×

Украинадағы шешендер Кадыровқа жиһад жариялады

Еуропадағы 300 мың шешен азаматы Ресей әскеріне қарсы қолдарына қару алуға дайын отыр

 Дастан Жұмабекұлы 20.07.2022 | 09:58
Фото: facebook.com

Украинада Ресей әскеріне қарсы соғысып жатқан шешендердің Ичкерия Республикасының қарулы жасақтары Шешенстанның басшысы Рамзан Кадыровқа жиһад жариялады.

Жиһад – Исламда «Алла жолында күш салу» (джихад фи сабил аллаһ) деген мағына береді. Көп жағдайда «қасиетті соғыс» деп қате аударылады.

Оның екі түрі бар: ұлы жиһад және кіші жиһад. Адамның өз бойындағы жаман қасиеттерімен күресі ұлы жиһад деп сипатталған. Ал кіші жиһад Исламды, мұсылман елді немесе қауымды оған сырттан төнген зорлық-зомбылықтан қорғауды білдіреді.

Қазір Рамзан Кадыров Ресейдің Украиндағы «Арнайы операциясын» белсенді қолдап келе жатқан өңір басшысы. Ол Шешен Республикасының басшы болмай тұрғанда шешен халқының тәуелсіздігі үшін Ресеймен соғысқан. Әкесі Ахмат Кадыровпен бірге Ресейге жиһад жариялаған сепаратистік топ жетекшілерінің бірі болған. Ахмат Кадыров Шешенстанның тұңғыш президенті болды. Сол кезде Рамзан құқық қорғау органдарында қызмет етті.

2004 жылы 9 мамырда әкесі қастандықтың құрбаны болған кезде Рамзан 28 жаста болатын. Бұл кезде елдің Конституциясы бойынша президенттікке үміткердің жасы 30-дан кем болмауы тиіс еді. Рамзан Путинге өтініш жазып, Конституцияны өзгертуді сұрады. Путин келісімін бергеннен кейін кіші Кадыров әуелі Шешенстан Үкіметінің жетекшісі болды. 2007 жылы президенттік таққа отырды. Осы кезден бастап Рамзан үшін Путиннен жақсы адам жоқ, Ресейден артық ешкім жоқ. 

Осы күндері Рамзан Кадыров Украинадағы соғысты жан-тәнімен қолдап отыр. Ол журналистерге сұхбат берсе, Ресей әскерінің Украинаны басып алу керектігін жалықпай айтумен келеді. Қазір Украинада Шешенстанның «Ахмат» батальоны соғысып жатыр. Ал Ичкерия Шешен Республикасының шетелдегі үкімет басшысы Ахмед Закаевтың айтуынша, Еуропада қазір 300 мың шешен азаматы бар. Олар Украинада соғысып жатқан отандастарымен бірге Ресей әскеріне қарсы қолдарына қару алуға дайын отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама