Қаңтарда қару ұрлады деп айыпталған Әлібек Иманбеков 6 жылға сотталды
Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлады деп айыпталып, 11 шілдеде 6 жылға сотталған Әлібек Иманбековтың жұбайы Баян Сапарбек тергеуде шикіліктер барын, соттың әділетсіз үкім шығарғанын айтады.
«БІР ЖАРЫМ АЙ КҮЙЕУІМНІҢ НЕ ӨЛІ, НЕ ТІРІ ЕКЕНІН БІЛМЕДІМ»
- Мен бір жарым ай бойы күйеуіме қоғамдық қорғаушы болу мәртебесін ала алмай жүрдім. Тергеуші Ескендір Байсерік артынан жүгірткізді, жалындырды, «ерегескенде бұл қаулыны сізге бермеймін» деді. Жолдасыммен кездесе алмадым. Не өлі, не тірі екенін білмедім. Бір жарым айдан кейін ғана прокуратураға арыз жазып жүріп әрең дегенде қаулыны алдым. Негізі тергеп-тексеру амалдарын тез өткізіп жіберді. 25 қаңтарда сот басталып кетті. Осыған дейін 5-6 рет онлайн сот отырыстары өтті. Бірақ біз онымен келіспейтінімізді айттық. Қалалық прокуратураға, Алмалы аудандық сотына арыз жаздық. Істі қайта тергеуге жіберуді сұрадық. Себебі алғашқы «показаниелер» қысыммен, қорқыту, ұрып-соғумен алынған. Күйеуімен тергеуші Ескендір Байсерік «біз қалай айтамыз, солай жазып, қол қойып бересің. Егер оған келіспесең, іс, мылтық барлығы біздің қолымызда тұр. Қазір мылтықпен атамыз да, сенің қолыңа ұстата саламыз. Сосын сені террорист деп жариялаймыз. Саған бұдан да ауыр қылмысты мойыныңа ілеміз» деген. Осыдан кейін күйеуім ешнәрсеге қарамай қол қоя берген..., - дейді Сапарбек.
«ТЕРГЕУШІНІҢ ҚАНДАЙ ЖАЗА АЛҒАНЫН БІЛМЕЙМІЗ»
Баян Сапарбектің сөзінше, күйеуіне қысым көрсеткен тергеуші әлі жұмыс істеп жүр. Оның қандай жаза алғанын білмейді.
- Күйеуіме тағып отырған айып өте ауыр болып тұр. Қылмыстық кодекстің 291-бабының 3-тармағы 4-бөлігімен айыптап отыр. Бұл - «қару-жарақты топ болып тонау». Біз оны 287-бапқа, яғни «қару-жарақты алу, тасымалдау және сақтау» бабына ауыстыруды сұрадық, арыз жаздық, сотта да айттық... Істі қайта тергеуге жіберді. Бірақ тергеушіні ауыстырған жоқ. Біз оны да ауыстыруды сұрағанбыз. Бұрынғы тергеушімен әділ тергеу жүрмейтіні айдан анық еді. Бірақ олар бізге «тергеуші өзіне тиісті жазасын алды» деген ғана жауап келді. Оның қандай жаза алғанын білмейміз. Әйтеуір сол Ескендір Байсерік деген тергеушіні қайтадан тағайындаған. Алты айда елордадағы Бас прокуратураға барып та көмек сұрадым. Бірақ осының барлығына қарамастан ешқандай әділдік болған жоқ. Оған толық көзім жетті..., - дейді Сапарбек.
ТЕРГЕУДЕГІ ШИКІЛІКТЕР
Баян Сапарбек істе шикілктер өте көп дейді. Оның айтуынша, судьяның өзі кейбір өтінішіне салғырт қараған.
- Істің әу бастағы шикілігі - күйеуімді 11 қаңтарда ұстағаны. Бірақ тергеуші Ескендір Байсерік оны 12 қаңтар кешкі сағат 21:40-та ұстадық деп отыр. Бірақ тергеуші азаматтардың мәліметін алатын базаға 12-і күні түсте сұрау жіберген. Олар осылайша өз айтқанына өздері қарсы шықты. Мен Ескендір Байсеріктен сотта осы жөнінде сұрағанымда ол маған «техникалық қателіктер кетуі мүмкін» деп толық жауап бермеді. Бұдан бөлек, сотта да, былай да арыз жазып, ұсталған күні күйеуім мен қасында ұсталған үш досының қайда болғанын анықтау үшін телефондарына биллинг жасауды сұрадым. Олар өтінішімді қанағаттандырды. Бірақ биллинг жасалған жоқ. Судьядан сұрағанымда «абонеттік компанияларға сұраныс жібердік. Бірақ олардан әлі жауап келген жоқ» деп салғырт жауап берді...Істе олар қару-жарақты шаштараздың ішінен тауып алдық деп көрсеткен. Сот отырысында мен жұбайымның досы Айдос Шалғымбаевтан «сізді ұстағанда мылтықтарды қайдан тауып алдық деп айтты?» деп сұрақ қойдым. Ол «маған оперлер телефондарынан фото көрсетті. Мылтықтарды көрші ғимараттың жертөлесінен тауып алғанын айтты» деді. Оқиға болған жер жөніндегі хаттамада олар мылтықтарды шаштараздан табылды деп көрсеткен... Тергеуші Ескендір Байсерік сот үкімі шықпай тұрып маған «жүз пайыз кепілдік беремін, оны соттайды, оған кепілдік беремін. Сіз Алмалы аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің үстінен арыз жазып отырсыздар. Ертең сіздердің істеріңіз солардың қолында болады. Ертең оны (Әлібек Иманбековты – ред) шартты жазамен босатқан күннің өзінде оны қоқыс шығаруға шыққан кезде ұстап алып қамап қояды. Сіздер оларды өздеріңізге қарсы қойып отырсыздар» деді. Сөздерінің бәрінен олардың мені жазған арызымнан бас тартуға көндіргісі келгені көрініп тұрды, - дейді Сапарбек.
«МЕНЕН ӨЗГЕ 20 ОТБАСЫ ЗАР ИЛЕП ОТЫР»
- Мен істі бұлай қалдыра алмаймын. 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіремін. Қазір соған дайындалып жатырмын. Бүгін Алматы қаласының әкімдігіне барып дөңгелек үстел ұйымдастырып беруін өтіндім. Ондағы мақсат істе шикіліктер өте көп, соны осы іске қатысы бар Алмалы аудандық прокуратура қызметкерлері, осы іске қатысы бар поркурор Қанапяновты, Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, тергеуші Ескендір Байсерік және балистикалық сараптама жасаған адамдар мен қоғам белсенділерді, журналистердің қатысуымен талқылау. Дәл осындай 291-баптың 3-тармағының 4-бөлігі бойынша айыпталған адамдарға Талдықорғанда шартты жаза берген. Ал Алматыда менің күйеуімді алты жылға соттады. Бұл менің басымнан ғана өтіп жатқан жоқ. Қазір шамамен алғанда 20 отбасы зар илеп жылап отыр. Бір Қазақстанда тұрып жатырмыз, заң барлығымызға ортақ емес пе? Міне осыны салыстыра отырып қарауын сұраймын. Қалалық сотқа шағымданамын. Осылардың барлығынан өткен соң Жоғарғы сотқа барамын, - дейді Сапарбек.
Жазып алған: Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы