Зерттеуде Янушкевичтің жазбаларын бірнеше адам құрастырғаны айтылады
Белгілі аудармашы, зерттеуші Зәуре Батаева «Абай» ізімен: Совет режимінің тағы бір жасанды құжаты – Адольф Янушкевичтің күнделігі мен хаттары» атты жаңа зерттеуінде Янушкевичтің кітабының мақсаты жайында жаңаша ой өрбітеді. Ол көшпенді қазақ ері мен әйеліне қатысты деректерді батыс тарихшыларының зерттеуімен салыстыра отырып, тарихи деректерді бұрмалау арқылы Совет өкіметінің қасақана жалған ақпарат таратумен мақсатты түрде айналысқанын атайды.
Автордың айтуынша, «Янушкевичтің» хаттары мен күнделік жазбаларын бірнеше адам құрастырып жазған және қазақтың қалыңмал беру салтын «қызын малға сату» әрекеті деп бұрмалай көрсеткен.
Осы орайда, Halyq Uni аталған зерттеу мақаланың «Гендерлік теңсіздік» атты үлкен әрі маңызды тарауын оқырман назарына ұсынып отыр.
«Бүгінгі күні Қазақстанның мәдени және академиялық алаңында Янушкевичтің кітабы тосын жағдайда. Көптеген кәсіби тарихшылар, оның ішінде орыс және батыс тарихшылары бұл кітапты мүлдем атамайды. Бірақ Қазақстанның медиа саласында, оқу орындарында, әсіресе Абайтану саласында – Янушкевичтің кітабын сенімді тарихи дереккөз деп мәлімдеп жүргендер әлі де жетерлік. Янушкевичтің кітабынан жасандылық және плагиат белгілері де айдан анық көрініп тұрса да, өкінішке орай, бірде-бір адамның оны зерттеуге батылы бармады. Сол себепті бұл мақалада осы мәселе алғаш рет талқыланып отыр», - дейді Зәуре Батаева.
«ҚАЗАҚТАР БІРЕУГЕ ЖАҚСЫ ЖЫЛҚЫ БЕРГЕНШЕ ҚЫЗДАРЫН БЕРГЕНДІ АРТЫҚ САНАЙДЫ»
Янушкевич өз хаттары арқылы оқырманына тағы бір маңызды идеологиялық жолдауды жеткізіп бағады: көшпелі қазақ қоғамында әлеуметтік теңсіздікпен қатар (байлар мен «жатақтар» арасындағы), әйел мен ерлер арасында да теңсіздік орнаған-мыс. Янушкевичтің сөздеріне сенсек, қазақтар әйелдерін күң санаған. Ер адамдар ауылға келген сал-серілерге қыз-келіншектерін сыйға тартып, қыздары мен әйелдерін ауылға келген ақ нәсілді лауазымдыларға ермек болуға мәжбүрлеп, бірнеше әйел алып, оларды үй қызметшісі ретінде пайдаланған, ал өз қыздарын малға сатыпты-мыс. [49]
Янушкевичтің пікірінше, қазақтар өркениетті қоғамның заңдарына мүлдем ұқсамайтын табиғи тәртіпке бағынып өмір сүріпті: «Қазақтардың нәзік жандылары әлеуметтік сатының ең төменгі деңгейінде... Қазақтар Құдай жаратқан махұлықтарын келесі ретпен бағалайды: алдымен еркек, содан соң жылқы, әйел, түйе, сиыр, қой, ешкі және ең сорлысы – ит... Қазақтар біреуге жақсы жылқы бергенше қыздарын бергенді артық санайды». [50]
Янушкевичтің айтуынша, жағдайы ең нашары – жалшылықпен күн көретін «жатақтардың» қыздары мен әйелдері. Бай көшпенділер қызметшілеріне сүйек-саяқ пен дастарханнан қалған қалдықты тастап, иттен де төмен санайды-мыс. [51]
Осының ішінде шындыққа жанасатыны бар ма? Тарихи дереккөздерге сүйенсек, Янушкевич сипаттаған көшпенді қазақ әйелдерінің бейнесінің шындыққа жанаспайтынын әшкерелейтін деректер жеткілікті. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға міндетті болса да, көшпенді қазақтар әйелдеріне ешқашан құл немесе күң ретінде қарамаған; тіпті керісінше, оларға ер адамдармен терезесі тең деп қараған, әдетте әйелдердің өз атқаратын шаруасы болса да, олар ер адамдарға жүктелетін шаруаны да қалыспай орындауға қабілетті болған.
