Қателікке жол берген прокурорлар мен соттар жауапкершілікке тартылуы керек - Абзал Құспан Матаевтар туралы

Ая Өміртай

Осы кезге дейін жауапкершілікке тартылған тергеуші, прокурор, судьялар өте аз болды

Коллаж: Halyq Uni

Бүгін Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевты толық ақтап шығарды. Судья заңсыз сотталған белгілі журналистер Сейтқазы және Әсет Матаевтардан мемлекет атынан кешірім сұрай отырып, қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалдың өтемін алуға құқылы екенін айтты.

Осы орайда Halyq Uni тілшісі заңгер, құқық қорғаушы Абзал Құспанға хабарласып, қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіру тәртібін сұрап білді.

Заңгердің айтуынша, моральдық және материалдық зиянды өтеу азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі және ақшалай өндіріледі.

«Бас бостандығынан айырылған жылдары алынбай қалған пайдасы мен басқа да игіліктері толық ескеріледі. Шығынды біз екі түрге бөліп қарастырамыз.

Моральдық шығын сомасын залал шеккен адам өзі ғана қоя алады. Құны шектелмеген. Бірақ сот ақылға сыйымды көлемге азайта алады. Ал материалдық шығынды өтеу үшін нақты жоғалтқан табысын құжат түрінде дәлелдей отырып, азаматтық сотқа арыз береді», - дейді Абзал Құспан.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен келтiрiлген зиян заңда белгiленген тәртiппен өтеледі. Сондай-ақ, ақшалай шығын оны келтiрушiнiң кiнәсiне қарамастан мемлекеттiк қазынаның есебінен өндіріледі.

«Бір өкініштісі, заңсыз қылмыстық іс қозғаған тергеушілер, прокурорлар жауапқа тартылмайды. Ең әуелі бюджетке салмақ түседі. Сотта Қаржы министрлігі мен Әділет министрлігі жауапкер болады. Қазынашылық органдары мен әділет органдарында жыл сайын істердің белгілі бір пайызы ақталып кетуін ескеріп, бюджеттен ақша қарастырылады», - деген заңгер шешім шығарған сот пен прокурордың атқарып отырған қызметіне сәйкестігі мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, істі қарау кезінде заңдылықты бұзуға жол берген сот пен прокуратура органдары өкілдерінің жауапқа тартылуы сирек. Сондықтан, кәсіби біліктілігі күмән туғызатын судья мен мен прокурордың кәсіби жарамдылығын айқындау мәселесі қаралуы тиіс.

Бірден айта кетейін, қазір елімізде билік шын мәнінде ауысып жатыр. «Жаңа Қазақстанның ұстанымы – әділетті Қазақстан болу» деп Тоқаевтың өзі айтты. Осы кезге дейін жауапкершілікке тартылған тергеуші, прокурор, судьялар өте аз болды. Менің жеке пікірім, дәл осы Матаевтар ісіне қатысты тергеу, прокурор, сот кәсіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс және қызметке жарамсыздық туралы мәселе қаралуы керек. Өйткені бұл басқа судьяларға сабақ болуы қажет, - дейді Абзал Құспан.

Ал жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби жарамдылығын айқындау туралы материалдар сот жюриіне түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралуға тиіс.

Айта кетелік, 2016 жылы сот отырысында прокурор Ержан Құрақбаев Қазақстан Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаевты жалпы режимдегі колонияда 6 жыл 8 айға, ұлы Әсетті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

2016 жылдың 22 ақпанында Матаевтар жауап алу үшін мәжбүрлі түрде ұсталды.

Сот үкімі бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне – 169 миллион теңге, «Қазақтелеком» компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Сейітқазы Матаев соттағы соңғы сөзінде «Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы, ҚазТАГ ақпарат агенттігіне тексеру арқылы қысым жасаған адамдар» ретінде Нұрлан Нығматуллин мен Талғат Татубаевты да атаған еді.