Мемлекеттік тілді білмейтін адам қай елдің мүддесін қорғайды деген пікір білдірілді
Әлеуметтік желіде «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің (PR) директоры қызметіне тағайындалған Елена Кливец есімді журналистің үш шет тілін білсе де мемлекеттік тілді білмейтінін сынап жатқан адамдар көбейіп жатыр.
Заңгер Айман Омарова өзінің Facebook-тегі парақшасында Елена Кливецтің үш тілді — орыс, ағылшын, неміс тілін білетінін, алайда мемлекеттік тілде бір ауыз сөз білмейтініне қынжылысын білдірді.
Оны квазимемлекеттік секторға қызметке тағайындады. Ол үш тілді біледі. Бірақ, бірақ мемлекеттік тілді білмейді. Менің ойымша, білгісі де келмейді. «Самрұқ-Қазына» қорының басшылығына мемлекеттік тілді білу деген маңызды емес шығар. Карл Маркс: «Өзі тұрып жатқан елдің тілін қонақ, топас немесе өз тілін тықпалаған басқыншы ғана білмеуі мүмкін», деп бекер айтпаған, – деді ол.
«Самұрық-Қазына» қорының кадрлық шешіміне басқа да желіні қолданушылар сын айтты.
Ақмарал Шатемірқызы есімді қоғам белсендісі мемлекет құрушы қазақ халқының байлығының қорын неге мемлекеттік тілді білмейтін әйелдің басқаратынын айтып, пікір білдірді.
Мемлекеттік тілді білмейтін адам қай халықтың мүддесін қорғайды?
Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру және болашақ ұрпақ үшін құрылған мемлекеттік қор «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа басшысы болып, үш тілді — орыс, ағылшын, неміс тілін білетін Елена Николаевна Кливец бикеш тағайындалыпты.
Қай мемлекеттің, қай халықтың мүддесіне арналған қор? Мемлекет құрушы қазақ халқының байлығының қорын неге мемлекеттік тілді білмейтін азамат басқарады? Билік қашан қазақ тіліне мойын бұрады? Мемлекеттік тілге қазақ билігі қамқор болмаса, қай ел қамқорлығына алады?, – деп жазды ол.
Одан әрі ол Премьер-министрдің Facebook-тегі парақшасын белгіліп, сұрау салды.
Осыдан кейін тіліміз қалай дамиды? Мемлекеттік тілді білмейтін адам өз тілінде, яғни орыс тілінде сөйлейді, ал қоластындағылар соның тілінде сөйлеуге мəжбүр болады. Немесе қол астына қазақтың ортасынан шықпаған, қазақ халқының шынайы жағдайынан, хал-тұрмысынан хабарсыз орыстілділерді жияды. Алдына барғандар аудармашымен барады ма әлде аудармашы жанында отырады ма? Аудармашыға ақшаны кім төлейді, қазынадан ба?, – деді ол.
Бұл жазбаларға келісіп жатқандар да келіспейтіндер де жауап жазып, өздерінің пікірлерін қалдырып жатыр.