Британ-чех антропологы Эрнест Гельнер 1981 жылы мәлімдегеніндей, әлемдегі барлық көшпенді қауымдар, оның ішінде Орталық Азия Сахарасын мекендейтін көшпенділер де басқа қоғамдарға қарағанда эгалитарлы (тең құқықты) болып келеді.
Біріншіден, көшпенділердің дәулеті тұрақты емес, себебі оқыс жағдайлар немесе жұт кезінде көшпенділердің әулеті тірнектеп жиған малынан (жекеменшіктің жалғыз түрі) бір-ақ күнде айрылып қалуы мүмкін еді.
Екіншіден, көшпенді отбасында белгілі бір саланы ғана кәсіби меңгерудің жоғары деңгейі («еңбек бөлінісі») қалыптаспаған. Көшпенді әулеттің барлық мүшелері – ері мен әйелі, жастары мен қарттарының кез келгені отбасы шаруашылығының көп функцияналды тетігі бола алады, оларға барлық маңызды шаруаны жүктеуге болады: мал бағу, жылқы және/немесе түйеге міну, азық-түлік өндіру, күзет пен қорғанысты қамтамасыз ету, көшіп-қону, қос орнату, үй тігу сияқты жұмыстарды орындай алады. [52]
Совет-орыс антропологы Анатолий Хазанов өзінің 1984 жылғы көшпелі қоғамдарды (оның ішінде Орта Азияның далалы аймақтарын да) салыстырмалы түрде зерттеу жұмысында көшпелі отбасылардың айрықша белгілерінің бірі – ерлер мен әйелдер арасындағы еңбек бөлінісі («гендерлік айырмашылық») бар болса да, аса дамымады, өйткені «ортақ өндіріс» және «ортақ тұтыныс» көшпелі әулеттің табысының негізі кепілі болды деп жазды. [53]
Одан қалса, Советтік Қазақстанның экономист ғалымы С.Е. Толыбеков 1959 жылы көшпенділер гендерлік айырмашылықтарына қарамастан, сегіз қырлы, бір сырлы, тым құрығанда, бесаспап, шаруашылықтың кез-келген түріне икемді, ата-бабасының шежіресін жатқа білетін, әнші мен жыршы тұлғалар болып табылатынын айтқан болатын. Толыбековтің өз сөзімен айтсақ: «Әрбір сауатсыз деген көшпенді қазақ... әрі малшы, әрі жауынгер, шешен-шежіре, ақын-әнші». [54]
Қазақ көшпенділерінің ерінің де, әйелінің де жан-жақтылық қасиеттерін американдық зерттеуші Милтон Кларк өзінің 1951-52 жылдары Үндістанның Кашмир аймағынан жазған баяндамасында да растайды; ол кезде жүздеген қазақ Совет және Қытай әскерлерінің қуғынынан қашып құтылып, сол жерді паналап, ғасырлар бойы ата-бабаларынан қалған көшпенді өмір салтын ұстанып аттың жалында, түйенің қомында өмір сүріп жатқан болатын. Кларк өз жазбалары мен суреттерінде көшпенді әйелдердің атқа мінуге, мал бағуға, ән салып, би билеуге, домбыра тартуға, ал төтенше жағдайларда қолына қару алып, басқыншылардан ауылын қорғауға қабілетті екендіктерін бейнелейді. [55]
Янушкевич көшпенді әйелдердің жауынгерлік қабілеттерін келеке етуге қанша тырысса да, қазіргі заманғы археологиялық зерттеулер оның сөздерінің жасандылығын әшкерелейді. Соңғы ондаған жылдар ішінде Еуразия даласының (Қазақстанның территориясын қоса алғанда) шетсіз-шексіз қойнауынан 300-ден астам қорымдар табылды, ондағы обалардың ішінде осыдан 2000 жыл бұрын көшпенді әйелдер өздерінің қару-жарақтарымен (садақ пен жебе, қорамса мен найза) ат-әбзелдерімен, кейде тіпті аттарымен қоса жерленген. Табылған сүйектер мен қорымдардағы зерттеу жұмыстары көшпенді қоғам әйелдерінің атқа мініп, аң аулап, соғысқа қатысқандарын айғақтап берді. [56]
Орта Азияға Ислам діні тарағаннан кейін (шаhарлардағы отырықшы халыққа қарағанда көшпенді малшыларға әсері аз болды) көшпенді әйелдер аңшылық және жауынгерлік дағдыларын жоғалтып алды деуімізге еш негіз жоқ. Археология бізді әлі айғақтармен қамтамасыз етпесе де, тарих ілімінде деректер жеткілікті. Мысалы, 17-18 ғасырлардағы қазақ пен қалмақ тайпалары арасындағы қақтығыстарды тарихи жағынан біршама шынайы суреттейтін «Қобланды батыр» жырындағы қалмақ ханшасы Қарлыға жауынгерлік өнердің бәрін меңгерген, соғысуға келгенде еш жігітке дес бермейтін қабілетімен ерекшеленеді. [57]
Одан қалса, Янушкевичтің Кенесарының бүлікші әскерінің құрамындағы әйел жауынгерлердің суреттемесіне қайшы келетін тарихи деректер де бар. Орыс әкімшілері мен қазақ зерттеушілерінің жазбаларынан Кенесарының Ресей отаршылдығына қарсы күресіндегі көтерілісшілер құрамында өзінің жеке қолы болған қас жауынгер әрі әскери қолбасшы Бопай атты қарындасы болғанын көреміз. Жамбыл Артықбаев Бопайдың әскери қолбасшылығы өте нәтижелі болды деп жазады – Янушкевичтің біздің сендіргісі келгеніндей, «баланың ойыны» емес. [58]
Янушкевич қазақ көшпелі қауымындағы әйелдердің көп функцияналды рөлін бұрмалаумен қатар, қазақтардың көшпелі мал шаруашылық жүйесінің түпнегізінде жатқан тәртіптемені де бұрмалап көрсетуге тырысады. Адамдар, үй жануарлары, малдарды иерархиялау, оның үстіне әйелдерге жануарлардан да төмен мәртебе беру арқылы Янушкевич қазақ көшпелі мал шаруашылығының ең маңызды екі қағидасын – Жеті Қазына мен Төрт түлікті былықтырып, бұрмалай көрсетеді.
Бірінші қағида бойынша, көшпелі қазақ үшін аса ардақты жеті құндылық болған: ер жігіт, ақ жаулық, ілім-білім, жүйрік ат, қыран құс, берен мылтық және құмай тазы. Бұл қағида қазақ көшпенділерінің итті де жоғары бағалағанын көрсетеді, ал Янушкевич бізді керісінше сендіргісі келеді. [59]
Екінші қағида бойынша, көшпелі қазақтың бүкіл өмірі төрт түлік малға тәуелді болған: түйе, жылқы, қой және ешкі (кейін оларға сиыр да қосылды).
Тағы бір қорытындыласақ, Янушкевичтің айтқандары шындыққа жанаспайды, болмаса, жоғарыда аталған зерттеушілердің барлығы да өтірікші болып танылуы тиіс. Ал қазақтарды сипаттауда көптеген қателіктер мен бұрмалауларға жол бергенін ескерсек, нағыз өтірікші Янушкевич болып табылады.
«ЯНУШКЕВИЧТІҢ» ЖАЗБАЛАРЫН БІРНЕШЕ АДАМ ҚҰРАСТЫРЫП ЖАЗҒАН
Дегенмен, «Янушкевич» деп 19-ғасырда Сібірге жер аударылған поляк ақсүйегін айтып отырған жоқпыз, «Янушкевич» деп совет жазушылары мен редакторларының бейесім тобын меңзеп отырмыз; оларға қазақ көшпелі тарихының советтік нұсқасын құрастыру және көшпелі қазақ ұрпақтарының ұжымдық жадында қалған төл тарихын жоюға тапсырма берілген. Мұндай мәлімдеме жасауға қандай негіз бар?
«Янушкевичтің» хаттары мен күнделік жазбаларын бірнеше адамның құрастырып жазғаны «Янушкевичтің» өз-өзіне қайшы келетін тұстарынан, мысалы, қазақ әйелдері туралы жазғандарынан анық көрінеді. «Янушкевичтің» қазақ әйелдеріне деген нәсілшілдік қомсыну сезімі оның «мегерадай жексұрын», «өлімші күнәдан да ұсқынсыз» немесе «өлермен түйедей сұрықсыз» деген қорлау сөздерінен-ақ көзге ұрып тұр. [60] Қазақтарды келемеждеуге кітаптың ондаған бетін аямаған жазушыдан басқа қандай көзқарас күтуге болады. Алайда, тағы бір хатында ол кенеттен қазақ әйелдерін Геродотқа ғана тән ақындық шабытпен сипаттайды: «Тал-тал өрілген бұрымдарын тарқата жайып, олар шетсіз-шексіз көк аспанның астында сүйріктей тұлпарларға мініп еркін шабады» деп суреттей келе, оларды «Сахараның үстінен ұшқан жебедей әсем амазондарға» теңейді. [61]
Мұны жазған жазушы мен қазақ әйелдерін «күнәдан да сұрықсыз» деп сипаттаған жазушының бір адам болуы мүмкін бе? Егер «Янушкевич» шынында да бір ғана адам болса, бұл қайшылықты түсіну өте қиын болар еді. Алайда, егер «Янушкевич» кітапты әртүрлі дереккөздерден алып құрастырған үгіт-насихатшылар тобы деп қарастырсақ, онда бұл қайшылықтарды қабылдау оңайырақ болар еді.
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ЖАҒЫМСЫЗ БЕЙНЕСІ ҚОЛДАН ЖАСАЛДЫ
Қазақ әйелдерінің жағымсыз бейнесі совет дәуірінде қолдан жасалғанына қалай сенімді боламыз? «Янушкевичтің» жатақтар мәселесінде де, Кенесары мен қазақ әйелдері туралы да өрескел қателіктер жібергеніне қарағанда, ол хаттар мен күнделік жазбаларын өзі жазбағаны анық. Сонда, оларды кім жазуы мүмкін? Тарихта «Янушкевичтен» басқа тағы кім көшпенді қазақ қауымындағы әйелдерді қаналған күң немесе езілген құл деген пікірді алға тартып еді? Әрине, тек қана совет өкіметі.
(Совет өкіметіне дейін, патшалық Ресейдің санақ экспедициясының жетекшісі Федор Щербина да қазақ әйелдері жайлы осыған өте ұқсас надан пікірлерін білдіргенді, «Янушкевичтің» атынан жазған совет жазушылары оның жазбаларын қуана-қуана көшіріп алса керек және бұл тақырыпқа келесі тарауда тоқталамыз.)
Совет өкіметінің бұл көзқарасты қасақана жалған ақпарат тарату науқанының бір бөлігі ретінде үнемі ұстанып отырғанын американдық саясаттанушы Грегори Массел 1974 жылы құжаттармен дәлелдеген болатын. Масселдің пікірінше, бұл науқан Орталық Азияның байырғы тұрғындарының наразылығынан туындады, олар совет өкіметінің саясатын қабылдауға ұзақ қарсылық танытты, себебі бұл халықтарға өздерінің дәстүрлі өмір салтын ұстануға рұқсат етілмеді. Совет өкіметі өздерінің қол астындағы әртүрлі үгіт-насихат құралдарын (кино, әдебиет, оқу құралдары, газет, радио және теледидарды) пайдалана отырып, ұлттың әйелдерін нысанаға алып, оларды көшпенді қоғамының қаналған пролетариат табы ретінде бейнелеп, әйелдерді осындай қаналу мәдениетінен «азат болуға» шақырды. [62]
Массел Янушкевичтің кітабынан еш үзінді келтірмейді және «Янушкевичтің» өзі де «эмансипация» сөзін қолданбауға тырысады (өйткені бұл оның советттік болмысын бірден білдіріп қояр еді). Дегенмен, «Янушкевичтің» кітабындағы оқырманның құлағына арналған жолдау мен совет өкіметінің жеткізгісі келген жолдауының арасында анық та толық сәйкестік бар. Сондықтан Янушкевичтің кітабын құрастыруға ат салысқан жазушылар мен редакторлар көшпелі отбасындағы қазақ әйелдерінің мәртебесіне қатысты қандай ақпаратты қолдану керектігі туралы айқын нұсқаулар алғаны да анық.
Совет өкіметінің тарихты, бұл орайда Орта Азия әйелдерінің тарихын бұрмалауға қаншалықты күш салғанын археология саласындағы әйгілі мысалға қарап жақсы түсінуге болады. 1969 жылы Янушкевичтің кітабы жарық көргеннен кейін үш жыл өткен соң, советтік Қазақстанның археологтары Есік маңынан оба (қорған) тауып алды, оның ішінен мәйіт, қару-жарақ, жүздеген алтын бұйымдар, былғары жейде, былғары шалбар және сәукелеге ұқсас конус пішінді бас киім табылды.
