×

«Шалымыз өсекке өте құмар болды»: саясаттанушы шенеуніктердің әлі интрига қуып жүргенін айтты

Қазіргі шенеуніктерді элита дейді, қандай элита ол? Не білімі жоқ, не саяси тәжірибесі жоқ, мәдениеттен мүлдем бейхабар

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2022 | 11:54

Белгілі саясаттанушы, публицист Сейдахмет Құттықадам «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұхбатында өзінің Қазақстанда саяси мәдениет қалыптаспаған деп есептейтінін жеткізді.

«Ел егемендік алған кезде саясаттан хабарымыз болған жоқ. Айталық, патшалық заманда бізді үлкен саясатқа жолатпады, өздері биледі. Кеңес кезінде мүлдем жолатпады. Славян елдері БҰҰ-ға кірді. Ресей, Украина, Беларусьтің ұйымда мүшелігі болды. Олар үлкен саясатқа сол кезде араласқан. Министрліктер басшылығында, мәдениетте славяндар, еврейлер, әрі кетсе армяндар, грузиндер отырды. Ал Орталық Азия ұлттарын жолатпады. Тек қана Мәскеу тапсырма берді. «50 млн қой өсіруің керек, 1 млрд пұт астық жинауың керек» деген тапсырмаларды жоғарыдан түсіретін», - дейді саясаттанушы.

Осылайша еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де, тәуелсіздіктің 30 жылында да классикалық саясат теориясы мен тәжірибесін меңгерген азаматтар класы қалыптаспады деген пікірде ол.

Шенеуніктер сонау тамыры терең Аристотель, Платон, Сократтарды оқымаған. Олар тек партияның құжаттарын оқыған. Ал ол – догматикалық ойлар. Ой-жүйені дамытатын емес, тек қана миыңды қатыратын ақпараттар. Мен сөйлескен көптеген саясаткерлердің арасында саясатты терең білетін азаматтар жоққа жақын, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Оның айтуынша, есесіне қоғамымызда ұғымдардың орын алмасуы болған. Кеңес кезінде белең алған «домалақ арыз» жазу жағымсыз үрдісі «саясат» деп қабылданған.

Тек қана бір-бірін аңдып, интрига, өсек қуып, соны үлкен саясат деп ойлайды. Біздің үлкен кемшілігіміз – осы уақытқа дейін саяси элита қалыптасқан жоқ. Қазіргі шенеуніктерді элита дейді, қандай элита ол? Не білімі жоқ, не саяси тәжірибесі жоқ, мәдениеттен мүлдем бейхабар. «Кто первым добежит до ухо первого», сол жеңіп шығады. Шалымыз өсекке өте құмар болды. Өсек үлкен саясат болды.

Бәрімізді бүлдірген – ӨСЕК, ӨТІРІК, ҰРЛЫҚ. Менің ойымша, қазір президент Тоқаевтың міндеті – мүлдем жаңа элита қалыптастыру», - деп түйіндедіы сөзін саясаттанушы.

Еліміздің саяси өмірінің тамырын басқан салмақты сұхбаттың толық нұсқасын «Сұрауы бар» YouTube арнасынан жоғарыдағы видеоға өтіп көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама