×

Елімізге ресейліктер білім алуға да көптеп келе жатыр

Ресейде оқып жатқан отандастарымыз да қайтып келуі мүмкін

 Дастан Жұмабекұлы 13.07.2022 | 17:01
фото: etu.ru

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанға Ресей азаматтарының көптеп келетінін жасырмады. Сондай-ақ ол Ресейдің жоғары және орта оқу орындарында оқып жатқан отандастарымыздың да қайтып елге оралатынын айтты.

Біз ол жақтан оқуын жалғастырғысы келетін отандастарымызды да күтіп отырмыз. Осында келіп, білім алу мүмкіндіктерін іздестіретін Қазақстан азаматтары да, өзге елдердің азаматтары да көп болады. Бірінші кезекте бұл Ресейдің 11 сәуірден бастап Болон процесі ұйымына мүшелігін тоқтатуымен байланысты. Ал біздің ел 1 сәуірде ғана осы ұйымның тең төрағалығын қабылдаған болатын. 5-6 қазанда Нұр-Сұлтанда үлкен конференция болады. Министр ретінде мен Болон процесі ұйымының тең төрағасы болып есептелемін. Сондықтан да осындай болжамымыз бар. Бірақ әзірге үлкен ағын көріп отырған жоқпыз. Тыныш қана дайындала береміз, – деді министр.

Дегенмен, ҚазАқпараттың хабарлауынша, ол Ресей Федерациясынан Қазақстанда жоғары білім алуға өтініш білдірген талапкерлер туралы мәліметті айтпады.

Әзірге ондай дерек әзірге жоқ. Бірақ біз кез келген жағдайға дайындалып жатырмыз. Ресейде оқып жүрген азаматтарымыз да қайтып келуі мүмкін, – деді Саясат Нұрбек.

11 сәуірде Ресей Болон процесі ұйымынан шыққан соң РФ-ның жоғары оқу орындарында оқыған азаматтардың дипломдары жарамсыз деп танылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама