Бала алдымен шет тілін емес, ана тілін білуі керек – Асхат Аймағамбетов
Оқу жылынан бастап 1-сыныптың оқушылары тек қазақ тілінде әліппені оқып, жазып үйренеді
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Хабар 24» арнасындағы «Сұхбат» бағдарламасына берген сұхбатында мектептердегі үш тілді оқыту жүйесіне неліктен өзгеріс енгізілгенін түсіндірді.
Ол оқушылардың бірнеше тілді меңгергені дұрыс екенін, алайда тіл үйрену мен дидактикалық мәселені шатастырмау керектігін айтты.
Асхат Аймағамбетов балалардың 6 жастан бастап 1-сыныпқа баратынын атап өтті.
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», дейді. Қазақстандықтар болашаққа ұмтылған ұлт болғандықтан, біз тек қана қазақ тілін емес, орыс пен ағылшын тілдерін де білуміз керек. Қанша тіл білсең, мүмкіндіктер де соншалықты көбейеді. Сондықтан біз үшін балалардың мектепте бірнеше тілді меңгергені маңызды. Бірақ бұл мәселе мен дидактикалық мәселені шатастырмау керек. Қазір балалар 6 жастан бастап 1-сыныпқа келеді. Алайда 1-сыныпта бірден үш тілде оқу балаға өте қиын, – деді министр.
Осы ретте, ол баланың алдымен шет тілін емес, ана тілін білуі керектігін ескертті.
Бұл біздің ғана субъективті пікіріміз емес. Бала шет тілін үйрену үшін өз ана тілін білуі керек. Өз тілінде оқып, жазып үйренген соң, әрі қарай өзге тілдерді үйренуі оңай болады. Сондықтан мұның ешқандай астары жоқ. Нақты ғылыми негіздеме, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, келесі оқу жылынан бастап 1-сыныптың оқушылары тек қазақ тілінде әліппені оқып, жазып үйренеді. Ал орыс тілі 2-сыныпта, ағылшын тілі 3-сыныпта қосылады.
Орыс сыныбының оқушылары 1-сыныпта орыс тілімен қатар қазақ тілін де оқиды. Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл біздің ағылшын тілінен алшақтауымызды, ағылшын тілін мүлде оқымаймыз дегенді білдірмейді. Үшінші сыныпта өтетін ағылшын тілінің сағатын көбейтіп жатырмыз. Сонымен қатар оқыту әдіснамасы да өзгертілуде, – деді министр.
Сөз соңында Аймағамбетов қазақ балаларының әуелі ана тілін білу керектігін тағы да ескертті.