Себебі әр аймақтың өзіндік потенциалы бар
Кез келген инвестор үшін саяси-экономикалық тұрақтылықтың болуы басты шарт. Қазақстандағы соңғы жағдайлар шетелдік компанияларды, инвесторларды алаңдатты. Бұл туралы Halyq uni тілшісіне «Қазақ Инвест» компаниясының Қатар мемлекетіндегі өкілі Едіге Қожахмет айтты.
Өзім іссапар мен жұмыс ретіне байланысты соңғы айларда тұрып жатқан Қатар мемлекетінің бірқатар компаниясы Қазақстанға инвестиция салуға басымдық танытып келеді. Біраз жобалар бойынша келіссөздер жүргізіп, алғашқы келісім шарттарға қол қойып та үлгерді. Соңғы жағдайларға қатысты алаңдаушылық бар. Дегенмен болып жатқан өзгерістердің жобаларға оң әсері болатынын болжап отырғандар да жоқ емес, - деді спикер.
Оның пікірінше, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің уақытылы ақпарат таратып, инвесторлармен диалогты жалғастырып жатқаны жақсы септігін тигізген.
Еске салсақ, Президент мемлекеттің инвесторлар алдындағы барлық міндеттемесі мен кепілдігі толық көлемде орындалатынын айтқан болатын.
Белгілі бір уақытқа әліптің артын күткісі келгенмен, Қазақстан бағытындағы жұмыстарды тоқтатпайтынына сенімділік бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге қатысты жобалардың экономикалық потенциалы жоғары-ақ. Ал Еуроодақтың санкцияға қатысты кейбір әрекетінің бұл жобаларға кері әсері тие қоймайды. Себебі бұл өнімдердің нарығы - көрші елдер. Әсіресе, Қытай нарығы көпшілікті қызықтырады, – деп қосты ол.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы үкіметке кедендегі былықтарды да жоюды тапсырды. Кеденге қатысты реформалар мен күтілетін оң өзгерістер қызығушылықты арттыра түсері сөзсіз.
Қазақстан тиісті заңнамалық негіздеме, салыққа қатысты қолайлықтар мен инвесторларды қорғауға бағытталған шаралар сияқты ауқымды әрі жүйелі жұмысты істеді.
Алайда бұл жұмыстардың басы қасында көбіне мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компаниялар ғана жүріп, солардың жобаларына басымдық танытылады. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағы - жаңа елге инвестиция салғысы келетін ірі компаниялар алғашқы кезде мемлекеттік кепілдік берілетін жобаларды қарастырары белгілі. Ал жаман жағы - ұлттық компаниялардың ұсынатын жобалары экономикалық тиімділік жағынан, қаржылық модель тұрғысынан үнемі ұтымды бола бермейді. Бұған коррупциялық фактор да көп әсер етеді. Сондықтан жобаның құны әлдеқайда жоғары болады. Бұл келіссөздердің жақсы басталып, сиырқұймышақталып, созылып кетуіне әсер етеді, - дейді Едіге Қожахмет.
Оның ойынша, кез келген жеке инвестор жобаны қарастырғанда, ол бизнестің өзіне емес, ұсынушы адамдарға, яғни серіктестерге ақша салады. Сондықтан бұл ретте жобаны ұсынушы компанияның басшылығы мен командасы маңызды рөл атқарады. Алайда мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларда бұл фактор ескеріле бермейді.
Себебі басшылық та, команда да ертең ауысып кетуі ықтимал екенін инвесторлар да жақсы біледі. Ал жеке компаниялар уақытша конъюнктура тұрғысынан емес, жобаны соңына дейін жеткізіп, пайда табу мақсатымен тиімділікке ден қояды. Инвесторларға керегі де сол. Осы бағытта жасалатын жұмыстарға ден қойылуы тиіс-ақ. Қазақ кәсіпкерлері осы тұрғыда белсенділік танытып, шетелдік әріптестермен, серіктестіктермен байланыс құруға батылдау болғаны абзал. Қазақстандағы өзгерістер осы жағынан жақсы серпін береді деп есептеймін, - деді ол.
Бұдан бөлек, спикер еліміздің әр өңірінің әлеуетін ескеріп, аймақаралық инвестицияны дамытуға назар аудару қажеттігін атап өтті.
Инвестиция дегенде көбінің ойына шетелдік компаниялар келеді. Алайда Қазақстан сияқты ірі мемлекетте - аймақаралық инвестицияға ерекше көңіл бөлінсе деп ойлаймын. Себебі әр аймақтың өзіндік потенциалы бар. Сол потенциалға сай сауатты жобаларды өзге аймақтың бизнес өкілдеріне ұсыну жұмыстары кенже қалып қояды. Мысалы, Алматы облысы жобаларына Маңғыстау инвесторлары, Маңғыстау жобаларына Түркістанның бизнес өкілдері қызығушылық таныта алады. Бір емес, бірнеше тарап қатысатын жобаларға шетелдік инвесторлардың сенімі де көбірек болады. Себебі сенім факторы деген бар, - деп қосты экономист.
Оның пікірінше, жобаға ұсынушымен қатар, өзге де жергілікті инвесторлардың қызығушылық танытқаны шетелдіктерге де сенім ұялатады. Ал оған елдегі KIDF (Қазақстандық Инвестицины Дамыту Қоры) сияқты құрылымның 49%-ға дейін акционерлік капиталға ақша сала алатын құрылымдары қосылғанда - жобаның деңгейі тіпті де арта түседі.
Қорыта айтқанда, елдегі жағдайлар сыртқы инвесторларды қысқа мерзімде алаңдатқанымен, ұзақ мерзімді стратегия үшін оң өзгерістерге деген сенімін арттырады деген ойдамын, - деп сөзін түйіндеді экономист Едіге Қожахмет.