Біз енді орысша сөйлеспейміз –  орыстілді украин сарбазының анасы

Дастан Жұмабекұлы

Ол мемлекеттік тілді таңдағанын ашық айтты

Көрнекі фото

Жақында Украинаның Мариуполь қаласын, одан кейін қоршауда қалған «Азовсталь» зауытында қорғап ерлікпен қаза тапқан украин сарбазының анасы Вера Литвиненко Украина үшін орыстілді азаматтар жан алып, жан берісіп соғысып жатқанын айтты.

Ол тілшіге берген сұхбатында ұлы Владиславтың басқа да жергілікті орыстілділер сияқты Мариупольді украиндармен тізе қосып қорғанын айтып, бұған дейін үйде де түзде де ана тілдерінде сөйлегенін, енді бұдан былай орысша ешқашан сөйлеспейтінін, тек украин тілін ғана қолданатынын атап өтті.

Вера Литвиненко өзімен ұлы жайында сұхбат алуға келген тілшіге:

Ми і російською в родині говорили, вже зараз, після війни, я перейшла на українську («Мы и на русском в семье говорили, уже сейчас, после войны, я перешла на украинский»), – деді.

Қарт тарихты парақтап ашып қарасақ, соғыстың тілді таңдауға әсер ететінін көруге болады. Мысалы, 1812 жылы Францияның императоры Наполеон Бонапарт Мәскеуді жаулап алған соң қыркүйектің 2-сінен қазанның 8-іне дейін қаланы өртеп, тонап, ойына келгенін істепті. Соған дейін француз тілінде сөйлегенді мәртебе көріп келген орыстар императорға наразылық ретінде өз ана тілінде сөйлеуге көшіпті. Бұл – бір ғана мысал. Мұндай мысал көп.

Киевке басып кіріп, жергілікті орыстардың оларды құшақ жая қарсы алатынын ойлап, маңдайын тасқа ұрып алған Ресей әскері осылайша өз әрекеттерімен Украинадағы орыстарды өз ана тілдерінен бездіріп жіберіп жатыр. Ал біздің елдегі орыстілді қазақтардың маңдайы тасқа тимесе әзірге ана тілінде сөйлесуге ықылас-ниеті болмай тұр.