Алакөлдегі өрттің себебі анықталды

Дастан Жұмабекұлы

17 ғимараттың өртенуіне үйлердің тығыз орналасуы себеп болған

фото: видеодан кадр

Алакөлде болған өрттің себебі анықталды.  Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитри Титовтың айтуынша, Алакөлдегі 17 ғимараттың өртенуіне үйлердің тығыз орналасуы себеп болған. Оның үстіне жалынның тез таралуына жел мен құрғақ ауа райы ықпал еткен.

Бұл үйлер ағаштан жасалғандықтан жалынның тез тарауына ықпал етті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта жетті. Кейін жақын жердегі өрт сөндіру бөлімшелерінен қосымша күштер мен құралдар жеткізілді. Тіпті жергілікті атқарушы органдар да жұмылдырылды.

Оның айтуынша, қазір өрттің мән-жайы әлі де егжей-тегжейлі тексеріліп, полиция қызметкерлері Алакөлдегі жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаған. Барлық қажетті тергеу шаралары болып жатыр. Өртке кінәлі адам анықталса, оған материалдық залалды қалпына келтіру міндеті жүктеледі.

Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтың айтуынша, жыл сайын елімізде 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Биыл да жағдай оңып тұрған жоқ. Қазгидрометтің болжамы бойынша үшінші тоқсанда ауа температурасы орташа +30ºС-қа дейін жетеді. Ал еліміздің оңтүстік, шығыс және батыс бөліктерінде құрғақшылық пен жауын-шашын тапшылығымен ауа температурасы +40ºС-қа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Осының бәрі ормандағы өрт қаупін едәуір арттырады.