«Шыңғысхан – таза қазақ»: қағанның тегін таратқан тағы бір адам шықты

Дастан Жұмабекұлы

Моңғолдардың шын аттары –  халха

Көрнекі фото

Әлеуметтік желіде өзін тарих факультетін бітірген тарих және философия маманымын деп таныстырған Камал Жұман есімді азамат Шыңғысханның шыққан тегі туралы жазба қалдырып, оны таза екенін дәлелдейтін «фактілерді» жариялады.

Ол «Шыңғысхан – таза қазақ» деп тақырып қойған материалында ұлы қағанның түп-тамырына «зерттеу» жасағанын айтып, соны оқырманның назарына ұсынған. Оның ойынша, Шыңғысханның туған әкесі – кейін қазақ халқының құрамына кірген меркіт шеледу руынан. Енді оқырманға Камал Жұманның «зерттеу» материалын ұсынсақ, ол ұлы қағанның шыққан тегін былайша суреттеп шығады.

Шыңғысханның туған әкесі – қазақ меркіт шеледу. Шешесі Ұлын мен бәйбішесі Бөрте қазақтың қоңырат руынан. Ол меркіт шеледу әкесін өлтіріп, Шыңғысханды асырап алған әкесі қазақ қият Есугей. Қазір барлық меркіттің 90 пайызы найман руының құрамына кіріп кеткен. Біразы бурят, Алтай мен қазақ керейлердің құрамында.

Сондықтан Шыңғысхан таза қазақ найман деп есептеледі. Ол жайлы әйгілі Қытайда жазылған  «Шыңғыс қағанның құзауры» деген атақты кітапта жақсы жазылған. Ал Қытайдағы құжат бойынша Шыңғысхан да, Жошы хан да, Бату хан да өлер алдарында Ислам дінін қабылдаған және оларды Мұсылман молдалары жерлеген. Ол жайлы Қытайда тарихи сурет бар. Шыңғысхан, Жошы хан мен Бату ақымақ емес.

Олар шаман дінінде болса онда олар өлгенде денелерін отқа өртетіп не итке жегізетін еді. Олар мұсылман зираттарында жерленген. Ұлытаудағы Жошы хан мен Алаша хан мавзолейлері солардікі. Бату ханның Сарайшықтағы кесенесін Урал өзені шайып кеткен. Шыңғысханның барлық әсербасшылары Мұқалы, Жебе, Кетбұға таза қазақтар. Тек Сүбітай ғана түрік тувалық.

1920 жылға дейін моңғол деген ұлт болған жоқ. Оны Шыңғысханды қазақ демесін деп орыстар ойлап тапқан.

Моңғолдардың шын аттары –  халха. Шыңғысхан империясының мемлекеттік тілі қазақ –  найман тілі болған. Ол тіл қазір шағатай мен ұйғыр тілі деп аталып Өзбекстан мен Қытай ұйғырларының мемлекеттік тілі. Ұйғыр атауы көне найман руының бір атауы. Олар негізінен сол найман руынан шыққан. Өзбектердің құрамына өте көп наймандар мен қоңыраттар, қыпшақтар мен жалайырлар кірген. Яғни, ұйғыр мен өзбектерде қазақтың бір түрі болып есептеледі.

Ал бұрын Фараб деген аты болған Отырар, аты әлі парсыша Тараз, Саурандар қазақтың емес Хорезм парсыларының қалалары болған. Оларды қазақққа жаулап әперген қазақтың ұлы ханы – Шыңғысхан. Біздің қазақтың орасан зор жерін қазаққа тек Шыңғысхан жаулап әперіп, біртұтас қазақ елін, жерін, ұлтын құрған. Мен Тарих факультетін бітірген тарих және философия маманымын.