АҚШ сенатында валюта басқармасының басшысына ұсынылған кандидат Сәуле Омарова бойынша тыңдау аяқталды
Республикашыл сенатор Джон Кеннеди Сәуле Омарованың жас коммунистер тобының мүшесі болғанын айтып, «Сізді не профессор, не жолдас деп атарымды білмеймін», - деді. Осылайша ол Омарованың КСРО-да туып-өскенін, комсомол қатарында болғанын меңзеді.
Сенатор, егер сіз менің Кеңес Одағы кезіндегі жастардың коммунистік ұйымына мүшелігімді айтып тұрсаңыз, мен КСРО-да дүниеге келдім. Бұл елде әрбір адам комсомол мүшесі болды. Бұл көп жылдар бұрын болды. Ал адамдар белгілі бір жасқа жеткенде бұл топтан автоматты түрде шығып кетеді, - деп жауап берді Сәуле Омарова.
Одан бөлек, Джон Кеннеди Омарованың 2019 жылы Facebook-те социалистік және антикапиталистік көзқарастарды талқылайтын марксистік топқа қосылғаны жайлы айтты.
Сенатор, мен коммунист емеспін. Адам туған жерін таңдай алмайды. Осы идеологияны талқылайтын Facebook-тегі бірде-бір топқа қосылғаным есімде жоқ. (...) Менің отбасым коммунистік режимнің кесірінен жапа шекті. Отбасымның жартысын білмей өстім. Сталиндік режим кезінде әжем екі рет өлімнен аман қалды. Осы оқиға есімде. Осы елге келдім, америкалық болғанымды мақтан тұтамын. Менің осында болуымның себебі де осы. Мен мемлекеттік қызметке дайын болғандықтан осындамын, - деді Сәуле Омарова.
Осыдан бірер күн бұрын Fox News телеарнасы (АҚШ Республикалық партиясының бас медиаресурсы) Қазақстан тумасы, президент Джо Байденнің АҚШ валюта басқармасының басшысына ұсынған кандидаты Сәуле Омарованы 26 жыл бұрын ұрлық жасады деп айыптады.
Fox News телеарнасының мәліметінше, 1995 жылы Сәуле Омарова TJ Maxx дүкенінен 214 доллар тұратын төрт жұп аяқ киім, екі одеколон, екі белбеу және шұлық ұрлағаны үшін қамауға алынғаны айтылған.
Осы айыптаудан кейін Ақ үй мәлімдеме жасап, Омарованы білікті кандидат ретінде қорғап, бұл істі «түсінбеушілік және шатастыратын жағдай» деп атады.