Мәйіт сүйектерінің ұсақтығы мен гүлдермен өрнектелген артефакт және зергерлік бұйымдардың әйел затына тиесілі екеніне, ал конустық бас киім кәдімгі сәукеле болып шыққанына қарамастан, атышулы жауынгер дереу ер адам болып жарияланды, Археологтар сүйек жас қыздікі болуы мүмкін деген болжамды неше мәрте қайталап айтып жатса да, совет өкіметі бұл болжамды мойындаудан бас тартып, табылған киім-кешек, қару-жарақтар және алтын жәдігерлерді «Есіктің Алтын Адамы» деп атап алып көрмеден көрсетуді жалғастыра берді. 1997 жылы сүйектің жынысын ДНК сараптамасы арқылы ғылыми түрде нақты анықтауға мүмкіндік туған сәтте, «Алтын Адамның» қаңқасы мұражайдан жоғалып кеткені анықталды. [63]
Есік жауынгерінің жынысына қатысты кез келген зерттеуге тыйым салу шешімі мен одан бірнеше жыл бұрынғы Янушкевичтің кітабындағы жауынгер әйелдерді келемеждеу деректері сол кездегі советтік идеологиялық науқанның нәтижелері болса керек. Екі оқиғаның да мақсаты біреу: советтік қазақ әйелдерін көшпенді ата-бабаларының қыз балаларына саяси маңызы зор, тіпті батырлықты талап ететін соғыс қимылдарына қатысуға тыйым салмағанын анық көрсететін рөль-модель, үлгіден айыру болып табылады.
Янушкевичтің көшпенді қазақ әйелдерінің бейнесіне қатысты талқылаған соңғы мәселесі – қыз баланы атастыру тақырыбына да келіп жеттік. Янушкевичтің атастыру дәстүріне есеңгірей таң қалып, одан қалса, өз отанындағы ақсүйектер ортасында да атастыру арқылы некеге отыру дәстүрінің қалыпты жағдай екендігіне еш сілтеме жасамағаны, кез келген зерттеуші үшін «Янушкевичтің» шын мәнінде басқа адам екендігіне жеткілікті дәлел болса керек.
Өзін «Янушкевич» деп атаған советтік идеолог (немесе бірнеше идеолог) бұл салттың әділетсіздігіне деген өзінің жан күйзелісін білдірумен ғана шектелмейді. Оның көздеген мақсаты – көшпенді қазақ отбасындағы атастырып, құда түсіп келін түсіру дәстүрін қазақ әйелдерінің күң екендігін дәлелдейтін дерек ретінде қолдану. Сол мақсатта, ол қазақтың қалыңмал беру салтын «қызын малға сату» әрекеті деп бұрмалайды (советтік қазақ жазушыларының әдеби шығармаларында көп кездесетін қисық пікір).
Алайда тарихи шындық мүлдем басқа: қалыңмал беру салты – көшпелі қауымдарда жиі кездесетін өзара қол ұшын беру дәстүрінің көптеген түрлерінің бірі ғана болып табылады, қалыңдықтың отбасына күйеу жігіттің отбасынан берілетін сыйлық (міндетті түрде мал емес) үйлену тойының алдында қызына лайықты жасау дайындауға да мүмкіндік береді.
Совет өкіметінің ондаған жылдар бойы жалған ақпаратпен көз байлауға тырысқанына қарамастан, біз ұжымдық жадымызда өзіміздің әжелеріміздің өмірін суреттейтін айқын көріністерді сақтап қалдық: әйелдер үй шаруасын да, дала шаруасын да өзара бөлісіп, немесе отбасындағы ер адамдармен қатар атқара берген; ақын не әнші әйелдер ерлермен бірдей құрметке ие болған; әйелдер ер адам болсын, әйел болсын, үйіне келген мейманмен еркін қарым-қатынас жасай алған; әйелдер қорғаныс саласындағы ұрыстарға да, соғыс қимылдарына да белсене қатыса алған; сайып келгенде, көптеген әйелдер, өздерінің ерлері сияқты, атастыру салтының оң жақтарын өз пайдаларына тиімді асыра білген.
Совет үгіт-насихатшылары бұл жалған ақпараттарды қандай дереккөздерге сүйеніп жазған? Қолданылған дереккөздерге жоғарыда аталған орыс санақшысы Федор Щербина мен оның қазақ әріптесі Әлихан Бөкейхановтың 1896-1899 жылдардағы Степной Край өлкесіне жасаған экспедициялары туралы есеп баяндамалары жатады.
Келесі тарауда «Янушкевичтің» кітабын жазу барысында орын алған плагиат мысалдарына жеке тоқталамыз және Совет Одағының бастапқы кезеңдерінде мемлекет тарапынан қаржыландырылған жазушыларға репрессияға ұшыраған немесе қаза тапқан ақын-жазушылардың туынды-еңбектерін емін-еркін иемденіп, пропаганда үшін пайдалануға рұқсат берген заң баптарына назар аударамыз.