Toyota Alphard-пен ажалыңа асықпа!: автокөлікпен такси қызметіне тыйым салуға ұсыныс

Дастан Жұмабекұлы

Қара жолда «Альфардтың» кесірінен қаза тауып жатқандар көбеюде

фото: kolesa.kz

Бүгінде елімізде Жапонияда шыққан автокөліктермен такси қызметін көрсетіп жүрген адам көп. Солардың бірі «Toyota Alphard» көлігі алыс жолға қатынауға ыңғайлы болған соң сұранысқа ие. Дегенмен «таяқтың да екі ұшы бар» дегендей, дәл осы автокөліктің жүргізушілерінің кесірінен көп адам жолда ажал құшып жатқаны жасырын емес. Машинаны жүргізетіндердің көбісі де тепсе темір үзетін жас жігіттер. Солардың кесірінен көптеген жолаушы жау тигендей орта жолда қаза тауып жатыр

Қазір қаншама адамның қаза тапқанын есептеу мүмкін емес. Әр жерде әртүрлі дерек айтылады. Мысалы, Қызылорда облысы Арал ауданында соңғы жылда көп адам ажал құшқан жол апаты болды. Былтыр  Аралда 7 адам, жақында 7 адам мінген көлікте 1 адам қайтса, өткен аптада Ақтөбеден келе жатқан 4 адам марқұм болды. Бұдан да басқа біз білмейтін жол апаты көп. Осы ретте, бір сұрақ туындайды. Осы біздің елге Toyota Alphard көлігімен такси қызметін көрсету керек пе, керек емес пе?! Менің ойымша, оң жақтағы рулі сол жаққа ауыса беретін көлікпен такси қызметін көрсету мәселені шешпейді. Таксистердің оң жақтағы рульді сол жаққа ауыстыратыны түсінікті. Елімізде оң жақтағы рулі бар машинаға заң жүзінде тыйым салынған. Сол себептен көп адам Спринтерге қарағанда бағасы арзан машинаға қызығып, рульді сол жағына ауыстырып алады.

Әлеуметтік желіде Toyota Alphard-тың орнына Спринтерден басқа тұрақты жолаушы тасымалдау автобустарына рұқсат беру керек деген де ұсыныс айтылып жатыр. Ең болмаса 500-600 км қашықтыққа 20-25 орындық рұқсат беру керек делінуде. Себебі, халық уақыттың тығыздығына байланысты кешке жүретін ғана автобусты күтіп отырмай, таксиге міне салады. Ол такси ажалға әкелетін Toyota Alphard көлігі болуы мүмкін. Сондықтан 52 орындық бір рет қатынайтын автобус орнына 25 орыннан күніне 3 рет қатынайтын автобус болса халыққа тиімді.

Екіншіден, 25 орындық автобус 7 орындық көлік сияқты зулатпады. Адам өміріне қауіп төндірмейді. Оның жылдамдығы шектеулі, баяу жүрсе де қауіпсіз.

Үшіншіден, 25 орындық автобустың жүргізушісі тексерістен өткеннен кейін трассаға шығады. Ол автобустың техникалық жағдайын да тексеріп алады. Сондықтан оның жүргізушісі қызыл ақшаға қызығып, 7 орындық көлікпен адам таситын таксиске қарағанда,  сенімді болады. Ал түні бойы ұйықтамай, жолдан шығып кете беретін адамның жауапкершілігін бір Құдай ғана біледі.

Дегенмен Toyota Alphard-қа  тыйым сала алмайтынымызды мойындауымыз керек. Өкінішке қарай, елімізде оң жақтағы рулі бар машиналарға тыйым болса да оң жақтағы рульді сол жаққа ауыстыруға тыйым салу жоқ. Соның кесірінен таксистің өзі де оның жолаушылары да қаза тауып жатыр. Біздің елде көлік шығару жолға қойылмаған. Егер өзімізде алыс жолға арналған миниавтобустар шығаратын болсақ, жол қауіпсіздігі деген проблема өзімен өзі шешілетін еді. Халықтің көбісі ұшақ пен пойызға билет ала бермейді. Құдалыққа, тойға, жаназа намазға, қырық күндік асқа, жылдық асқа басқа да сауапты жиындарға барады. Қазақ тірі тұрғанда қазақшылығымыз ешқашан кетпейді. Сондықтан өз елімізде, өз жерімізде менталитетімізді, жол қауіпсіздігін ескеріп, алыс жолға қатынайтын шағын автобустар шығаруды ойластырсақ жақсы болар еді.