×

«Кентавр» штамы Қазақстанға міндетті түрде жетеді - вирусолог

Сарапшы коронавирусқа қарсы вакцинаны алты ай сайын салдырып отыруға кеңес берді

 Наима Нұрәлі 20.07.2022 | 12:32
Леспек Құтымбетов, вирусолог

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, вирусолог-ғалым Леспек Құтымбетов вакцина салдырғандар мен індеттке шалдыққандар алты ай сайын қайта коронавирус жұқтыруы мүмкін екенін айтты.

«Омикрон өте жылдам таралды. Жарты жылда жер бетіндегі халықтың 60 пайызы ауырды. Ауырған адамдардың бәрінде вирусқа қарсы иммунитет пайда болды. Оған дейін вакцинаның көмегі тиді. Омикрон келіп, екпе арқылы қалыптасқан иммунитетті одан сайын нығайтты. Міне, осыдан кейін ғана індет басылғандай болды. Вирустың таралу қарқыны төмендеген соң, ол тар ауқымда жасырынып жатты», - деп түсіндірді ғалым.

Сарапшы коронавирус жұқтырмас үшін вакцина салдырып отыруға тура келетінін айтып отыр.

«Ауырғаннан кейін қалыптасқан иммунитет пен вакцинаның әсері алты айға ғана жетеді. Уақыт өткен соң вакцина салдырған және ауырған адам қайтадан коронавирус жұқтыра береді. Мәселен, жылына бір-екі рет тұмауратамыз. Бұл да сол сияқты. Ауырғыңыз келмесе вакцина салдырып жүруіміз қажет», - дейді маман.

Маманның айтуынша, Үндістанда тараған коронавирустың «Кентавр» штамы ертелі-кеш Қазақстанға да жететінін айтты.

«Қазір омикрон түрленіп, «Кентавр» штамы шықты. Бұл бір кездері Үндістанда таралған «делтьа» штамына ұқсас. «Кентавр» да Үндістаннан шығып отыр, бүгінде 10 мемлекетке таралып, халық ауырып жатыр. Бізге міндетті түрде келеді. Өйткені, қазір шекараның бәрі ашық. Сондықтан «келмейді» деп айту қиын. Бірқатар елде маска тағудан басталатын барлық сақтық шаралары қайтадан қолға алынып жатыр. Біз соған дайын болуымыз керек», - деді Л.Құтымбетов.

«Кентавр» деп аталатын коронавирустың жаңа түрі 2022 жылдың мамыр айында Үндістанда анықталды. Содан бері вирус оннан астам елге, соның ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Германия және Канадаға тарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама