан. Мен мемлекет басшысының сол сөзін қуаттап, «айтатын мәселелеріңді, талаптарыңды хатқа түсіріңдер» дедім. Сол сәтте жамырап тұрған жұрт сап тиылды. Бұл сөздерді мен айтпауым керек еді. Бұны қала әкімі айту керек еді. Жұрт тынышталған соң, үйге кетіп қалдым.

фото: Халыққа басу айтқан Нұрадин Рақай

- Халық дәл сол кезде сіз кеткеннен кейін тарады ма?

- Тарқасты. Алайда, тарап бара жатқан халықты бұлар күштеп автобусқа тиеп алып кетті. Арасында белсенділер мен журналистер де бар. Бірақ, мен ол кезде кетіп қалғанмын. Үйге жеткенім сол еді, артынша пәленше полковник деген хабарласып, РУВД-ға (аудандық ішкі істер басқармасы – авт.) шақырды. Баратынымды айттым, ешқайда қашпадым. Барған соң, сол жақтағылар «бұл қайта басу айтты» деп шығарып жіберуді бұйырды. Сосын кетіп бара жатқанымда бастығына кіруімді сұрады. Бастығына барсам, ол да «сенікі дұрыс» деп шығарып салды. Менің бар кінәм – ойымда ашық жеткізіп, әкім айтатын сөзді айтып қойғаным болса керек деп ойлаймын. Айтпақшы, сол кезде әріптестерім мені қолдауға келді.

- Сіздің үстіңізден біреу шағым түсірді деп ойламайсыз ба?

- Күдік бар. Мен - ойымды ашық айтатын адаммын. Сол үшін жоғарыдағылар жақтырмайды. Қазір атқамінерлердің бәрі мен сияқты ойын ашық айтпайды. Айтқысы да келмейді. Өйткені олар – «қымбат майға піскендер».

- Жалпы, тергеу жайлы толығырақ айтсаңыз...

- Мен өзімді жазықтымын деп ойламаймын. Мен не үшін таяқ жеуім керек? Оқиғаны толығырақ айтсақ, Төле би, 166-дағы әскери бөлімге алып барды. Тек тексеретінін айтты. Бірақ барған бойда солардың әкесін өлтіргендей дөрекілік танытты. Қып-қызыл «террорист» болдық. Алып барған «жендеттер» теріс қаратып, қолымды артыма айқастырып, қабырғаға еңкейтіп қойды. Не үшін әкеліп, неге бұлай істегенін білмейсің. Ары-бері өткен кез-келген адам сені бүйрегіңнен бастап барлық жеріңнен ұрып кетеді. «Сен кеше ДВД-ның қасында пулемётпен жүрдің» дейді де ұра жөнеледі. Соққылардан талып қалдым. Есімді жисам, дәлізде етбетімнен жатырмын. Содан соң фильтр дегенге кіргізді. Фильтр дегеніміз - адамды азаптау бөлмесі. Мен - осы тергеу барысында бұл фильтрге үш рет кірген адаммын. Кірген бетте, жерге жатқызып қойып, аяғыңды, беліңді, саныңды, әсіресе екі бүйрегіңді, басыңды ұра береді. Сұрақтары: «анау қайда, мынау қайда, неге үйттің, неге бүйттің?». Айтпақшы, телефонымды тәркілеп алған. Шынымды айтсам, мен басында террористердің қолына түсіп қалдым деп ойладым. Тура репрессия дерсің. Сол жерде өліп кетсең, сен үшін бас қатырмайды. Жалғыз мен емес, қасымда өте көп адам болды. Бәрімізді ұрып-соқты. Көзіммен көргенімді айтайын, басы жарылғандар болды. Басынан қатты соққы алғаны соншалық, құсып жібергені де болды. Жердің бәрі қан жоса. Кім білсін, өліп кеткендері де бар шығар?

- Осылай азаптау арқылы сізге нені мойындатқысы келді?

- Расымен, мен нені мойындауым керек? Қанша рет ұрды. Менің жаныма қатты батқаны - маған бейәдеп сөздер айтқаны. Мен – соққыларға шыдасам да, ауыр сөздерге шыдай алмайтын адаммын. Менің шамыма тиетін сұрақтарды қойды. Соңында өлемін деп ойладым. Шын. Өйткені соққылардан талып қалғаным рас.

- Соққыны тек жалаң қолмен жасады ма, әлде басқа да құралдар қолданды ма?

- Дубакпен де ұрды, керзімен де ұрды. Телефонды тексерді, ештеңе таппады. Телефонымды арада екі апта өткен соң, тергеуден шыққаннан кейін алдым.

- Тергеуден үйге қалай қайттыңыз?

