Назарбаев әулеті келесі президент сайлауына өз адамдарын қосуы мүмкін – Сейдахмет Құттықадам

Еркеғали Болатұлы

Қазақстанның кен орындарын Назарбаевтың тұсында жекешелендіріп алған шетелдік корпорацияларға да ескі жүйенің билік құрғаны тиімді

фото: Halyq Uni

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен туыстары байлығын сақтап қалуы үшін қазіргі билікпен келіссөздер жүргізіп жатыр. Белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «Сұрауы бар» YouTube арнасында осылай деп мәлімдеді.

Журналист Ербол Сейілханның: «Қамауда отырған Мәсімов, Сатыбалды, Боранбаевтардың тағдыры не болады? Билікпен ымыраға келіп, жазадан құтылып кетуі мүмкін бе?» - деген сұрағына саясаттанушы:

Олар әртүрлі амалын іздеп жатыр. Менің ойымша, осындай астыртын келіссөздер жүріп те жатыр. Олар біздің биліктегі адамдарға: «Айналайын, бөлісейік, біз де байимыз, сен де байисың», - дейтін шығар. Жақында ғана бір ақпарат түсті – Англиядан бір керемет лордты жалдапты. Отбасының ұрлаған ақшаларын сақтап қалудың жолын тапсын деп. Олар қазір күресіп жатыр. Бірақ қалай болғанда да ол ақшаларды халыққа қайтару керек. Бізде жыл сайын 20 млрд доллар қарыздарымызды жабуға кетіп жатыр, - деп жауап берді.

Сондай-ақ ол мемлекет Назарбаевтың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қаражаттарын қайтарып, еліміздің сыртқы қарыздарын жабуы тиіс деген пікірде.

Назарбаевтың жеке басында 200 млрд доллары бар. Қыздарын, немерелерін санамағанда. Айналайын-ау, 200 миллиардты не қыласың? Ана жаққа алып кетесің бе? - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Алайда билік өкілдері мен әулеттің арасындағы келіссөздердің салдары тым ауыр болуы мүмкін екен.

Ертең президенттік сайлау болса, әулет өздерінің екі-үш адамын шығаруы мүмкін. Төгеді оған ақшаны, сатып алады дауыстарды. Сосын оларды жеңіп көр, - деген қауіпті де ескертіп қойды саясаттанушы.

Оның пікірінше, Қазақстанның кен орындарын Назарбаевтың тұсында жекешелендіріп алған шетелдік корпорацияларға да ескі жүйенің билік құрғаны тиімді. Сондықтан олар әулетке барынша болысады деп отыр Сейдахмет Құттықадам.

Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.