Мемлекет басшысы «Хабар» телеарнасына сұхбат берді
Бүгін республикалық телеарналардан Қасым-Жомарт Тоқаевтың эксклюзив сұхбаты көрсетілді. Президент қоғамды алаңдатқан қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, алдағы саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі серіктестерімен қарым-қатынасы туралы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тоқаев сұхбатты орыс тілінде берді. Осыған байланысты қазақстандықтар тарапынан алдын ала көптеген сауал түсіпті. Бұған Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде осылай деп жауап берді.
Бүгін республикалық телеарналардан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі. Осыған байланысты Президент неге мемлекеттік емес, орыс тілінде сұхбат береді деген сауалдар келіп түсіп жатыр. Аталған сұхбат әлемдік аудиторияға арналған. Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік.
Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан Тоқаевтың атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда Мемлекет басшысының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты біз тек «Хабар24» телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады, - деді Берік Уәли.
Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сұхбатта көптеген маңызды мәселе көтерді. Ол Алматыға шабуыл жасаған лаңкестер туралы айтты.
«Бұл адамдар материалдық құндылықтарға қызығушылық танытпады. Олар әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды басқарды, лаңкестерді қылмыстық істер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызықтырды. Бұл мұқият жоспарланған операция болды, оған арнайы шетелден содырлар тартылған. Содырлардың әуежайды басып алғанын байқаған боларсыз? Қазір тергеу нәтижесінде әуежайды басып алу себебі Орталық Азияның бір қаласынан келген азаматтардың заңсыз өтуін қамтамасыз ету үшін басып алынғаны білініп отыр. Бұлар дайындалған жұмысшы атын жамылып жүрген содырлар».
Алматы әкімінің ауысуы туралы да сөз қозғады.
Әкім өмірінде алғаш рет мұндай қиын жағдайға тап болды. Мен оны кінәламас едім, ол - қызметтік міндеттерін атқару тұрғысынан адал адам. Бірақ алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін. Сондықтан уақыты келгенде білетін боласыздар.
Азаматтардың қауіпсіздігі туралы атап өтті.
«Мен кәсіби дипломатпын ғой, ахуалдың салдарын, дәл осындай реакция болатынын білдім. Атап айтқанда, мемлекет мүддесі, біздің азаматтардың қауіпсіздігі мен үшін жоғары тұрады. Бұл жағдайда батыс елдерінің реакциясын емес, өзіміздің мемлекеттегі жағдайды тәртіпке келтіруді ойладым».
Бітімгерлік контингент туралы да айтып берді.
Бітімгерлік контингент Қазақстанда болғанда бір де бір оқ атқан жоқ.
Қазақ жастарын Ресейге техникалық оқуға жіберу туралы ой қозғады.
«Біріншіден, мен тілдік кедергілер болмағандықтан Ресейге оқуға жібергеніміз дұрыс болар деп айттым. Екіншіден, біз стратегиялық серіктеспіз, үлкен бизнесте ортақ кәсіпорындарымыз бар. Бізге Ресейде оқыған техникалық мамандар қажет».
Президент болып қайта сайлануды да тілге тиек етті.
Мен Қазақстан басшысы лауазымында қанша уақыт болатынымды білмеймін. Бірақ Конституция бойынша екі мерзімнен артық сайлануға болмайтынын білемін. Ешқандай заңды өзгертпейміз. Конституцияға да ешқандай өзгеріс енгізілмейді.
Қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық беру туралы сөз етті.
«Жаңаөзендегі оқиғадан кейін біздің заңдар құқық қорғаушыларды қару қолдану тұрғысынан тежеп тастады. Сондықтан көпшіліктің алдына шығып мәлімдеме жасамас бұрын қарулы бандиттерге қатысты біз қару қолдану керекпіз деп айтқан едім. Жауапкершілікті мен өз мойныма алдым. Кейін оны көпшіліктің алдында айттым. Мұндай жағдайда Президент жауапкершілікті өз мойнына алу керек деп санаймын. Оның салдары қандай болатынын, дәл осындай реакция болатынын білдім. Дегенмен, мемлекет мүддесі, азаматтардың қауіпсіздігі мен үшін бәрінен жоғары».
Бұған қоса Мемлекет басшысы Парламентте және партиялық жүйеде реформалар болады. Мәжілісте бірнеше мықты партия болуы керек деді. Алматының ресми атауы сақталатынын да айтты. Қытай бізге жаман ештеңе істемеді деп қосты.
Мен мақтауға теріс көзқарастамын. Менде бұған табиғи иммунитет бар. Бұл бара-бара жойылады.
Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевпен арада ешқандай сауда болған жоқ деп мәлімдеді.
«Саудаласу болған жоқ. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының мәртебесі туралы мәселені шұғыл шешу қажеттігі туралы әңгіме болды. Жағдай ушыққан кезде, жасырмай айтайын, мен қазір ұлтқа жүгініп, осы сәттен бастап Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенімді мәлімдеуім керегін айттым».