- Дәл сол уақытта түнгі 23:00-ден кейін қалада жүруге болмайды. Төтенше жағдай, коменданттық сағат. Мені үйден таңғы 11-де алып кеткеннен, түнгі 12-де бір-ақ босатты. Сол уақыт аралығында таяқ жеумен болдым. Отырғызбайды. Кешке дейін еңкейтіп қойды. Әлсіредім. Не дәретке бару, не тамақ ішу жоқ. Сосын ішіндегі біреу «Рақаевтан тағы түсініктеме аламыз» деді де, басқа бөлімшеге алып барды. Ол жақта да мәнсіз, жөнсіз сұрақ қойылды. Тек ұрады. Ол жерде желке тұсымнан, өкпе тұсымнан адам төзгісіз тепкіге жығылдым.

- Сұрақтардың сипаты өзгерді ме?

- «Мына адамды танимын», «Мына жерде болдым» деп айтуымды талап етті. Сондай дүниелер. Ал, ұрудың бәрі - айыптау. «Сен өртедің, өкінуің керек» деген сияқты. Содан түнгі сағат 12-лер шамасында мені үйімнен 12 шақырым алыс жерге апарып тастап кетті. «Мені атып кетеді ғой, қазір коменданттық сағат» деп едім: «бұл – сенің проблемаң» деді. Оларға да сол керек сияқты болды.

- Сосын үйге қалай жеттіңіз?

- 15 шағын аудандағы көп қабатты үйдердің ішін жаяу жағалап жеттім. Екі-үш сағаттай жүрдім. Үйде егде жастағы әкем болғандықтан, ештеңе білдірмеуге тырыстым. Бес баланың әкесімін. Оларды да алаңдатпауға тырыстым. Бірақ, әрине, әйелім қатты қобалжыды. Өте қатты үрейленген. Ертесіне тағы алып кетті. Осы дүние жалғаса берді, жалғаса берді.

- Сонда қанша күн соққының астына алды?

- Мен алғашқы төрт күн қатты соққыға жығылдым. Содан кейін бұлар менің өз сөзімнен тайқымайтынымды білді.

- Содан іс сотқа өтті ме?

- Сотқа өтті. Сот онлайн түрде болды. Маған ескерту берілді.

- Сіз осыған дейін мемлекеттік қызметкер болдыңыз...

- Иә, мемлекеттік қызметті Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтың баспасөз хатшысынан бастадым. Кейіннен қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың кеңесшісі болдым. Одан кейін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының маманы қызметін атқардым.

- Ал, қазір қайда жұмыс істейсіз?

- Қазір жұмыссызбын. Өйткені мені жұмыстан шығарып жіберді.

- Кім шығарды?

- Тапсырма болды сондай. Бастығым «жұмыстан шық» деді. Шықтым.

- Бастығыңыз кім?

- Айтқазы Қарабалаев.

- Сенімді серігіңіз, досыңыз әрі қаланың бұрынғы басшысы...

- Серігім әрі досым.

- Ол кісі қалай сізден бір сәтте теріс айналды?

- Мемлекеттік қызмет деген сондай. «Бай байға, сай сайға...» деген сияқты дүние ғой. Бірақ менің ол кісіге деген ренішім жоқ. Оған хабарласып, «сенің маманың орталықта айқай салып жүр» депті. Ал, оған жаманатты болған ұнай ма? Сосын өзім барып, оған зияным тимесін деп, жұмыстан шығуға өтініш жаздым. Осы жағдайдан кейін кімнің кім екенін білдім. Тура осы кезде қасымдағы дос-жарандарым менен теріс айналды. Бірақ маған сол сәтте қолдау көрсеткендер де табылды. Өзге өңірлерден хабарласып, материалдық көмек көрсеткісі келгендер де болды.

- Енді осы жағдайдан кейін мемқызметке қайта орала аламын деп ойлайсыз ба?

- Ойлаймын. Барғым келеді. Бірақ дәл қазіргі билік мені қабылдамайды деп ойлаймын. Бұлар менің террорист емес екенімді жақсы біледі. Егер бүлікшілер сияқты түнде шықсам, бұлар мені тіпті түрмеге тастар еді.

- Бұл жағдайдан соң жігеріңіз бордай уатылды ма, әлде болаттай берік бола түсті ме?

- «Ертегіде» өмір сүріп жатыр екенбіз. Бірақ мен жасымадым, өз позициямда қалдым. Қазір сең қозғалды. Бірақ билікке деген сенімімді жоғалтып алдым.

- Осыған дейін өзіңіз бір кісідей мемлекеттік қызметтің басы-қасында жүрдіңіз. Билікке деген сеніміңіз сол кезден бастап...

- Шамалы болды. Ал, осыдан кейін 100 пайыз бәрінің құр сөз, құрғақ әңгіме екеніне көзім жетті. Бірақ барлығына күйе жақпаймын. Арамызда адал азаматтар бар. Мен жалпы ситуацияны айтып жатырмын. Не болса да, бізге саяси реформаны өзгерту керек.

- Қалай ойлайсыз, Жаңа Қазақстанды құруға қанша уақыт керек?

- Егер еліміздің билігі мықты болса, бір жыл.

- Бүкпесіз әңгімеңіз үшін рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама