АҚШ-та Ресей халықтарының тәуелсіздігі үшін митинг болады
Бурятиядан шыққан белсенділер АҚШ президенті Джо Байденнен өз республикаларының Ресейден бөлініп шығуға көмектесуді сұрады.
Бұл туралы «Idel.Реалии» порталы хабарлады.
«Еркін Ұлттар лигасына біріккен «Мәскеу құлдыққа салған халықтардың» өкілдері АҚШ президенті Джо Байденге үндеу жариялады. Бурятиядан, Мордвадан және Татарстаннан шыққан белсенділер Америка президентінен өздерін өздері тәуелсіз ел деп жариялауға көмек көрсетуді сұрады», – делінген хабарламада.
Белсенділердің ашық хаттары АҚШ-та 1959 жылдан бері өтіп келе жатқан құлдыққа түскен халықтар апталығының кезекті мәрте өтуі кезінде жарияланды. Бурятия өкілі Раджана Дугар-деПонте, татар Иршат Хаби және фин-угор халықтарының өкілі – эрзя Виталий Ромашкин Вашингтонда өз халықтарының туларын көтеріп келіп, акция өткізді.
«Маған, бурят қызына, Кремльдің өзінің қылмысты мақсаттары – жаңа территорияларды басып алу арқылы империя шекарасын кеңейту үшін бурят халқын пайдаланып жатқаны жаныма қатты батады. Қазір Мәскеу бурят селоларындағы жігіттерге тек соғыс қана ұсына алады. Олар орыстардың кезекті басқыншылық соғысында оққа қарсы төселген етке айналып жатыр. Мен Бурятия мен оның халқына мұндай болашақты тілемеймін», – деді Раджана Дугар-деПонте.
Ол Ресей халықтарының түрме мен соғыстан басқа таңдауы қалмағанын айтты.
«Біз өз халықтарымыздың Ресейдің құрамында ешқандай болашағы жоқ екенін көріп отырмыз, біздің Кремльдің қылмысты соғысына қатысқымыз келмейді», – деді Ромашкин.
20 шілде күні Еркін Ұлттар Лигасы баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отыр. Оған буряттар, татарлар, ингерманландттар, казактар, қалмақтар және эрзялар қатысады. Белсенділер Америка қалаларында митингілер өткізіп, өздерінің Ресей құрамынан бөлініп шығуға құқықтары бар екеніне мәлімдеме жасайды.